«Қаралы көш» қанатында – Астанаға оралу
2010 жылы жемісті жыл болды. Қазақтың көрнекті азаматы Бауыржан Оспанов мырзаның демеушілік көмегімен үш бірдей кітабым жарық көрді. Тарихи роман «қаралы көш», сын-зерттеу мақалалар жинағы «Жалғыздың үні», құрастырып шығарған деректі мақалалар жинағы «Оспан».
Аталған кітаптардың Алматы қаласында тұсаукесері өтті.
Ендігі бағыт Астана қаласы.
Астанаға сапар сәті түсіп Еуразия университетіне ат тізгінін тіреп, Дихан Қамзабек, Зиябек Қабулдин екеуіне кірдім. Еуразия университетінің жанындағы «Отырар» кітапханасында кітаптарыңның тұсаукесерін өткізейік деді. Дабырасы күшті болған «Қаралы көшті» сүйіп оқыған оғландардың бірі көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев еді. Ол кісі де қуанды.
Аталған шараға Рахымжан Отарбаев, Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожа, Сайлау Батырша, Ұларбек Нұрғалымұлы, Бауыржан Қарағыз, Иманғазы Нұрахыметұлы біраз кісі келді. Ақтарыла сөйлеп, ақ тілек, оң бағасын білдірді.
Жиналысты басқарып жүргізген Зиябек Қабулдин ол кезде Еуразия ұлттық университетінің проректоры еді.
Оңаша бір сәтте:
– Жәке, Астанаға келіңіз. Жұмыстың да реті келер. Енді бір жағынан магистратураға түсіп алсаңыз оның да стипендиясы болады, – деді.
Бекқожа Жылқыбекұлы бұл пікірді қостап:
– Жәке, Астанада әдеби орта жоқ. Мұнда келіңіз. Астана ел ордасы ғой, сіз болып, біз болып әдеби ортаға оң ықпал етсек-ау, – деп жабысты.
«Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» дегендей онсызда Астанаға ниеттеніп келген мен ақыры ішкі шешімімнің дұрыстығына көз жеткізе түстім.
Әрі Мәдениет минстрлігіне соғып, ондағы бір комитеттің орынбасары болып отырған Ербол Шәймерденов ағамызға кіріп, тағы бір мәрте ақыл сұрадым.
Ол кісі:
– Қазір қанша дегенмен елдің жағдайы жақсарып келеді. Астананың аты Астана. Болашағы бар. Мүмкіндік болса мұнда мемлекеттік тапсырыспен кітаптарыңыздың шығуына да оң ықпал етейік, – деп жылы шырай танытты.
Оянған махаббат ортаймады.
Алматыда қалуға сылтау таппадым.
Көштің басын Астанаға бұруға бекідім.
Қаладан баспана сатып алуға қалта таяз. Енді қайда барамын дегенде Қоянды есімі құлағыма келе берді.
Жас ақын Ұларбек Дәлей мен сыныптас досым Мұқабақ Мамырбайұлының бастауында Астана іргесіндегі Қоянды ауылына тарттық.
Қояндының «патшасы» Нұққа баруым
Бұл ауылдың есімі баяғыдан таныс. «Қоянды», «оралман» ұғымы қатар аталса жұрттың санасына Нұқ есімі келетін кез.
Нұқ Оразханұлы «Жаңа қадам» атты қоғамдық бірлестік ашып, талай есікті тоздырып, тесікті жамап, шеттегі ағайынды осы ауылға шоғырлы отырақтандырды деп еститінбіз.
Тәлейіміз болғанда Нұқты үйінен таптық.
Дөңгелек шегірлеу үкі көзді, кесек бітімді азамат жылы қарсы алды. Мән-жәйды айттық:
– Апырай ә, атыңды білетін үлкен азамат екенсің. Нұқтың Нұқ болып тұрған кезінде келмей, қолдан жүзік, жүзден көрік кетіп тұрғанда келгеніңді-ай, – деп қиналды.
– Жыланды үш кесседе кесерткілік деген. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді деуші еді. Оралманды ондап, жүздеп әкелген Нұқ сол оралманның алдында қалам ұстап жүрген біздей пақырға сая болмаса, азаматтығына сын болмай ма, – деп қиялай жабыстым мен.
Нұқаң екі иығы селкілдеп кенңкілдей күліп алып:
– Әй, мына күйеу өлтірді ғой. Енді қайттым. Бір лажы болар, көшіп келуге бекігенің шын болса келе берші, бір лажын табайық, – деді. «Күйеу» дейтіні менің әйелім рулық жағынан Нұқпен бір ел болатын.
Уағда солай байланды.
