Munarmedia.kz 05.01.2025 /Астана/ – Венесуэланың уақытша президенті міндетін атқарушы Делси Родригес АҚШ президенті Дональд Трампқа арнап мәлімдеме жариялап, Вашингтонды ынтымақтастыққа шақырды.
Оның айтуынша, Венесуэла «бейбітшілік пен бейбіт қатар өмір сүруге берік ұстанымын растайды» және АҚШ-пен, сондай-ақ аймақ елдерімен «егемендік теңдік пен ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделген теңгерімді әрі өзара құрметке құрылған халықаралық қатынастарды» дамытуды басты басымдық деп санайды.
«Президент Дональд Трамп, біздің халқымыз да, өңіріміз де соғысты емес, бейбітшілік пен диалогты лайық көреді. Бұл – президент Николас Мадуроның әрдайым ұстанған ұстанымы және бүгінгі таңда бүкіл Венесуэланың ортақ позициясы. Бұл – мен сенетін Венесуэла, өмірімді арнаған Венесуэла. <…> Венесуэланың бейбіт өмір сүруге, дамуға, егемендікке және болашаққа құқығы бар», – делінген Родригес мәлімдемесінде.
Осыған дейін Каракаста жүргізілген әскери операцияның қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Дональд Трамп Венесуэланы уақытша басқару «қауіпсіз, дұрыс және ақылға қонымды билік транзиті жүзеге асқанға дейін» АҚШ әкімшілігінің бақылауында болатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Делси Родригес жеке әңгімеде АҚШ-пен ынтымақтастыққа дайын екенін білдірген.
Алайда көп ұзамай Венесуэланың уақытша президенті мемлекеттік телеарна арқылы мәлімдеме жасап, АҚШ-тың «әскери агрессиясын» айыптады және елдің жалғыз заңды президенті ретінде Николас Мадуроны атады.