Адам баласының бәрі – ерекше жеке құбылыс, әрқайсысы бір болмыс иесі ғой, тек көбі өз болмысын аша алмай кететіні болмаса. Талай пенде өз бойына Құдай берген қабілетті ерте байқамай, содан жүрек қалауына келмейтін жолға түсіп кетеді. Бұл, әрине өкінішті. Осындайларды білгенде «тағдыр ғой...» дейміз, алайда тағдырды өзгертуге – жақсы жаққа қарай беттеп, адамгершілікті ғана ұстанып ғұмыр кешуге көп адамның жігері жете бермейді, содан келіп өзіне оңтайлы көрінген болашағы бұлдыр соқпақпен тарта береді де, күндердің күнінде өз өзінен мүлде алыстап кетеді.
«Шіркін...», – дейсің кейде, қабілет-қарымы үлкен, бірақ аты тарихта жағымсыз істерімен қалған кейбір тұлғалардың бойындағы талант ұшқындары болғанын білгенде. – «Осылар әу баста шайтанның жетегінде кетпей, өнер жолын таңдағанда ғой... Тағдыры мүлде басқа арнаға бұрылып, ізгіліктің қорғаны болар ма еді...». Әрине, бұл ашылмай қалған өнер, көктей солған қабілетке деген жанашырлық қой, әйтпесе кімнің кім болуына біздің қалауымыздың түк те әсері жоқ.
Адам баласының бәріне эгоизм (астамшылық) тән, тек бұл ақыл толыға келе қалып кететін әдет (кейбіреулер одан өмір бойы арыла алмайды). Соның кесірінен «жұрттан озу» синдромы талайдың көзін көрсоқыр етіп, билікқұмар, даңққұмар болып кетеді де, өз бойындағы қасиетті ұмытады. Сөйтеді де біреу патшаға, біреу басқаға айналады. Уақыт өте армандаған нәрселерінің бәріне қол жеткізгенде, одан әрі шығатын биік таппай, не шексіз билік жалықтырып өз ішіне үңіле бастайды. Сол кезде баяғы қалғып кеткен сезімдер оянып, өзіне де беймәлім, түйсік түбінде бұғып жатқан бірдеңелер тіріле бастайды. Ол біреуге өлең, біреуге музыка болып көрініп, елес арбағандай күй кешеді. Жүрек бұлқынып, жаны аласұрғанда бір кездегі іштен шықпай қалған сезім-жанартауы еріксіз атқылап, өнер тілінде сөйлеуге ұмтылады. Бәлкім, ол еріктен тыс – жанды күнә мен кінәдан арылтуға тырысқан өкініштің өтеуі болар, бірақ баяны аз әрекет... Баяғыдан бүгінге жеткен мынадай бір әңгіме бар: француз патшаларының бірі аяқ астынан сайтан түртіп, өлең жазуға әуестенеді. Бірақ онша болмаған сияқты.
Әркімнен пікір сұраса, бәрі қашқақтап «ол туралы сыншылар айтқаны дұрыс қой» деп бойын аулақ сала берген соң, сол кездегі аты белгілі бір сыншыны шақырып, оқытады. Сонда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман шығуды ойлаған сыншы «тақсыр, сіз алдыңызға мән-маңызы кем, нашар шығарма жазуды мақсат етіп қойып, соны тамаша орындап шыққан екенсіз» деген екен.
Десек те, тарихта өлең жазып, ән
салып – өнермен айналысқан билеушілер аз болмаған. Олардың өлеңге, өнерге деген қатысы да, тағдыры да әртүрлі...
Өнерге әуестенген тиран
Нерон – біздің заманымыздың 37-68 жылдары өмір сүрген Рим императоры. Өзі билеп тұрған елге істемегені жоқ, даңғой, мақтаншақ кісі болған. Сондай-ақ ол тарихта «ақын-тиран» ретінде де қалған. Өз кезінде бәрінен барлық жағынан озық болу үшін ол өзі өлең жазған, ән айтқан. Оның бұл бос әурешілікті сарай қызметкерлері және олар арнайы жалданған адамдар қолдаған. Мысалы, Неронды сөйлеген кезде жүздеген жас қошеметтеп, бұл үшін мол марапаттарға ие болған көрінеді.