Алматыға асығыс аттанып, ондағы үй-жайды сатып, Астанаға бір жола қопарыла көштік.
2011 жыл 21 шілдеде аттанып, 22 шілде шулап-шұрқырап, жауындатып қалаға кірдік.
Алдымыздан шыққан ақын Ұларбек Дәлейұлы: «бұдан бұрын «Қаралы көш» деген роман жазсаңыз, енді Астанаға келіп «Жаңбырлы көш» деген роман жазатын болдыңыз» деп әзілдеді. Осы кезде сыныптас досым Мұқабақ Мамырбайұлы да келе қалды.
Сөйтіп баяғы уәде бойынша олар көшті Қояндыға бастады. Мұқабақ өзі қалаға көшіп, ауылдағы үйі бос екен, сонда түсірді.
Бірден Нұққа кірдік.
– Апырай, уағда құдай сөзі деуші еді. Ел алдында еңсең түспеген, бетің қайтпаған азамат едің. Келінім Ғалымның атына жаздырып қойған «Жаңа қадамға» қарасты бір жер бар еді, соны бермесіме болмады ау, – деп үйдің орнын көрсетті.
«Білмеймін, бір шабытым оянды ма,
Қоян жылы келіппін Қояндыға...» деп ыңылдап жүріп, біз де Қояндылық болдық.
Жаңа баспана көтеру
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «үй сатқан ақшаны үйге жұмсағанда ғана берекеті болады» деген.
Туған ауылым Шірікшидегі өзім салған үйді сатып, оның ақшасын Алтай қаласындағы үйді жөндеуге қостым. Кейіннен ол үйді сатып, Алматыда жекешеленген жатақханадан екі бөлмелі үй алдым.
Алматыдағы жатақхананың сол екі бөлмесін сатып, енді Астана іргесіндегі Қояндыдан үй сала бастадық.
Әрине, айтуға оңай.
Осыдан көп жыл бұрын 1989 жылы 22 жасымда үй салғанда бір қиналып едім. Содан бері 22 жыл болыпты.
Көмекке інім Жайнатбек пен жиен Айттай Әсетайұлы келді. Соңына қарай Алтайдың Көктоғайынан келген Қизат Бақытханұлы, Тілеубек деген азаматтар да өз көмегін көрсетті.
Жаз бойы жанталастық. Өзім басы-қасында жүрдім.
Жұрт сұрайды:
Алматыдан неге көшіп келдіңдер? – деп.
Қиналғанда бала-шағам сұрайды:
Алматыдан неге көшіп келдік деп.
Бастабын да бұл сұрақтар миыма кірмей жүрді.
Менде адаммын.
Кейіннен қиналған бір сәтімде Алматыға бара қалдым. Дүние гүл гүл жайнаған. Солтүстіктің адамдары салқындау болса бұлар шуақты. Жылы.
Содан ойлап қоямын: «Алматыдан неге көшіп кеттім» деп.
Қоянды мешітінің салыныуы мен ашылуы
Нұқтың үйі мен біздің үйдің арасында екі үй болса да, аулалар қоршалмағандықтан бір-бірімізге күнде кезігіп тұрамыз. Бірер сауын сиыр ұстап, соның сүтін сауғызып ішіп, қаймақ шай, айран ішіп отырғанды ұнатады.
Нұқаң бір күні мені шақырып алып:
– Біз мешіт салмақшы болып жер алып қойғанбыз. Баяғыда Хасан Оралтай ағамыз келіп, бір малын сойып, мешіттің қазығын қаққанбыз. Мешіттің атын «Ақыт қажы мешіті» деп атауды жөн көріп едік. Біздің айналамыздағы адамдар қызық қой. Бәрін түсіне бермейді. Кейбіреуі Ақыт десе: «Ол керейдің молқысы, өз атаң екен ғой» деп пендешілік іздейді. Саған айтар екі түрлі өітініш болып тұр. Біріншішісі осы Ақыттың атын мешітке қалай беру жайында Діни басқармаға сөйлесіп берсең екен. Екіншісі, бірнеше күннің алдында Мұхит екеуіміз Қайрат Сатыпалдыға кіріп шықтық. Мұхит деген осы ауылда тұратын оқыған, тоқыған діннен хабары бар жігіт. Астана мешітінде жұмыс істеп жүр. Қайрат Сатыпалдыны өзің біліп отырған шығарсың, Президенттің інісі ғой. Содан мешіт салғалы жатқан жағдайымзды айтып едік, батыл қолдады. Екі азаматқа тапсырма беріп бізге көмектесуді тапсырды. Экатонның басшылары да қабырғаға қалайтын пескаблок беретін болды. Осы жұмыстардың басы-қасында болмасаңда қағаз жағынан көмектесе жүресің бе дегенім ғой, – деді.
