Жаркентте 74261 әскери бөлімінің инженерлік қызметінің 27 жастағы бастығы Дархан Дәулеттің қазасына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. ІІМ әскери тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, батальон командирі мен үш мерзімді әскери қызметкер тұтқындалып, бөлімше командирі қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қайғылы жағдайдан кейін мемлекет басшысының өкімімен құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Асан Жүсіпов қызметінен босатылды.
Оқиға 14 қарашаға қараған түні Дарханның кезекшілігінде болған. Түнгі бірде әскери бөлімнің аумағынан зорлық-зомбылықпен өлім белгілері бар офицердің денесі табылды. Туыстарының айтуынша, жігіттің қол-аяғы байланған, басы сынған.
Бас әскери прокуратураның хабарлауынша, "Әскерге шақырылушыларға қатысты оның өліміне әкеп соқтырған бастықты ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық көрсету” фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.