Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапары – дипломатия мен инвестицияны ұштастырудың маңызы неде

26


Munarmedia.kz 22.09.2025 /Астана/Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Нью-Йорк қаласына келді. Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80 жылдық мерейтойына арналған сессиясына қатысып, жалпы пікірсайыстарда сөз сөйлейді. Сапар аясында әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдар жетекшілерімен келіссөздер өткізу және трансұлттық корпорациялар өкілдерімен инвестициялық жобаларды талқылау жоспарланған.

Уран саласы – стратегиялық әріптестікке негіз

Сапар аясындағы алғашқы кездесу Канададағы Cameco компаниясының бас директоры Тим Гитцельмен өтті. Тараптар уран саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Президент Тоқаев Қазақстанның жаңа энергетикалық кезеңге аяқ басқанын және үш ядролық электр станциясын салу жоспарын жариялады. Cameco – «Қазатомөнеркәсіптің» 25 жылдан бергі сенімді серіктесі. Компания 500 млн АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, Түркістан облысындағы «Инкай» жобасын іске асырып келеді.

Цифрлық трансформация және жасанды интеллект

Goldman Sachs Global Institute президенті Джаред Коэнмен кездесу барысында Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жоспарлары талқыланды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрлық қаржы салаларындағы банктің тәжірибесіне қызығушылық танытты. Өз кезегінде Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform платформасының мүмкіндіктері туралы баяндады.

Білім беру саласындағы серіктестік

Educational Testing Service (ETS) ұйымының басшылығымен кездесу барысында білім сапасын бағалаудың заманауи әдістерін енгізу мәселелері қаралды. Жыл сайын әлем бойынша 50 миллионнан астам тест өткізетін ETS тәжірибесі Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізілуі мүмкін.

Мәдени дипломатияға ерекше назар

Сапар барысында мәдени ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Президент Тоқаев Смитсон институтының өкілдерімен кездесіп, АҚШ-та қазақ мәдениетін насихаттауға және халықтың дәстүрі мен рухани өмірін зерттеуге бағытталған бірлескен жобаларға алғысын білдірді.

Boeing және «Самұрық-Қазына» қорының келіссөздері

Сапармен қатарлас, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Boeing компаниясы басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында бірқатар жаңа жобалар талқыланды. Атап айтқанда, Air Astana компаниясына үш Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын жеткізу және 2026 жылдан бастап VietJet Qazaqstan компаниясының 737 MAX ұшақтарын пайдалану жоспарлары сөз болды.