Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жәди Шәкенұлы. Лияңшан қопасы-Қоянды және жігіттің сұлтаны Нұрлан хақында

233
Ұлтқа қызмет етудің үлкен-кішілігі болмайды. Жүрек таза, ой ұшқыр, ниет түзу болса адал еңбектің жемісін ұрпақ жейді. 2011 жылы Қоянды ауылына көшіп бардым. 2013 жылы Сәулен, Ока, Өмірзақ, Баянбай, Жақсылық сынды бір топ ағалар маған келіп: «Қоянды ауылының мектеп директорындық қызметін қолыңа алсаңшы, осында отырған халықтың еңсесін көтеретін өзіңдей азамат керек» деп жығыла жабысты. Бас тартқаныма қарамастан ақыры айтқандарын орындатпақ ниетпен сол кездегі Целиноград ауданының әкімі Бақберген Мәуленовке өтініш-тілектерін жеткізді. Содан аз ғана уақыт бұрын Қоянды мешітінің ашылу салтанатын мен жүргізіп, сонда Бақберген әкімнің назары маған ауған-ды. Сөйтіп, бірден қабылдады. «Мамандығым мұғалімдік болса да, көбінде ақпарат саласында жұмыс атқарып, қарайып қалдым ғой. Қызмет мүддесінен шыға аламын ба!?» деген уәжімді құлағына ілген жоқ, тізеге басты. Тап бір бәрі уағдаласып алғандай мені тік көтере жөнелді. Ахмет Байтұрсыннан қалған алаш аманаты – халық жұмысы ғой деп иліктім. «Мектепті қайтсемде көтеремін» де күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, іске кірістім. 900 балаға арналған мектепте 609 бала оқиды екен. Мен барғасын оқушы саны лап етіп 1500 балаға, кейіннен 2000 балаға көтерілді. Ендігі жоспардың бірі білікті мамандар қосынын топтау. Директор тағына отыра қалып көп өтпестен алдыма «Нұрлан Мәуленұлы» есімді шойыннан құйғандай, орта бойлы, жұп-жұмыр азамат кірді. Моңғолияда туып есейген. Өзі де әйелі де спортшы, бала-шағасымен Ереймантауда тұрады екен. Жерден жеті қоян тапқандай бас салдым: «Нұреке, Ерейментауды қой, осында кел, мына жұтаңқы мектепті көтерейік. Қоянды-Қоянды деп жаман жағынан шулап жатқан ауылдың жақсы атын шығарайық!» дедім. Нұрекең қуана келісіп: «Жәке, атақ-даңқыңызды естіп жүрміз, сырттай білеміз, сіз келді дегесін қуана келіп сәлем беріп жатқаным еді, менің ойым да сол, қазақты ала бөтен етіп бөлгендік емес, осы ауыл арғы-бергі беттен жиналған өз ағайын-бауырларымыз ғой, екі жақтап ағайындардың жақсы атын шығарайық» деп ағынан ақтарылды. Қол алыстық. Ер жігіт сөзінде тұрады. Нұрекең бала-шағасымен көшіп келді. Мен: «Нұреке, сабақ кестесі бойынша спорт залы кейде бос, кейде бос болмайды. Сіз мүмкіндігінше кешкі уақытты пайдаланыңыз. Ол жетіспесе бүкіл жертөле (подвал) бос тұр. Соны тазалап күндіз-түні пайдаланыңыз» дедім. Сол келісім бойынша Нұрлан Мәуленұлы күнзіз-түні бала жаттықтыруға кісісті. Күндіз түгілі түн бойы мектепті дүбірлетіп жатқанын көріп, арызданушылар да шықты: «ойларына келгенін істеп жатыр» деп. Қытайдың «Су бойында» аталатын классикалық романы болушы еді. Бас кейіпкер Сұң Жияң қашқын-пысқын, қуғын көрген 108 батырды бауырына жинап, бүкіл Лияңшан қопасы түгіл патшалықты тітіреткен. Дәл сондай менің де қол астыма білікті, білімді азаматтар жиналды. Көбі шетте туып, Қазақстан азаматтығын алғандар. Арғы беттен келген ауылдастарым да барынша қолдау көрсетіп, көмектерін көрсетті. Білім, ғылым, тәртіп, спорт, т.б. қойшы әйтеуір, мектеп өміріне тән барлық жақты дамытуға жан сала кірістік. Біздің бұл жанталысымыз біреуге жақты, біреуге жақпады. Ең басты күдік: «шетте туып келгеніміз» болды да, облыс, ауданнан келген арнайы комиссия: «Жәди Шәкенұлы, сіз басшылыққа келгелі 80 оралманды жұмысқа алыпсыз, бұл деген сұмдық қой!» деп шүйлікті. Мен күлдім, олар одан бетер шамырқанды: «неге күлесіз?» деді. Мен: «сіздер оралман деп отырғандардың басым пайызының шетте туғаны рас. Бірақ шетел азаматы емес, Қазақстан азаматы. Оларды оралман деп айтуға болмайды, сіздер заңды білмей отырсыздар, соған күлдім» дедім. Олар сұрланды, ашуланды. Бәрі бір мені жақсы көрмей, талағы тарс айрыла аттанды. Сол «оралманның» бірі Нұрлан Мәуленұлы тәрбиелеген