Өнерге арналған байқауларда (поэзия, ән салу, лира шерту, т.б.) тек ол бірінші орын алған. Арбамен жарысуға қатысып, құлап қалса да, бәрібір ол жеңімпаз болған. Сөйтіп, көңіл көтеру үшін елдің қазынасын босқа ысырап қылып, кейін оны қайта толтыру үшін дәулетті адамдарды «өзіне теріс ниетте болғаны үшін» өлім жазасына кесіп, дүние-мүлкін тәркілеткен. Одан соң ойын-сауық шараларын қайта бастаған.
Өзінің императорлық қаласы Рим жермен жексен болған кезде ол қайғылы сахналық костюм киіп, Трояны басып алғанын жырлаған аянышты деспот ретінде есте қалды (тіпті, бір деректерде Римді өзі өртеткізіп, «жалынның сұлулығына қуана қарап тұрған» дейді). Нерон тіпті сәтсіз суицидті драматизациялауға қатысып, qualis artifex pereo («суретші менімен бірге өледі») деген қоштасу фразасын айтуға репитиция жасаған.
Дей келгенде, Неронның өнерге қаты-сы – шын жүректен жасалған шығармашылық ізденіс емес, өнерді ермек ету еді. Ертеде ондай ел билеушілер аз болмаған...
Фашист ақын
Арғы дәуірді былай қойғанда, бергі дәуірде де диктатор-билеушілердің арасында өнермен шұғылданғандары бар, соның бірі – италиялық диктатор Бенито Муссолини (1883-1945).
Италияны 23 билеген Муссолини сол елдегі Ұлттық фашистік партияның көшбасшысы болған. Ол 1945 жылы 28 сәуірде Италиядан шығып жатқан неміс солдаттарына еріп, қашып кетпекші болған кезінде партизандардың қолына түсіп, атып өлтірілген.
Муссолини публицистикамен, өлең жазумен шұғылданған. Оның өмірбаянын жазған Ричард Уотсон «шетелдік мәртебелі меймандар келген кезде Муссолини көрнекті ақындардың шығармаларын үстел үстінде ашық қалдырғанын» атап өтеді.
Муссолинидің кей шығармаларын ғаламтордан табуға болады. Оның орыс тіліне аударылған «Весна» (Көктем) деген сонеті stihi.ru сайтында тұр. Диктатор ақынның кейінгі өлеңдері жастық социалистік идеализмнен оқшаулануын және және қандайда бір революциялық болжамдар жасауға ұмтылғанын көрсетеді.
Сталиннің ақындығы
Аты әлемге белгілі, КСРО-ны отыз жылдан аса билеген, қатал да қанқұйлы диктатор Иосиф Виссарионович Сталин де (Джугашвили) (1879-1953) әдебиетпен шұғылданған. Бір қарағанда, Кеңестер одағында аштық, репрессия сияқты жазалау шараларымен халықты қырған адамның әдебиет сияқты бекзат өнермен шұғылданғаны адам сенбес әрекет секілді, бірақ оның өлең жазғаны және оны белгілі адамдардың лайықты деп бағалағаны рас.
Басқасы басқа, Сталинді грузин әдебиетінің классигі Илья Григорьевич Чавчавадзе «ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың басындағы грузин қаламгерлерінің ішіндегі ірі тұлғасы» деп мадақтаған. 16 жастағы семинарист Сосо Джугашвилидің (Сталин) ең жақсы өлеңдерін таңдап, Тифлистің «Иверия» әдеби газетінде жариялаған Чавчавадзе еді. Сол өлең «Таң» деген атпен 1912 жылы «Деда Эн» ана тілі оқулығына енгізілді және ұзақ жыл бойы грузин балалары жаттаған алғашқы өлеңдердің бірі болды. 1948 жылы бұл өлең өте жақсы көркемделген кітапқа еніп, 10 000 дана таралыммен басылды. Өлеңді орыс тіліне Николай Добрюха аударған.