Нұқаң бұдан басқа да біраз әңгімелер айтқан еді. Сөз арасында ұққаным Қайрат Сатыпалдының ықпалы және өздерінің белсенділігі арқылы Темиев Бекхан, Мұқашев Мейрам, Маджанов Жомарт, Түйгуев Могомед, Шарип Аркенов, т.б. азаматтар құрылыс материялдарын өздері шығарып, өздері құрылысшы әкеліп, мешіт жасау ісін бастағалы жатыпты. Нұқаңа ілесіп белсенді қолдаушы болғанның бірі Мұхит Көпжасар деген өзімен жерлес азамат екен.
Мен Нұқаңның сөздерін қуана құптадым. Мешіт салынатындығына шын ниетіммен қуандым.
Қазақстан мұсылмандары дінни басқармасындағы таныстарыма хабарласып едім: «қазірше кісі атын мешітке беру хақында мароторий болып тұр. Сондықтанда өтініштеріңізді дәл қазір қабылдай алмаймыз» деген жауап алдым.
Осылайша Қояндыда 2012 жылы жазда мешіт ресми түрде салына бастады. Арасында Сәулен, Хабай, Ока, Жақсылық, Баянбай сынды ақсақалдардың ұйтқы болуында ауыл адамдары да өз көмектерін көрсетіп жатты.
Қоянды мешіті ашылмақшы
2013 жылдың маусым айына жеткенде мешіт құрылысы негізінен салынып бітті.
Нұқаң тағы да мені шақырып алып, мән-жайды түіндіріп, мешіттің ашылтандығы жайында жарнама ілсек дегенді айтты.
Мен дереу жазуға отырып, Нұқаңның айтуы бойынша төмендегідей хабарлама жазып бердім:
«Астана сынды алып шаһарға бүйірі тиіп тұрған соң Қоянды ауылының қол соғар қошаметі мен қоңылтақсыған көңіл ауаны да Ел Ордаға тез жетеді.
Бұл жолғы мерей – Қоянды ауылында бой көтерген жаңа мешіт салтанатпен ашылып, көпшіліктің пайдалануына беріледі деген хош хабар.
Осы ауылдың керегесін қалап, бүгінгідей іргелі елге айналуына айтақалсын еңбек еткен «Жаңа қадам» қоғамдық бірлестігі жаңа мешіттің салынуына да себепкер болған екен. Арадағы аз даулы мәселелерді айтпағанда «Алланың үйі» аталатын құлшылық тұрағының заңды жолмен басқаруға өтуі ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлепті. Соның ішінде тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылып, атажұртқа оралған қандастарымызға өз отанының шуағындай сезілген жақсылықтың шарапаты да ерекше сыңайлы.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының иелігіне өткен бұл жаңа мешітке тағайындалар имамды да аталған басқарма арнайы әкеліп таныстыратын болыпты.
Көпшіліктің зарыға күткен күнінің бірі – мешіттің салтанатпен ашылып, жамағаттың пайдалануына берілуі десек, алдағы қасиетті жұма қалың қауымды сол жақсылықтың қуанышына ортақтасуға шақырып отыр.
Атаулы шараға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Ақмола обылыстық дінни басқарманың өкілдері мен Қоянды елді мекенінің әкімшілік тұтқасы болған Целиноград ауданының да басшыларды қатысады деп күтілуде.
14 маусымға (12 сағат) жоспарланған салтанатты шара аясында жаңа мешіттің ашылу лентасын қию, жалпы жамағат болып жұма намазын өтеу, шағын көлемде ас беру секілді іс-қимылдар өтпекші. Келемін деушілерге есік ашық.
Ұйымдастыру алқасы
Байланыс тел: 8-702-3280048»
Бұл хаттағы «Арадағы аз даулы мәселелерді айтпағанда..» деген сөздің де өз мәні бар екен. Мешіт салынып біткеннен кейін «мешіттің имамы кім болады» деген мәселе біраз шуға ұласып, ағайын арасында берекесіздіктер тудырған екен.
Аталған хабарлама жазып таратылғаннан кейін бір күні Нұқаң маған тағы да:
– Әй, күйеу, «бітер істің басына, жақсы келе қасына» деп сенің мұнда келгенің қандай жақсы болды. Игілігіңді осындайда көрмегенде енді қайда көреміз. Мешіттің ашылуы болады, соның сценарийін өзің жазып, өзің басқарып, жүргізіп берсең, – деген өтінішін айтты.
Мен келісімімді бердім.
Мешіттің ашылуы
2013 жыл 14 маусым.
