Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Ұлттық қор келешегі: қаржы азая ма, көбейе ме

37

Жыл сайын Үкімет мемлекеттік бюджетте тапшылық сезілгенде Ұлттық қордан қосымша қаржы алатынын білеміз. Дегенмен қазір ел билігі осы үрдісті тоқтатуға тырысып, бюджет шығындарын азайту мәселесін алдағы жоспар ретінде қарастырып отыр. Осы тұста «Ұлттық қор не үшін соншалықты маңызды және Үкімет неге қордан ақша алады?» деген сауалдар туады. Kazinform тілшісі көптің көкейінде жатқан тақырыпты талдап көрді.

Қор не үшін құрылды және қанша қаржы сақтаулы?

Ұлттық қорды құрудағы әуелдегі басты мақсат – келешек ұрпақ үшін мол жинақ қалдыру. Бұл бізде ғана емес, әлем елдерінде қалыптасқан үрдіс. Алайда ең бастысынан өзге де бір мақсат бар. Жаһандағы шикізат нарығы құбылып, ел экономикасына салмақ түскен кезеңдерде жайсыз құбылысты реттеу үшін де қор қаржысы пайдаланылады. Бір сөзбен айтқанда, екі тетіктің біріншісі, ұрпақ қамына, екіншісі, тұрақтандыруға бағытталған.

Қазақстанның ұлттық қоры ХХІ ғасырдың басында, тура 2000 жылы құрылды. Сол жылдың соңында 1,24 млрд доллар жинақталыпты. 2010 жылы қаржы 30 млрд доллар төңірегіне жуықтады. Арада 13 жыл өткенде, 2023 жылдың қорытындысында қорда 65,7 млрд долларға жетті. Әйтсе де бұл ел тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш емес, 2014 жылдың тамызында Ұлттық қорда 77,2 млрд доллар болған. Осынша межеде тұрған қаржы көлемі неліктен азайды?

Ұлттық қор
Инфографика: Kazinform

Кестеден көріп отырғандай, 2014 жылдан 2018 жылға дейінгі 4 жыл аралықта қор 19 млрд долларға жуық минусқа кеткен. Ал одан кейінгі 5 жылдай уақытта 7,4 млрд долларға артыпты. Енді жекелеген себептерге тоқталайық.

Бірінші себеп – сыртқы фактор

Жоғарыда Ұлттық қорды пайдаланудың екі тетігінің бірі – тұрақтандыру жөнінде бекер айтпадық. Яғни, Үкімет бюджетте тапшылық болып жатқанда қордан қаржы тарта алады. Мәселен, былтыр мұнай пайдасынан қорға 4,56 трлн теңге түскен, дегенмен 4,1 трлн теңге бюджетке алынды. Сонда түсім плюс 460 млрд теңгені құрайды. 2018 жылғы 600 млрд теңге өсімді айтпағанда, 2015-2021 жылдары Ұлттық қор 800 млрд-3,3 трлн теңге арасында минусқа ұшырап отырды. Оның өзіндік себебі бар. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, Ұлттық қордың азаюына ықпал еткен факторлар дәл сол қаржы молайған 2014-2015 жылдары басталған.

– 2014 жылы Ұлттық қордағы қаржының көлемі 77 млрд доллардан асқаны рас. Одан кейін қаржы көлемі азая берді. Бұған ішкі және сыртқы бірнеше фактор себеп болды. Сыртқы факторды айтар болсақ, біз 2014-2015 жылдардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болдық. Осы одаққа кірмей тұрған уақытта Қазақстандағы тауардың бағалары көрші Ресеймен салыстырғанда 30-50 пайызға арзан болып тұрды. Одаққа кіре сала Қазақстан нарығына ресейлік тауарлар жаппай енді. Жұмыс күші ағылды, бизнесі кірді, капиталы араласты. Осылайша, біздегі өмір сүру қымбаттай бастады, ал Ресей сол қалпында қалды. Аталған үдеріске ілескен соң Қазақстанның әлеуметтік саласы қиын жағдайға түсті. Ақыры бюджет шығындарының өсуіне әкеліп соқтырды, – дейді сарапшы.