Жас кезінде ақын болуды армандайтындар көп, бірақ Джугашвили ақындықпен танылуды армандамаған, өйткені ол революциялық жолды таңдаған еді. Өйткені ол бала кезінен мұқтаждықтың не екенін біліп, ақынның жолы атақ қана емес, ол қорлық пен ақша тапшылығы екенін жақсы түсінген. Ол мұны қаламады. Сондықтан оның ақындық қызметі небәрі 4 жылға (1893-1896) созылды. Сталиннің тек 1985-96-жылдары «Квали» және «Иверия» газеттерінде жарияланған алты өлеңі ғана осы күнге дейін сақталған, қалған қолжазбалары жойылған. Бірақ сол алты өлеңді әлі күнге жоғары бағалайтындар бар...
Андропов та өлең жазған
Сталиннің рухани мұрагерінің бірі, 15 жыл КГБ-ны басқарған, 1982-1983 жылы КСРО-дағы бірінші саяси тұлға болған Юрий Владимирович Андропов та (1914-1983) әдебиетпен шұғылданғандардың бірі. Қауіпсіздік комитетін басқарған кезде қаталдығымен аты шыққан және ел билігіне келген шақта қатаң тәртіп орнатқан Ю.Андроповтың бір әлсіздігі бар еді: ол поэзиямен шұғылданатын. Сондықтан өлең жазатындығы үшін оған «Лубянканың романтигі» деген лақап ат таңылған.
Бірде оған ашық хат жіберген біреу «билік адамдарды бұзады» деп әзілдеп жазғанда, Андропов оған салқынқандылықпен «Билікті бұзатын адамдар» деп өлеңмен жауап қайтарған көрінеді.
Юрий Андроповтың әйелі Татьяна Филипповна Лебедеваның өте жақсы көрген және оған арнап көптеген махаббат лирикасын жазған.
Ең жақын серіктерінің бірі Владимир Крючков Андроповтың «өлеңде жиі балағат сөздер қолданғанын» айтады.
Ю.Андропов дүние салғанда, оның столындағы қағаздардың арасынан 13 жол өлеңі табылған. Онда ештеңенің мәңгілік еместігін, өзгелер қатары өзінің де дүние салатынын, бірақ ұрпақ өмір эстафетасын жалғастыра беретінін жырлаған екен.
Қытай көсемінің поэзиясы
Өлең жазған билеушілердің қатарында Қытай көсемі, ұзақ жыл дара биліктің иесі болып түрлі реформалар жасаған Мао Цзэдун да (1893-1976) бар. Оның ақындық таланты жас кезінен белгі берген. Ол Хунань провинциясындағы Бірінші педагогикалық мектепке түскеннен кейін Қытайдың классикалық әдебиетін көп оқыған. Сол кезде алғашқы екі өлеңін жазған. Содан кейін оның революция туралы арманын бейнелейтін «Чанша» деген өлеңін шығарған. Қытайдағы революциялық соғыс кезеңінің алғашқы онжылдығында ол нағыз шығармашылық өрлеуде болды, көптеген өлең жазды. Ал «ұлы жорық» кезінде ол бес өлең жазған. Алайда жапондарға қарсы соғыс кезінде оның өлең жазуға мұршасы болмады. Тек азаттық соғысы жеңіске жеткен соң «Халық азаттық армиясы Нанкинді алды» деген өлеңін шығарған.
Жалпы, Маоның ақындық шығармашылығы ғұмыр бойы жалғасты деуге болады. Ол жастық шағында «ци» жанрына басымдық беріп, жасы ұлғайған сайын «ши» жанрына бейім болып, екеуінде де дәстүрлі поэзияның жарасымды формаларында жаңа дәуірдің шынайы мазмұнын танытып, өзінің ақындық қабілетін көрсетті.