Мешітітң ашулыуы дайындығы үшін мешіт алдына киіз үйлер тігілді.
Сағат 11:30-да Ақмола облысы Целиноград аудан әкімі Бақберген Бөлдешұлы Мәуленов, Әкімнің орынбасары Балым Сәбетқызы, Ішкі саясат бөлімінен Жанар Еркенова, Айнагүл Көңбай, т.б. кісілер келді.
Іс-шараны сағат 12:00-де бастадық.
Мен қолыма микрофон алып:
Армысың, Сары Арқаны жайлаған ел,
Көк байрағын төбеге байлаған ел.
«Әзірет Сұлтан» мешіті иман шашып,
«Нұр Астана» нұрымен жайнаған ел.
Иманмен келсе жүрек оянғысы,
Алланың бәрімізге аян күші.
Мешітімен мерейі тасыған ел,
Армысың, Ақмоланың Қояндысы!
Ассалаумағалейкум, Алланың құлы, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу алейхи уассаламның сүйікті үмбеті, қадірменді жамағат!
Алла Тағаланың ақ үйі – Иманға ұя боларлық қасиетті тұрақ – мешіттеріңіздің шаңырақ көтеруі мерейлі болсын! Алла Тағала жүректеріңізді иман мен ізгілікке толтырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар бақыт сыйласын! – деп беташармен сөз бастадым.
Алғашқы сөзді Целиноград ауданының әкімі Мәуленов Бақберген Бөлдешұлына бердік.
Бақберген әкім өзінің құттықтау сөзін айта келіп, мешіттің ашылуы халықтың шынайы арман-тілегінің орындалуының бір көрінісі екенін айтты. Әрі мешітке деп шағын да болса бір кілем сыйлады.
Келесі сөзді Қазақстан Мұсылмандары дінни басқармасының Діни істер бөлімінің меңгерушісі – Тұрдыбаев Камалжан Бекбосынұлына бердік.
Осыдан кейін мешіттің ірге тасының қаланып, бүгінгідей кемелді шағына жетуіне ерекше үлес қосқан Темиев Бекхан мен Мұқашев Мейрам мырзаларға сөз кезегі тиді.
Іс-шара жоспары бойынша кезекті сөзді Нұқ Оразханұлы алды. Көмектескен азаматтарға, және көпшілікке рахмет айтты.
Осында кейінгі кезекте аудан әкімі Бақберген Бөлдешұлы Мәуленов мырзаны мешіттің салыну ісіне үлес қосқан атпал азаматтарымызға шапан жабуға шақырдық. Мешіт салу ісіне көрнекті үлес қосқан – Темиев Бекхан, Мұқашев Мейрам, Маджанов Жомарт, Түйгуев Могомед, Қайрат Сатыпалды, Нұқ Оразхан, Мұхит Көпжасар, Шарип Аркенов сынды азамаматтардың аттары аталды. Алайда бірлі-жарымы болмаса көбі келе алмаған екен.
Ендігі сәтте ел-жұрт асыға күткен мешіттің беташар салты өтті. Лента қию үшін ортаға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі Камалжан қажы мен Целиноград ауданының әкімі Бақберген Бөлдешұлы шықты. Ауыл әжелері шашуларын шашты. Жұрт дүркірете шапалақ соқты.
ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Коянбекұлы Қыдырмин мырза өткен ата-бабалар рухына арнап, жаңа мешіттің құрметіне құран аяттарынан дұға бағыштады.
Жиналыс әредігінде Бақберген әкім мен оның орынбасары Балым Сәбетқызы менің кім екенімді сұрап, қысқаша таныстық сұрады. Шамасы оларға ұнап қалсам керек. Кейіннен менің Қоянды орта мектебіне жұмысқа тартылуыма да осы жағдайлар бастама болған болу керек.
(Бақберген Бөлдешұлы бір аптадан соң, ауылға келіп маған: «Сізді білімді, білікті азамат дейді. Ауыл ақсақалдары Қоянды орта мектебін басқаруға сіз лайықты деп отыр» деп мектепке директор болуыма өтініш жасады. Мен бір апта ойланып: «өзім тұрған ауыл ғой, шамамша қызмет етіп, елге азда болса қолғабыс жасайын» деген ойға келдім. Мақұлдық бердім. Менің кейінгі күндерімде де күрделі оқиғалар орын алды. Ақмола-Целиноград аталған өңірдің суық бораны бізді де тоңдырды. Ел үшін деген ет жүрек талай түршікті. Ол бөлек хикая).
Мешіттің ашылу салтанаты жасалғасын жұрт жұма намазына кірді. Намаздан шыққан соң асқа отырды.
