Ұлыларға тағзым кішіліктің белгісі

74

Астана, 02.05.2026 — «Munarmedia.kz» Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Байтақ жасылдар партиясы төрағасы Азаматхан Әміртаев Ақмола облысына арнайы барып, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің рухына тағзым етті.


Іс-шара Ақмола облысы, Аршалы ауданына қарасты Елтоқ ауылдық округінде өтті. Мұнда партия төрағасы Тәшеневке арналған ескерткіш тасқа барып, құран бағыштатып, зиярат жасады.

Аталған ескерткішті жергілікті белсенді азаматтар екі жыл бұрын өз қаражаттары есебінен тұрғызған. Тарихи деректерге сүйенсек, Аршалы өңіріндегі Танакөл ауылында дүниеге келген Жұмабек Тәшенев елдің солтүстігіндегі бес облыстың аумақтық тұтастығын сақтап қалуда батылдық танытқан тұлға ретінде белгілі.


Зиярат барысында Азаматхан Әміртаев ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызын атап өтті.

«Мемлекеттің тұтастығы мен жерінің бүтіндігін сақтауда жанқиярлық ерлік көрсеткен батыр ағаларымызды ұмытуға құқығымыз жоқ. Қазақ халқы үшін қызмет еткен саяси тұлғалардың рухы мен патриоттығы бүгінгі саясаткерлерге үлгі болуы тиіс. Ұлы тұлғаларды жастарға насихаттап, олардың мемлекетшілдік көзқарасын қалыптастыру — ортақ міндет», — деді ол.


Сондай-ақ партия төрағасы алдағы уақытта ескерткіш маңын көгалдандыру бойынша нақты іс-шаралар ұйымдастыруды партия мүшелеріне тапсырды.


Іс-шара барысында Жанат Күселбаев, имам Ерболат Қазтайұлы бастаған ауыл ақсақалдары мен партияның Ақмола облыстық филиалының төрағасы Баяжума Асылбек құрметті қонақты қарсы алды.

#Астана #Munarmedia #БірлікКүні #БайтақПартиясы #ЖұмабекТәшенев #Ақмола #РуханиҚұндылықтар #Қазақстан