Қытай халқының классикалық әдебиетін бағалайтын Мао 1939 жылы 31 қаңтарда Луше тобына жазған хатында былай деп жазады: «Әдебиет пен өнердің кез келген жанрында мен жақсы нәрсенің бәрі қалың бұқараға түсінікті нәрсе деп есептеймін». Бірақ Мао поэтикалық мәтінде тек көпшілік жақсы білетін сөздерді ғана емес, сонымен қатар классикалық поэзияның белсенді сөздік қорын пайдалануды ұсынды. Әдебиетпен айналысатын адам тіл білімінен мол хабары болуы керек деді.
Қытайдың ұлы ақыны Ду Фу (712-770) жазылған өлеңдерді уақыт өте келе редакциялау қажеттігін айтса, Мао да өлеңдерін қайта жазды, кейде жарияланғаннан кейін көп жылдан соң қайта оралып, жөндеп, жетілдіріп отырды. Ол өз шығармаларын Го Моруо, Зан Кецзя сияқты басқа ақындармен талқылап, олардың пікірлерін мұқият тыңдаған. У Сюцзюньнің айтуынша, 1963 жылдың наурызынан 1973 жылдың қысына дейін Мао өзінің барлық дерлік өлеңдерін қайта-қайта өңдеп, түзетіп отырған.
Коммунистік жолдағы қытай елі өз көсемі Мао Цзэдунды ерекше бағалайды, құрмет тұтады. Бірақ оның тарихтағы рөлін Сталинге ұқсатып, қатыгез билеуші болды деп санайтындар да бар.
Саддам Хусейннің шығармашылығы
Ирактың бесінші президенті және сол елді 24 жыл (1979-2003) билеген Саддам Хусейн (Саддаам Хусеуйн Абд аль-Маджид ат-Тикрити, 1937-2006) өз халқына (Ирактағы курдтарға) геноцид жасаған деп айыпталып, АҚШ-тың Иракқа шабуылынан соң тақтан тайдырылды. Оның қатыгездігі, диктатор болғаны жайында әңгіме көп.
Саддам Хусейн өз билігінің соңғы жылдарында бірнеше поэзиялық және прозалық шығарма жазған. Сондай-ақ оның қаламынан махаббат туралы екі роман туған. Оның ішінде ең танымалы – 2000 жылы жазылған «Забиба мен патша» атты анонимді түрде жарияланған («Отанның ұлы» бүркеншік атпен) романы. Кітап бірден бестселлерге айналды және мектептің міндетті бағдарламасына енгізілді. АҚШ-тың Иракқа шабуылы қарсаңында Саддам Хусейн «Өлімнен кейінгі қарғыс» атты роман жазды. Онда Ирактың көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы баяндалған.
Америкалықтар түрмесінде отырған үш жыл ішінде Саддам Хусейн бір ғана өлең емес, бүкіл циклды жазып шыққан. Ол түрмедегілер мен сотқа өлеңдер жазды. Алғашқы сот отырысында да Саддам өлең жазған. Онда ол «Асқақтықпен қолдарыңа қару ал, шегіну ол қайғы емес алда талай уақыт бар» дейді.
Оған өлім үкімі оқылып болған соң, Ирак халқына өсиет еткен соңғы жырын жазды...
Өнерді құрметтеген өнерлі хан
Тарихта тиран-билеушілер көп болғаны белгілі, бірақ ел үшін қызмет етіп, өз билігін елді көркейтуге, мәдениетін дамытып, өркениет жолына түсуге жұмсаған көреген патшалар мен хандар да болған. Соның бірі – Мұхаммед Рахим хан II (Феруз).