Мешіт ашылып есік алдына тігілген екі киіз үйге ас берілетін кезде нөсерлеген жаңбыр құйып кетті.
Осы күннен бастап Қоянды мешіті ресми түрде пайдалануға берілді.
Ағайын арасындағы араздықтар
Қоянды ауылы туралы айтқанда өзімнен бұрынғы жағдайлар туралы аса көп білмейтін едім. Осында келіп қоныстанған соң ғана, ауылдың ішкі жағдайына қаныға бастадым.
Нұқтың және басқалардың айтуынша Нұқ өзі бастама болып, «Жаңа қадам» қоғамдық бірлестігін құрып, шеттен келген қандас бауырларды отырақтандыру мақсатында әкімшілік тарапынан 96 гектар жер алған екен. Олар алғашқы қазық қаққан кез – 1994-1995 жылдар болса керек. Сол кездегі ауыл бастығы Жүнісов Хамит деген азамат ағамыздың аузынан кейіннен естігенім бойынша: «Біздің оралмандарға үй салуға арналған жер теліміне деп 96 гектар жер бергеніміз рас» деп еді.
Құжат ресімдеудің қиындығы жанына батқан шеттен келген ағайындар Қазақстан туралы: «бұл Қазақстан ба, Қағазстан ба?!» деп налитын бір кезең болып еді. Сыртқы істер минстрлігі, Ішкі істер минстрлігі, Көші-қон агенттігі (бірде көші-қон департаменті, комитеті болды), жергілікті облыс, аудан, ауыл әкімшілігі сынды құзыретті мекемелердің есігіне кезегімен телміретін шеттен келгендердің әуресі шынында да аз емес болатын.
Осындай «балапан басына, тұрымтай тұсына тартып» тұрған заманда аталмыш «96 гектардың» құжаттарының ресімделуі тіпті де күрделі тақырып болғаны анық. Бастаған істі тастауды ар көрген Нұқ Оразханұлы көші-қон мекемелері және әкімшіліктерінің босағасын тоздырады. Шет-жағасын бізде көріп қалдық. Алайда құлқыны зор мекемелер мен оралмандар десе арзан базар – оңай олжа көретін жемеңқорлардың да араны ашылып тұрған шақ. Сөйтіп, жүріс-тұрыс, бензин, бастықтардың көмейін толтырып, қалтасын қампайту, көнін жібітіп, көңілін бері бұру әуре-сарсаңы Нұқаңның да қалтасын қағып алады. Амал жоқ, ағайындарға: «жер алу үшін, оның құжатын ресімдеу үшін қаражат керек» деп ашық әңгіме айтады, біреу қой береді, біреу тай береді. Қалтасы қалыңдар бір емес, бірнеше жер алудың қамымымен ақшасын аямайды. Ақша болғасын жұмыста алға жылжып, «Жаңа Қояндының» ашылуына, жұрттың жаппай көшіп келіп қоныстануына жол ашылады. Сондағы алғаны 20 мың, 50 мың, 100 мың, 200 мың... дегендей әр түрлі жағдайлар. Және де ешкімнің зорлығынсыз, алдап-арбауысыз ерікті түрде іске асады. Тіпті, жұмысы біткен соң байғазы, сүйінші ретінде заттай, ақшалай рахмет айтқандар да болады. Ал жағдайы жоқ отбасыларға: «Сіздер бір тиын да бермей-ақ қойыңыздар, ақша бергендердікін сіздерге жамаймын» деп бірімен бірін септейді, талай қарттың ақ батасын алады.
Сөйтіп, жұрттың алды жер ала бастаған кезде арты арыздана бастайды. Айтатыны: «Нұқ үкіметтен тегін жер алып алып, оны бізге сатып жатыр» деген дау болады. Арыз жазады, Нұқтың соңынан шырақ алып түсіп, жоғарғы жаққа дейін шағымданады. Осылайша, жұрт (шеттен көшіп келген ағайындар) екіге жарылады. Бір тобы Нұқты қорғайды. Көбі басынан ыстық-суық өткен, тіс қаққан, оң-солды болжай алатын, көргені көп көне көз кісілер. Қабай, Оқа, Сәулен, Жақсылық, Баянбай, т.б. бір топ жасы үлкен аға тобындағы ақсақалдар шоғыры Нұқты жан сала қорғады. Ал «балақтан алған иттер»-де аз болған жоқ.
Осылайша, ағайын арасындағы араздықтар көбейді.
