Ғасырлар
қатпарынан қылаңдаған көк бөрі аңызы арыда түркі, беріде қазақ даласын кезіп
бізге жетті. Өзін көк бөрінің тұқымы санайтын далалық бегзаттар өзгеден оқшау,
ғажайып, тылсым
тірлікке құмартты. Алты қабат аспан мен жеті қат жер арасын
шежіреге
толтырып оны ұрпағына аманаттады.
Сахаралықтардың
сайранды ізі, қанды жорығы, ат тұяғымен жазған фәлсафасы әлем тарихшыларының
таңдайынан өше қойған жоқ
Сондай маңдала
ұлдарының соңғы тұяғы, тарихшы, әулие, маған әрі дос әрі аға, бүгінде Моңғолияның Тұлба сұмынында тұратын Махидолда Қинаятұлы.
Бұл кісінің
тағдыр, талайына, басқан із, айтқан уәжіне ешкім жіп таға алмайды
Кейде асай-мүсейін
көтеріп, ежелгі дәруіштерше тау асып, тас басып, өзен-көлдерден ендей өтіп дала
кезеді
Енді бірде алдына
41 құмалақ шашып, өткен мен келерді болжайды. Тіпті бағзы бақсылардай күбірлеп,
талайдың тағдыр тәлейі мен ертеңіне үңіледі. Шырқыраған шындықты айтып, талайдың ет жүрегін шымырлататын кезі де көп.
Тіпті асыра айтқан шындық талайдың шабына от түсіріп, шамырқанып, шамданып
жататындар да кездеседі.
Енді бірде тарихты тамырынан суыртпақтайтын қарттардың алдын кесе өтіп,
олардың ежіктеп отырғанын есіне салады, қатесі болса қатты айтып бетіне басады.
Үлкенге үрей, кішіге таңданыс тудырады.
Енді бірде саясатқа да сұқтана қарап, кейбір елдің басшыларына кәрін төгіп
жатады. Алдына келіп, адасып қалған атасын іздегендерді көне сүрдекке салатын
кезі де көп. Ал тағы бірде әлде бір автордың шығармасын бұтарлап тас-талқанын
шығарып тастайды...
Ол кісіні ең алғашқы көргенім де есімде.
2011 жылы Ақмола облысының Қоянды ауылына көшіп келдім.
2013 жылдар шамасында, Қоянды ауылындағы қоғам белсендісі болып жүрген
Бақыт Алуайұлы үйіне қонаққа шақырды. Барсам көп кісі жиналыпты. Басты қонақты:
«Махидолда ағамыз, руы Ботақара, біздің жақын ағамыз болады» деп таныстырды. Аз
әңгімеден соң ағамыз: «өтірік жазатын жазушылар көп, соның бірі мына отырған
Жәди Шәкенұлы» деді. Мен ашуланбадым, күлдім де: «мен шығармамның қай жерінен
қате жіберіппін?» дедім. ««Қаралы көш» романында Кәрмішті моңғолдар өлтіріпті
депсің. Оны өлтірген моңғол емес, моңғол керуені құрамындағы орыстар» деді. «Дәлеліңіз
бар ма?» дедім. «Ол мен білетін әңгіме тұрса, дәлел деп қыртпашы», - деп үкі
көздерін үлкен ашып маған елжірейе қарады. Тағыда күлдім де: «егер бір романнан
бірер қате табылса ол да қалыпты жағдай, ондай қате болса әрине түзетеміз, оны
айтқаныңыз өте жақсы болды, бұдан кейін кейбір тарихи деректерді сізден
сұраймын, өтірік болса обалы сізде» дедім.
Шамасы, ағамыз менің батыл, кескін жауаптарымды ұнатып қалды. Бірақ ашық
білдірмеді.
«Ертең түсте үйге барып дәм татып қайтыңыз» дедім. Ағам бірден келісім
берді.
Ертесі түсте Махидолда ағамызға қосып Тайф Тәукейұлы, Бақыт Алуай бірнеше
кісіні шақырып, дастарқан басында әңгіме өрбіттік.
Махаң есе сөйлеп, шешіле шертіп, талай тарихты қопарды. Тіпті ара тұра
әңгімеге тіке қатысы жоқ, жұрт алдында жүрген кейбір кісілерді: «Пәленбайдан
болған шата» деп шықпыртты...
Осыдан бастап біз аға-бауыр болдық. Тіпті соонааау шалғай Қобда бойында
жүріп телефон шалады. «Ой ...анау андай...мынау мұндай...» деп еске салады.
Сосын бір қызығы ол кісі кімнің нөмірімен қоңырау шалса да, мен ол кісіні «сіз
кімсіз» деп сұрамаймын. Дауысынан жазбай танимын. «Жә, не бар?...» деп
бастайтын сөзінің бөгенайы да анық.
Қойшы әйтеуір, кейде мен де қоңырау шаламын. «Анау қандай, мынау қандай?»
деп, іркілмейді. Бәрін айтады.
2015 жылы Қазақстанға келгенде біздің үйде 2-3 күн жата жастанып әңгіме
көрігін қыздырдық. Есте сақтау қабілетіне, жадысына қайран қаламын. Қолмен
қойғандай айтады, білмей қалса «білмедім» дейді. Кейде әдейі бұрынғы
сұрағандарымды қайталаймын. «Қыртпашы, ана жылы айтып едім ғой....былай ..