шәкірттер аудан, облыс, республикадан жүлделер ала бастады. Тіпті алды Халықаралық сайыстарда бақ сынады. Спорт саласы ғана емес, мектептің оқу нәтижесі, білім сапасы күн санап артты. Қоянды тарихында тұңғыш рет «алтын белгі» қорғадық. Ғылыми байқауларда оқушыларымыз республикалық бәйгелерде жүлде алды. Жоғары оқу орындарына түсу салыстырмасы мен білім көрсеткіші де үздіксіз өсті. Өз жеке басым облыстық конференцияларға қатыстым, жеке ашық сабақтар ұйымдастырдым. Облыстық білім басқармасы амалсыздан мені «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Сөйте тұра, қарша бораған арыздардан аман жүрген кезіміз жоқ. Ақ боран, ақырған аяз арасында арпалыспен күн кештік. Сондай күндерде қасымнан табылған білікті, білімді ұстаздар көп еді. Соның бірі және бірегейі болып Нұрлан Мәуленұлы қасымнан табылды. Біз сөзімізбен емес, ісімізбен өзімізді көрсеттік. Жоңғар заманындағы атақты қазақ батыры Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдық тойын (2014 жылы) Қоянды ауылында аса салтанатты өткізуде де Нұрекең екеуіміз қанаттаса жүгіріп, абыройлы жұмыс атқардық. Ер Жәнібек атындағы, Оспан батыр атындағы республикалық чемпиоттарды бірлікте өткіздік. Дәл осындай кезде мені міндетке тағайындауға тіке ықпал еткен Бақберген Мәуленов аудан әкімдігінен кетті. Облыс, ауданнан құралған тақ иелері (құзіретті мекеме басшылары) шұбыра келіп, менен «сүйінші» сұрады: «Жәди Шәкенұлы, сіздің кришаңыз Бақберген жұмысынан кетті, сізде кетіңіз, орынды босатыңыз!» деп ашық айбар шекті. Мен тағы да күлдім: «нәтижем облыстың алдында тұрса, не үшін кетуім керек?!» деп. Олар тісін тісіне басып аттанып кетті. Бір жыл ішінде 21 рет тексеріс ұйымдастырылып, бас көтертпеудің барлық шарасы жасалды. Сондай қиындықтар арасында мектепке бала сыймай дау туындады. 900 орынға арналған мектептегі бала саны 2000-нан асып, үш ауысымға көштік. Ата-аналар мен ұстаздар жәрдемі арқылы өз күшімізге сүйеніп кең залдардан жеті жаңа кабинет жасадық. Жеке кәсіпкер ретіндегі мектеп асханашысын да жәрдемге шақырдық. Тім құрыса мектептің от жағу пешіне көмір таситын арба алып беруіне өтініш білдірдік. Ол бізге бірден мақұлдық бейне танытса да, жасырын түрде салып ұрып, қаржы полициясына барып: «мектеп басшысы менен ақша бопсалап жатыр» деп шағым беріпті. Олар асханашыға камера байлап, қолына мөрленген ақша беріп, бірнеше мәрте маған жіберді. Ашық алдыма келіп: «міне, сұраған ақшаңыз» деп конверт ұсынды. Сездім, алмадым. «Мектепке көрсетер көмегің болса маған емес, завхозға бер» деп кабинетімнен шығарып жібердім. Ақыры хатшы қыздар арқылы кабинетімдегі кітаптар арасына 80 мың теңге қалдырып, дәл сол минутта қаржы полициясы қызметкерлері басып кірді. Кабинетімдегі кітаптар арасынан 80 мың теңге «тауып алып», ат басындай алтын тапқандай қуанды, аса қауіпті қылмыстыны ұстаған батырлар кейпінде мені қамаққа алды. Дәл осындай сынақ сәтте, ұстаздар қауымының 95 пайызы мені ақтау туралы және босату хақында арыз-шағым, өтініштер берді. Тіпті аудандық білім бөлімінің бас бухгалтері Сәуле Қазтаевна да маған куә болып: «ол мектепке беріп келген адам, бермесе алмайды. Демеушілік көмек тартып жатқаны туралы бізге де айтқан. Асханашы бас араздығына бола, қысастықпен істеп отыр. Оны босатыңдар!» деп тергеушіге ақтау туралы куәлік берді. Десе де бірлі жарым ағайындар: «әй, өзінде де бар ғой, жел соқпаса шөптің басы қимылдай ма?» деп мені кінәлап өсек таратты. Тіпті ішкі істер бөліміндегі мәлім полиция қызметкерінің айтақтауымен мені қамақтан босатпай, жаңа қылмыс таңу хақында «тың мәліметтер» топтап, оған қосылып арыздар жазғандар да болды. Таңдануға болмас, ондай жаулар кезінде қазақтың талай зиялылары мен алаш арыстарын да аттырған ғой. Достың досы, ердің ері осындай қиын сәтте сыналады екен. Бастан-аяқ мені қолдаған, мен үшін шыр-пыр болып, тергеушінің алдына дейін барған Сәулен аға, Қаржаубай Сартқожаұлы, Дүкен Мәсімханұлы, Жақсыбек Қақанұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Нұрлан Мәуленұлы, Оразбек Сапарханұлы, Тілеубек, Шеризат, т.