Munarmedia.kz 04.07.2025 /Астана/-Қазақстанның аграрлық секторындағы фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бірақ бұл жолы да қоғам мен парламенттен көтерілген дабылға үкімет тарапынан нақты жауап берілмеді. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов бастаған «Ауыл» партиясы фракциясы елімізге жұқпалы өнімдердің жаппай әкелініп жатқанын айтып, жүйелік дағдарысқа назар аударуға тырысты. Алайда премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған жауап бұл мәселенің салмағына сай келмеді.
Сауалда депутаттар Қазақстан нарығына карантиндік зиянкестер жұққан көкөністер мен жемістердің жаппай әкелінуін, жалған фитосанитарлық сертификаттардың таралуын және мемлекеттік бақылау жүйесінің күйреуін нақты деректермен көрсеткен. Олар бұл ахуалдың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғанын, ал тиісті ведомстволардың әрекетсіздігін ашық сынады.
«Тиімсіз бақылау, жалған компаниялар, жеңіл айыппұлдар – мұның бәрі экспорттың абыройын түсіріп, ішкі нарықты қауіпке ұрындырып отыр», – делінген ресми хатта.
Үкімет депутаттардың бұл сынына нақты уәжбен емес, жалпы сипаттағы техникалық баяндаумен жауап берген. Құжатта мынадай мәліметтер келтірілген:
-
Зертханалар 2026–2028 жылдары жаңғыртылады;
-
Инспекторларды оқыту Еуроодақтың қолдауымен жүргізіліп жатыр;
-
ePhyto цифрлық жүйесі пилоттық тәртіпте енгізілуде.
Алайда жалған сертификаттар, шекарадағы олқылықтар мен жауапты тұлғалар туралы бірде-бір сөз жоқ. Сауалдың ең маңызды бөлігі – кім жауап береді және не істелмек – жауапсыз қалған.
Қызығы, үкімет нақты проблемаға жауап бермей, жазаны қатаңдату шағын және орта бизнеске кесірін тигізуі мүмкін деген уәж келтіреді. Бұл — жауапкершілікті нақтыламай, мәселені жұмсартуға бағытталған саясаттың көрінісі іспетті.
Сонымен қатар, үкімет жауабында 2023–2024 жылдары бидай мен алма өнімдерінің импортына уақытша тыйым салынғаны атап өтіледі. Алайда, бұл бұрынғы уақытша шаралар бүгінгі жүйелік дағдарысты шешуге жеткіліксіз екені айтылмай қалған.
Фитосанитарлық бақылау органдарының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 150-ден астам індетті өнімнің елге кіргені тіркелген. Бұл өнімдердің басым бөлігі Ресей, Қытай, Иран және Өзбекстаннан жеткізілген. Олардың кейбірі аса қауіпті зиянкестермен зақымданған.
Бірақ дәл осы деректер негізінде мемлекеттік органдардың әрекеті, жауапты тұлғалардың есімі немесе нақты санкциялар туралы сөз қозғалмаған. Бұл – саяси жауапкершіліктен жалтарудың тағы бір көрінісі.
«Ауыл» фракциясы әзірге үкіметтің жауабына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ мәжілісмендердің көтерген проблемаларына үкіметтің салқын әрі немқұрайлы көзқарасы қоғаммен және парламентпен диалогтың біржақты сипатын тағы да дәлелдеді.
Үкіметтің бүгінгі үнсіздігі – ертеңгі азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіптің көлеңкесі болуы мүмкін.
Фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі – бұл тек аграрлық саланың ішкі мәселесі ғана емес. Бұл – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі, халық денсаулығы және халықаралық саудадағы абыройы. Бұл мәселеге немқұрайлы қарау стратегиялық қателікке ұрындырады.
Қазақстан өз фитосанитарлық жүйесін түбегейлі қайта қарап, жалған құжаттар мен шенеуніктердің жауапкершіліктен жалтаруына жол бермей, нақты реформаларға көшуі тиіс. Әйтпесе, еліміздің халықаралық серіктестерімен байланысы ғана емес, ішкі тұтынушының амандығы да қауіпке ұшырауы мүмкін.
Ағзам Абдрахманов