бұлайша ғой» деп сол кездегі әңгімені жаңылыссыз қайталайды.
Одан кейін де Алматыда жүрген сапарында Оспан батырдың немересі Өркенбектің
үйінде екі күн бірге болдық. Оспан батырға қатысты әңгімелерді де шерте
жөнеледі. Әсіресе Моңғол жағымен байланысты әңгімелерді еркін шертеді
2022 жылдың жазында балам Наралтай екеуіміз Баян Өлгейде бір ай сапарда
болдық. Әкім Бауыржан Дәлелұлы және Зарқым Баймергенұлы Хабсаттар Омарұлы, Кәмалият
Ахмадияұлы, Оспан Нәбиұлы, т.б.азаматтар
көп көмектесіп, 12 сұмынды аралатты. Осы сапарда Даниял ағамыздың бастауында
Тұлба сұмынындағы Махидолда ағамыздың үйіне де сәлем бере бардық. Там үйінде
екен, қуанып қалды. Ауыл сыртындағы інілерінің киіз үйіне ертіп барып дастархан
жайғызды. Ет асайық деді. Біз асығыс екенімізді білдіріп рахмет айттық. Біраз
әңгімелесіп қайттық.
Аз уақыттан кейін маған тағыда қоңыраулатып: «Қатпа деген кісіге білгенімді
айтып, Керей шежіресін жазып жатырмыз» деді.
Биыл (2024) тағыда телефон шалып: «Қазақстанға барамын, саған күміс белбеу
дайындап қойдым» деді.
Арада бірнеше айдан соң тағы хабарласып: «шекарадан өттім, Путиннің
шекарашылары заттарымды тонап алды» деп қатты назаланды. Орыстардың жеті
атасынан тартып боқтады. Сосын Астанаға келгенін айтты. Алматыға келе жатырмын
деген соң таксиден күтіп алып үйге бастадым...
2-3 күн жатып, тағы да біраз әңгімелесіп, арғы-бергіні төңкердік. Шағын
сұхбат жасап, YouTube каналында тараттық. Денсаулығым сыр беріп жүр дегесін
дәрігерге қараттым. Рентікен, КТ аппараттарынан өтті, қан, қақырық тексерді.
Өкпеден күмән қылып, бір апта емханада арнайы тексерістен өтті. Ең бастысы
үлкен ауру жоқ, аздаған кінараттар байқалды.
13 қазан емханадан шығып, Талдықорғанға жол тартты. Одан ары Қарағанды,
Астанаға баратынын айтқан.
Қорыта келгенде, Махаң өткен ғасырдың адамы. Мына ғасырға кірмеген
далалықтардың соңғы тұяғы...
Әрине, ол да пенде, періште емес. Кей-кейде асығыс, сезімге беріліп есе
сөйлеп, дастарқан басында қызу әңгімеде айтқан үстірт сөзін жасырын камераға
түсіріп таратып жүргендер де бар. Дастарқан басындағы қысыр кеңестің бәрін
жасырын камераға түсіріп тарата берсе шешеннен шешен, көсемнен көсем қалмас,
пенделікке немесе сезімге беріліп жеңіл әңгіме, әзілге бой алдыру көп адамда
кездеседі. Шын мәнінде, ол Махаңды силамау ғана емес, қазақтың қария сөзін
мазақ қылғандық. Сондықтан да біз ол кісінің 60-70 пайыз сөзінің асылын теріп
аламыз. Пендешілікпен айтқан сөздеріне, өмір жолындағы бұралаң сәттері мен
шалыс қадамдарына кешіріммен қараймыз. Қазақ тарихына, қазақтың ауызекі
шежіресіне деген шынайы құрметі бар адамдар одан өз керегін табуға тырысады,
әділ бағасын береді.
Қазақ тарихына қатысты, қазақ тұлғаларына қатысты, ата-бабаларымызда болған
жұмбақ сырлар хақында біз байыбына бара алмаған тақырып өте көп. Соның ішінде
адам санасы, ғалам мен жер арасындағы магниттік ағыстар, тылсым күштер, шешусіз
жұмбақтар аз емес. Тарихта өткен бақсылар өмірінде соның мысалдары көптеп
көрініс берген.
Мақаңдай тарихи тұлғаның бұдан он бес, жиырма жыл бұрын, тіпті оданда арғы жас
шағында бұдан да сұңғыла болғанын еске алсақ, айналасы оның қадір-қасиетін
білді ме, жоқ па, бірдеңе деу қиын.
Далалық ұлдарға тағзым қылған ұлағатты ұрпақ үшін әлі де кеш емес. Махидолда
Қинаятұлына үркек сезіммен, ерін ұшымен, көшенің көлеңкелі көзімен қарауға
болмайды. Ең бастысы ұлтта бар, тарих тамырында қалған, бізге ұмыт болған алтын
түйіршіктері мақаңның май сіңген тонының қалтасынан табылса, үрікпей үңілуіміз
керек, зерттеуіміз керек.
Жәди Шәкенұлы
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Еуразия жазушылар одағының мүшесі
Жазушы-тарихшы.
2024 жыл, 16 қазан.
Алматы.