б. азамат, азаматшалар көп болып еді. Ботан, Мұқият, Нұрболат сынды азаматтар отбасы, бала-шағама барынша жәрдем көрсетті. Міне, тарихтың осындай қиын сынағынан сүрінбей өткен біздің Нұрекең тергеу залына дейін кіріп, менің жеңіме жасырып шыққан хатымды да адал иелеріне аманаттады. От пен судың ортасында, қыл көпірде достық, азаматтық тұлғасын танытты, сынақтан сүрінбей өтті. Менің пәле-қаладан құтылып, бостандыққа шығуым үшін қолынан келгенін аямады. Мені тергеу залынан босатқанда да Жеңіс Түркияұлы, Бақытбол Берімбайұлы, Қанат Байтоллаұлы сынды азаматтар қатарынан Нұрекең де табылды. Барлығы балаша қуанып, төбелеріне көтерді. 350 адам жиналып, аман шыққаным үшін Қояндыдағы «Алаш» мейрамханасында той өткізді. Мен мектепке қайта оралмасамда, өткенге салауат айтып, осыдан кейін де көптеген спорттық шараларады Нұрекеңмен бірге ұйымдастырдық. Достық қарым-қатынасымызға селкеу түспеді. Ел жүгін көтеруден шаршамадық. Нұрекең Қоянды мектебінің, Қоянды ауылының атын ғана шығарып қалмай, Целиноград ауданының, Ақмола облысының атын асқақтатты. «Қоянды мектебінің балалары келе жатыр» десе, талайдың тізесі дірілдейтін болды. Республика ғана емес, әлемдік деңгейге де батыл, жеңісті қадам басты. Бүгін де Нұрлан Мәуленұлы ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, Ақмола облысы белбеу күресі және ұлттық күресі түрлері федерациясының президенті, Дзюдо күресінен Моңғолия елінің спорт шебері, Қазақ күресінен және белбеу күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. 2015, 2021, 2023, 2024 жылғы Қазақстан республикасының үздік жаттықтырушысы. Өз отбасы арқылы өнеге көрсеткен Н.Мәуленұлы жары ҚР спорт шебері, белгілі ұстаз Тания Сахабамен бірлікте балалары – Есенбол, Ербол, Бекбол, Нұрдастандарды әлемдік деңгейге дейін көтеріп, ел-жұртына қомақты олжа салды. Айталық, Есенбол Нұланұлы Қазақстан Республикасының спорт шебері, Азия чемпионы. Ербол Нұрланұлы әлем чемпионы, Азия цемпионы, Халықарлық дәрежедегі спорт шебері. Бекбол Нұрланұлы бес дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, екі дүркін көшпенділер ойыны чемпионы, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Нұрдастан Нұрланүлы Қазақстан республикасының чемпионы, спорт шебері. Нұрланның інілері Нұрбол, Сәкендер де спорт саласының саңлақтары. Халық бізден көп үміт күтті. Ол спорттық жетістігі арқылы халқына алтын, күміс ордендер сыйлады. Мен том-том кітаптар ұсындым. Халық үшін қызмет ету бағытынан еш жаңылмадық. Қазірде ұзақ көріспесек, сағынысып хат жазысып отырамыз. Қояндыдан шалғай жүрген сәттерімде, ондағы өмірім туралы айтқанда, қытайдың «Су бойында» атты классикалық романының бас кейіпкер Сұң Жияң және оның қол астына жиналған 108 батыр мен Лияңшан қопасы көз алдыма келеді. Сол батырлар ортасында сегіз батпан курзісін үйіріп, соңынан қасқырдай жалаңдаған ұлдарын шұбыртқан алып баһадүр елестейді. Иә, ол шыныменде батыр. Батырдың есімі – Нұрлан Мәуленұлы. Біз тұлғаларды өлгесін мақтауға үйір халықпыз ғой. Мен оны – Нұрекеңді тірісінде-ақ ту қып көтердім, еңбегінің өзім куә болған аз сәтін әлімше ала қағазға түсірдім. Қазақтың әр қатыны Нұрландай ұл туып, солардай ұл тәрбиелеп жетістірсе, қазақ даласы батыр-бағланнан еш кенде болмас. Отаншылдық рухтың қарапайым бейнесі оғландарының қолындағы ел байрағы. Жай байрақ емес, алтын күн мен қыран құстың суретін айшықтап, аспан төрінде қалықтатқан жеңістің жалауы. Сол байрақ мәңгілік көк жүзінде желбірей берсін! Біз сізбен біргеміз, Сіз екеуіміз елмен біргеміз, Нұреке!!! Жәди Шәкенұлы Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Еуразия жазушылар одағының мүшесі Жазушы-тарихшы. 22.01.2025. Алматы.