Қояндының «қауіпті өңірге» айналуы
Шеттен келген ағайындарды шоғырлы қоныстандыруға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы нұрлы бола алмады. Көші-қон саласына бөлінген қаржы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетіп, шулы тақырыпқа айналды. Акулалар аман қалып, май шабақтар торға ілінетін заман туды. «Айран ішкендер құтылды, шелек жалағандар тұтылды». «Оралмандар ішіп кетті, жеп кетті»-ні сылтауратқан талай жылпос-пысықайлар «топалаңнан тоқаш іздеп» кеңірдегіне кептеп, қарындарын қампайтты.
Дәл осындай берекететсіздіктер талапайында Қоянды «ыстық нүкте» – «қауіпті өңірге» айналды. «Жол жоқ!», «су жоқ!», «тоқ жоқ!», «қоқыс жиналмайды!», «қыста жол тазаланбайды!», т.б. дау күнделікті өршіп тұрды. Жария ақпарат көздері «КТК», «31 канал» секілді БАҚ-та Қояндының мұң-зары көтеріліп, республикалық шуға айналды. Үкіметтің назарын аударып, құқық қорғау органдарын аяғынан тік тұрғызатын ішкі «қауіпті өңір» механизимі қалыптасты. Іштен, сырттан от үрлеушілер де аз болмады. «Амангүлдің дауы», «Алтынгүлдің арызы», «Күмісгүлдің хикаясы» сынды «қатындар шуы» өртті одан ары қоздырды. Қояндыға келген әкімдердің жағасынан алу, оларды «қуып жүріп соққылау» «дәстүрге» айналды.
Осындай аласапыран жағдайды тыныштандыру мақсатында қолдан келген мүмкіндіктеріңдің бәрі де пайдаланылды. Біреуді біреуге айдап салып, үстінен арыз ұйымдасытру, өзін ақтап, өзгені даттау, бірін-бірі жарға итеру сынды қазақтың қанына сіңген ғадеті іріңді жарадай кеуледі. Өз ұпайын түгендемек ниетпен халықты халыққа айдап салудың қитұрқы әрекеттері ұйымдастыырды. «37»-нің «қанды қақпаны», «орға жығу тактикасы» жасырын жаңғырықты.
«Нұқ ақшамызды алып, жер бермей қойды», «Нұқ жердің құжатын бітіріп беремін деп ақшамызды жеп кетті» сынды «тисе терекке, тимесе бұтаққа» сілтеген шолақ арыздар да еміс-еміс естілді.
«Нұқ қолды болып кетті»
«Нұқ қолды болып кетті» деп әйелі Сайратхан зар жылап келді. «Солай да, солай... арыз жазған, тіпті жерін алып, жұмысын бітіріп алғандардың өзі қасақана арыз ұйымдастырыпты. Қолдан келген көмегіңізді жасаңызшы» деп көз жасын көлдетті. Басты себеп – жоғарыдағы баян.
Шеттен келіп, өзі жер берген үш қандасы оның үстінен арыз берген. Жерін алған, алайда құжаты бітпегендігін көлденең тартып: «бізді қасақана алдады» дейтін көрінеді.
Не керек, қолымнан келері сол болған шығар – өзім сырттай білетін бір азаматқа барып: «бас жарылса бөрік ішнде, қол сынса жең ішінде. Ағайын арасының дауын өздерің шешпей, арыз жазғаның қалай? Мүмкін болса арызыңды қайтарып ал» дедім. Шын мәнінде жерін алған, үйін салған. «Құжатын бітіріп берем деп неше жыл алдады, өзіне де обал жоқ» деп қайқаяды. Одан қалса: «енді арызымды қайтарып алсам, өз басыма да пәле болады. Арыз берсеңдер, құжаттарың ресімделеді деді» дейді. Құқық қорғау орындары қызметкерлерінің қитұрқы бопсасы болса керек. Сол кездегі ауыл әкімі болған белгілі адамның да осі істе тұтанғалы тұрған отқа май тамызғаны, адамдар арасына іріткі, бопса салғаны туралы хабар тарап жүрді.
Сайратханның айтуы бойынша Нұқ қолды болардан бұрын жүрек талмасы ұстап, қатты ауырып жүріпті. Дәрігердің күнделікті қадағалауымен отырған адамды үй қамағында ұстап, тергеуге де болады екен, оған рұқсат етпей ұстап әкеткен екен.
Сонымен не керек?! Шеттен келген ағайынға «ауыл ашып беремін» деп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрыла жүгірген Оразхан Нұқ тергеу абақтысына жабылды. Адвакаттар да «мың құбылды ма», әлде, «тақымдарына түскен жасырын бұрау» оңдырмады ма, бастабында: «қорықпаңдар, шығарып аламыз» деп жүріп, аяғында шарасыздық танытқан екен. Әділ заңға сенеміз санын ұрып қалғандар кеш өкінді.