Екінші себеп – әлеуметтік фактор

Әлеуметтік саланың шайқалуынан кейін елде экономикалық өсім жағы бәсеңдейтіні даусыз. Әсіресе, 2015-2021 жыл арасындағы экономикалық көрсеткіштер нашар, бұған қоса беріге дейін коронавирус пандемиясының салдарынан әлеуметтік шығындар артып келді. Демек, Ұлттық қор да өспеді деген сөз. Үкімет шығындары көбейіп, кіріс жабылмағаннан кейін Ұлттық қорды пайдалану процесі артты.

Атаулы әлеуметтік көмек: кімдер алады және қалай тағайындалады
Фото: Kazinform

 

Мысалы, қазір мемлекеттік бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұған дейін мұғалімдер мен медицина саласы мамандарының жалақысы екі есеге өсірілді, әскери қызметшілер мен құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің табысы қосымша арттырылды. Осының бәрі айналып келгенде бюджетке салмақ. Яғни, бюджет қызметкерлерінің табысының көбеюіне Ұлттық қордың әсері болды.

Үшінші себеп – мұнай бағасының төмендеуі

Бір жағынан Үкіметтің Ұлттық қорға иек арта беруі мұнай бағасына да байланысты. Өйткені еліміз негізгі табысты шикізат экспортынан табады. 2014 жылы қордағы көрсеткіш неліктен жоғары болды? Қайырбек Арыстанбековтің сөзінше, бұған мұнай бағасы тікелей әсер етті. 2014 жылдың қорытындысында, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 долларға дейін сатылды. Ал 2015 жылдан бастап баға құлдырады. Тіпті, 2016 жылдары барреліне 30 долларға дейін түскені бар. Қазіргі құн 70 доллар шегінде тұр. Егер мұнай бағасы осыдан тура он жыл бұрынғыдай барреліне 100 доллар болса, бюджетке Ұлттық қордан қаражат алу түбегейлі тыйылар еді.

Айтпақшы, заңнамалық тұрғыдан келгенде Ұлттық қорды пайдаланудың бірінші тетігі, болашақ ұрпақтың мүддесі екені белгілі. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы – соның іске асып жатқанын көрсетеді. Қазір қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына аударылады.

Почему баррель нефти пока не реагирует на конфликт на Ближнем Востоке
Фото: Kazinform / Freepik / Midjourney

Салық жеңілдіктері мен көлеңкелі экономика салдары

Биылғы Жолдауда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексін жетілдіру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұл бекер емес, мәселен, мемлекеттік бюджеттің толықпай, Ұлттық қордың көбеймеуіне кейбір негізсіз жеңілдіктер әсер еткенге ұқсайды. Экономист Қайырбек Арыстанбеков көптеген жеңілдіктерді түбегейлі алып тастау қажет екенін алға тартты.

– Егер Ұлттық қордан қаржы алмаймыз десек, оның екі жолы бар. Салық кодексінде 280-нен астам жеңілдіктер мен босатулар тізімі тұр. Соның 70 пайызын алып тастайтын болса, бюджетке қосымша 3 трлн теңгеден аса қаржы келуі мүмкін. Екіншіден, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде көлеңкелі экономиканың үлесі 18 пайызды құрайды. Үкімет сонымен тиімді күрессе, бюджетке қосымша 4 трлн теңге түсіруге болады, – дейді ол.

Экономикалық саясат институты директорының сөзінше, қалай алғанда да алдағы уақытта Ұлттық қордың көбейеріне сенім бар. Бірақ Үкімет Салық кодексіне реформа жасап, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартқаны абзал. Негізі ең қарапайым жолы – Президент нұсқағандай мемлекеттік бюджеттің шығындарын мейлінше қысқарту.