Хиуа хандығындағы қоңырат әулетінің он бірінші билеушісі (1864-1910 жж.) Мұхаммед Рахим хан II (1845-1910) әкесі Саид Мұхаммед хан дүние салған соң таққа отырды. Ол – ағартушы монарх, атақты ақын және композитор болды, өз ортасын мәдени жетістіктер арқылы жақсартуға тырысты. Сарай мәдениетін жетілдіру және сарайында мәдени құндылықтардың құрметін арттыру оның басты мақсаты болды. Өзбек қоңырат әулеті өкілдерінің ішінде Мұхаммед Рахим хан ІІ – ерекше адам еді. Ол бұрынғы ізгі дәстүрлерді жалғастырушы болды, себебі Хорезмде ол билік құрғанына дейін де мәдени дәстүрлер болды: шығармалар аударылды, қолжазбалар көшірілді, әртүрлі кітапханалар құрылды.
Мұхаммед Рахим хан II өзі де музыка жазды, сонымен қатар оның музыкалық кештерді өнердің жоғары деңгейде өткізетін. Сарайындағы өтетін музыкалық кештерде өлке тарихының өзіндік мәдени дәстүрлері сақталған. Сонымен бірге хан мәдениеттің көптеген саласына жаңашылдық енгізіп отырды. Оның кезінде Хорезмде алғаш рет нота жазуы жасалды.
ІІ Мұхаммед Рахым хан сарайында ақындар, каллиграфтар, аудармашылар, тарихшылар – бір уақытта біріктірген ондаған зиялы қауым шығармашылықпен айналыса бастады, 30-дан астам ақын поэзиялық шығармалар жазды. Оларды қамқорлық жасай отырып, өзі де Феруз поэтикалық лақап атымен өлең жазды. Ақындықта ол көбіне Әлішер Науаи шығармашылығына еліктеген.
Оның сарайындағы ақындарының әрқайсысы дерлік өз өлең жинақтарын (диуан) жасады. Диуан жасау ақынның шеберлікке жетіп, кемел шебер болғанының көрсеткіші еді. Бұл да өзінің сарайындағы ақындық ортасын нығайтып, жақсартуды ойлаған Мұхаммед Рахим хан II үшін маңызды фактор болды. Сарай ақыны Камил Хорезми II Мұхаммед Рахим хан тұсында ақындарға ерекше көңіл бөлінгенін жазып қалдырған.
Ақын, аудармашы, тарихшы Мухаммед Риза Агахи өзінің «Шаһид әл-икбал» (Бақыт куәгері) атты тарихи еңбегінде Мұхаммед Рахим хан ІІ билік құрған алғашқы жылдар туралы жазған. Ол ханның ғалымдармен әңгімелесуге көп уақыт бөлгенін айтады. Мұндай іс-шараларда діни мәселелер талқыланып, тарихи-поэтикалық шығармалар оқылған, ақындар билеушіні мадақтап жыр төккен. Мұхаммед Рахым ханның өлең жаза бастағаны осы кезеңде болды.
Мұхаммед Рахим хан II-нің бұйрығымен 1 000 қолжазбаны қайта жазу басталып, Шығыстың 100-ден астам әйгілі тарихи-көркем шығармалары ескі өзбек тіліне аударылды. Ортағасырлық мәдени құндылықтар жалғасын тауып, жетілдірілді. Оның тұсында «Мәжма-йи шуара-йи Фируз-шахи», «Мұхаммасат-и Маджма-и шуара-йи Фируз-шахи» және «Хафт шуара-йи Фируз-шахи» атты сарайлық ақындардың поэтикалық хрестоматиялары құрастырылды.
1908 жылы Хиуа сарайында болған түркітанушы ғалым А.Самойлович (1880-1938) хан туралы мынадай пікір айтады:
«Хиуа ғылымы мен өнерінің ағартушы меценаты, қазіргі хандық ІІ Сейд-Мұхаммед-Рахим өз елін ғылыми тұрғыдан зерттеуге толық дайын екенін көрсетіп, маған өзінің жеке кітап қазынасын пайдалауға мүмкіндік берді».
Мұхаммед Рахым хан тұсындағы Хиуа хандарының мұрағаты 1873 жылы Санкт-Петербургке жеткізілген.