Абақтыдағы өлім және қаралы топ
«Нұқ қолды болды» деген хабардан кейін бір ай уақыт өтті ме, өтпеді ме: «Нұқ түрмеде қайтыс болыпты» деген суық хабар жетті. Жұрт шуласып: «өзі өлген жоқ, өлтірді!» деген сөз тарады.
Жары Сайратханның айтуына қарағанда Оразхан Нұқты Ішкі істер қызметкерлері қазіргі Көк базар (Шанхай) жанындағы уақытша қамау абақтысына жапқан екен. Алғашқы күндері кіруге рұқсат бергенімен соңғы күндері дәрі-дәрмегін жеткізіп беруге де кіре алмапты. Өзі алданды ма, әдейі алдады ма адвокат болған адамның да: «ештеңе етпейді, бәрі дұрыс» деген пәтуәсі мен ішкі істер қызметкерлерінің дұрыс жауап бермеуі де көп «әттеген-айлар»-ға әкелген көрінеді.
Нақтылы жағдайды толық білмесе де «ішкі құлақтардан» естуінше жүрек талмасы ұстап дәрігер шақырғанда дәрігер дер кезінде келмепті. Кешігіп жеткен дәрігерлер жедел жәрдем шақырған екен, ол да сағаттап кешігіп, адам өлгесін ғана жеткен көрінеді. Ішкі істер қызметкерлерінің салақтығы, дәрігердің дер кезінде көмек көрсете алмауы сынды себептер – «тәңірдің қалауы солай болған шығар» деген шарасыздыққа жетеледі. Ол кісінің қайтыс болуына байланысты айғақтардың анық болмауы, күдікті тұстарды дәлелдеуге дәрменсіздік немесе адвокаттардың нақты оқиғаны меңгеріп, нақ майдан жағдайына қол жеткізе алмауы сынды түйіншектер көп болыпты.
Нұқтың сүйегі Қояндыға әкелінгенде жиналған қауым өте көп болды. Бір қызығы әкімшілік қызметкерлері мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен бірде бір адам болмады.
Сүйегі Қоянды ауылына кіре берістегі (қала жақ) мазарлыққа жерленді.
О дүниелік сапарға аттандырап келген топ, Ботан деген азаматтың «Береке» аталатын кафесінде Құран хатымға қол жайды. Қаржаубай Сартқожаұлы, Ақеділ Тойшанұлы сынды білікті, білімді ғалымдар: «азаматымызды жазықсыз өлтірді, анық-қанығын айырып, кінәліні жауапкершілікке тарту керек» деген мазмұндағы ащы жанайқайларын жеткізді. Тіпті топ ішінен: «Павлодар трассасын жауып, көтеріліске шығайық!» деген айқайлар көтерілді.
Мен жұртты сабырға шақырып:
– Қазақстан Республикасының заңы әділ болғанмен заң атқарушылардың ішінде әділетсіз, «ұрда жық» кіслер болған шығар. Сол үшін де заңды, мемлекетті қаралау емес, нақты кінәлі кім соны табайық! – дедім.
Менің басымда екі түрлі ой болды. «Бірі – мемлекетті және құқық қорғау органдарын қараласақ, халықтың, соның ішінде шеттен келген ағайынның Қазақ еліне, мемлекетке деген сенімі кетеді, ұрпақтары да ішіне «шер» байлап өседі. Екіншісі – шынында да заң атқарушы орган ішінде қара ниетті адамдар болып, қастандық жасап отырса, Нұқтың басын жұтумен ғана тынбай, осы тебін, сылтаумен тағы біраз адамды жазалауы мүмкін. Сол үшін де заңды, мемлекетті кіналаудан көрі құқық қорғау орнындағы әпербақан қылмыскерді кінәласақ, тапсақ, шындыққа, берекеге жақын боламыз» деп ойладым.
Бәрі бірде жұрттың салқын, түнеріңкі, ренішті қабағы ашылмады. Мейлі, жеке кісілердің арызымен болсын, мейлі құқық қорғау қызметкерлерінің «әсіре солшылдығынан» болсын, «құдайдың ажалымен өз үйінде өлмей, абақтының түбінде өлтірді» деген шер шемені тарай қоймады.
Ескі Қазақстандық кірлеген «Нұрлы жүйе» Нұқты осылайша «құрбандыққа» шалды. Абақтыға аяғымен кіріп, табытпен шықты. Өлімі туралы да жып-жылмағай «жабулы қазан қақпағымен» кетті.
Мұсылмандық жолмен айтқанда: дәмі таусылды, тағдырдың жазған жазу, сызған сәті сол сағаттарға келді.
