Бибисара Асаубаева шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанды ♟️

58

Munarmedia.kz 05.01.2025 /Астана/Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева карьерасында үшінші рет блиц шахматтан әлем чемпионатын жеңіп алып, үш дүркін әлем чемпионы атанды. Доха қаласында өткен турнирде ол алдымен швейцариялық жүйе бойынша 15 турдың қорытындысында үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынмен жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда қазақстандық спортшы қытайлық Чжу Цзиньэрді қатарынан үш партияда жеңіп шықты.

Финалда Бибисара украиналық Анна Музычукпен кездесті. Алғашқы үш партия тең нәтижемен аяқталса, шешуші төртінші партияда Асаубаева жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағын иеленді.

Әйелдер арасындағы турнирдің қорытынды жүлдегерлері:

1-орын – Бибисара Асаубаева (Қазақстан)
2-орын – Анна Музычук (Украина)
3-орын – Элайн Роберс (Нидерланды) және Чжу Цзиньэр (Қытай)

Бибисара Асаубаева – Қазақстан тарихында блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы. Бұған дейін ол 2021 және 2022 жылдары әлем чемпионатында топ жарған. Бұл жеңісінің арқасында Бибисара 2026 жылы өтетін үміткерлер турниріне жолдама алды.