1874 жылы II Мұхаммед Рахим ханның қамқорлығымен Хорезмде Атажан Абдалов литографиялық кітаптарды басып шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы баспахана ұйымдастырды. Онда жарық көрген алғашқы кітаптардың бірі – Әлішер Науаидың «Хамса» және ақын Мунистің «Диуаны» болды.
Мұхаммед Рахим хан II тұсында Ресеймен, Осман империясымен, Иранмен, Ауғанстанмен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған.
Мұхаммед Рахим хан II Хорезмнің соңғы тәуелсіз ханы болды. 1873 жылы, қарсыласқанына қарамастан хандық Ресей протекторатының астында қалды. Орыс патшасы император Николай II ханға 1896 жылдан генерал-лейтенант, 1904 жылдан атты әскер генералы, 1902 жылы ханға «Светлость» атағын берді.
Билеушілер арасында өнер мен әдебиетті, тарихты құрмет тұтқандар, мәдениетті дамытуға пайдасын тигізгендер онша көп болмаған. Сол аздың бірі – жаны ізгілікке толы Мұхаммед Рахим хан II еді.
Сөз соңы
Ұлы Абай айтпақшы, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Себебі барлық адамға ай мен күн, аспан мен жер ортақ, ауа мен су ортақ. Кез келген қарапайым пенде мен патшаға дейін тағы бір ортақ нәрсенің бірі – сөз, ешкімге ана сөзді патша айтады, мына сөзді құл айтады деген заң жоқ. Ендеше, өнер, оның ішінде сөз өнері де ортақ. Сондықтан өзгелермен бірге ел басқарғандар да өлең жазса, оның еш ерсілігі жоқ, оған ешкім тыйым сала алмайды. Басқасы басқа, бұл өлеңді аты әлемге белгілі, кезінде №1 лаңкес атанған Усама бен Ладен де (1957-2011) жазған. 2001 жылы Нью-Йорктегі террорлық акттен кейін оны зерттей түскен әлемдік БАҚ-тар лаңкестің кітап сөресінде фантастикалық әдебиеттің жоқтығына назар аударып, Бен Ладеннің поэзияға құштарлығын еске түсірді: 2010 жылы бен Ладен бір лейтенантқа: «Сіздерде поэтикалық метр туралы білетіндер болса, маған хабарлаңыз, ал егер классикалық просодия (тіл білімі ғылымындағы фонетиканың бөлімі. – А.Ө.) ғылымы бойынша кітаптарыңыз болса, маған жіберіңіз» деп жазған екен.
Ауғанстанда сөйлеген сөзінде «әлемдегі нөмірі бірінші террорист» Таяу Шығыстағы жағдайды еске салатын дастанын оқыды. Онда Палестинаның Израильге қарсы күресі туралы ойлар бар. Бен Ладен сонымен қатар өз шығармасында Йемендегі АҚШ-тың «Коул» эсминецінің жарылуын жырға қосып, Коулды «лайықты тағдыр бұйырған зұлымдық кемесі» деп атады. Бір қызығы, «Әл-Қаиданың» Бен Ладеннен кейінгі тұлғасы Айман әл-Завахири де (1951-2022) өлең жазған, ал өзін «Ислам мемлекеті» деп атаған топтың халифасы Әбу Бәкір әл-Бағдади (1971-2019) докторлық диссертациясын діни өлең ретінде жазған...
Міне, әлемге аты белгілі адамдар туралы деректерді ақтарсаң, олардың поэзияға қатысы туралы осындай мәліметтерге кездесесің. Қатыгез билеушілерден мыңдаған адамның өлімін шыбын шаққан секілді көрмейтін лаңкестерге дейін поэзияға неліктен қызықты? Өзгелерге өштесе отырып, олар неге өлең секілді ғажайып өнерге жақын болды? Түсіну қиын...
Жалпы, қай нәрсенің жақсы не жаман болуы адамдардың ниетіне байланысты болса керек. Жеңген жаудың жетегінде кете беретін батырлардың аттары секілді өлең шіркін де жазғысы келген адамнан қаша алмайды...