Адам пендесі өмірде не болатынын білмейді. Сонау шалғай Қобда өзені жағасында туған, электрик мамандығы бойынша білім алған, «елім үшін қолдан келгенше бірдеме істеп берсем» деп арыпталасқан атпал азаматқа тағдырдың бұйрығы осылай болды. Арқа төсінен мәңгілік мекен тапты. Соңғы істері туралы арыз-шағымның да оң шешімі болмай, «кінәлі шекпенмен» кете барды. Ендігі ақ-қарасын айыруды Аллаға ғана тапсырдық.
Соңғы түйін
Бұл күнде Қоянды аталатын ауылда 40 мың шамалы тұрғын тұрады. Бұл дегендік 8000 үй деген сөз. Бір кездері Нұқ Оразханұлы осы ауылға алғаш рет келіп қазық қаққанда не бәрі 60-70 түтін ғана екен. Сол сан 100 есеге молайды. Қояндының қазығы қағылып жатқанда туған балалардың өзі орта мектепті бітіретін жасқа келді.
Қылмыскерлерді тың игерту үшін әкелген үстіртті, суық, боранды өлке – Целиноград талай қанды оқиғаның куәсі еді. «Алжир» түрмесіндегі қанды жас пен шашылған сүйектің ортасынан бой көтерген шағын қалашықты көргенде, топырағын қорғана басқанда жілік сүйегің сырқырайды.
Нұқ «ажалынан бұрын аттанғаннан» кейін де талай азамат пен азаматшалар әр түрлі істермен байланыстырылып, қамаққа тоғытылып – «жатып шықты».
Сол суық, боранды өлке мейірімге аз үйренгендей салқын райынан айрылған жоқ.
Қоянды ауылының баяғы «жол жоқ!», «су жоқ!», «тоқ жоқ!», «қоқыс жиналмайды!», «қыста жол тазаланбайды!», т.б. даулары да бірте-бірте толас тапты. Үкімет назарынан, халық наразылығынан қорыққан жергілікті шенеуниктер аз да болса жұмыс жасады. Алалға шүкір, ауылдың беті бері қарады.
Ауыл емес, кәдімгі қала сияқты. Екі мектебі, бір мешіті бар. Білімге құмартқан жастар, мешітке асыққан жамағат осы күндерді жасау үшін жанын жалдап еңбек еткен азматтарды бірде еске алады, бірде ұмытып кетеді.
Америка құрлығын алғаш ашқандай осы ауылға «оралман» аталған қандас бауырларды бастап келіп, «қала салған» «байырғы жер патшасы – Нұқты»-да біреу біледі, біреу білмейді. Мың жерден оны кінәлілашылар табылса да, осы өлкенің игерілуіне, осы жаңа мекеннің бой көтеруіне мұрындық болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Нұқтың қасынан табылатын аяулы ағалары Ока, Сәулен сынды елжанды кісілер де бақилық болды.
Олардың артында берекелі де, мерекелі күнін күткен Қоянды сынды жаңа ауыл қалды. Олардың артында еңбегін елеп, есімін ұмытпай жүретін ел-жұрт, ұрпағы қалды.
Қазақстандық ескі жүйенің орнына «Жаңа Қазақстан» орнады. Нұқты жүрегіне сақтаған адал, арлы жандар әлі де болса үмітін үзбей, азаматының ақталып, атақ-абыройының қалпына келетінінен күдерін үзген жоқ. «Жаңа Қазақстандағы жаңа Қояндының көшелерінің біріне осы ел мен жерге ерекше еңбек еткен Нұқтың есімі қашан беріледі?» деген сауалдарды да құлағымыз жиі шалады.
Қазақтар: «адамның аузындағы Алланың құлағына шалынады» деген ескі сөзді көп қолданушы еді. Оны біз қазір: «Аллада құлақ болмайды, назарына ілігеді» деп жүрміз. «Табан ет, маңдай терін жұмсап» дегенде ешкім табан етін сылып тастамайды, баламалы айтады. Сол сияқты «Алланың құлағы»-да баламалы «құлақ» (назар) ғой. Мен Нұқаңа алғаш рет танысқанда: «кейін сіз туралы кітап жазатын боламыз!» деп едім. Алла аузыма салды ма кім білсін, енді, міне, қазалы күндердегі қабырғамызға сүйеу еткен, марқұмның еңбегін елеген кітап жұмысы да қолға алынды. Бәрі де бір Алланың бұйрығымен.
Жатқан жерің жаннат, топырағың торқа болсын, Нұқа!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,
Жазушы-тарихшы,
Қазақстан жазушылар одағының,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі.