Munarmedia.kz.10.07.2025 ж. /Астана/-Қаржы реттеушісі қазақстандықтарға зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңде өз жасына қарай инвестициялық стратегия таңдауға мүмкіндік беретін шешім қабылдады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) біріктірілгелі бері зейнетақы жинақтарының көлемі шамамен 23 трлн теңгеге жетті. Бұл – мемлекет уақытша пайдаланып отырған ұзақмерзімді және арзан қаржы ресурстары. Алайда жүйенің басты мақсаты – азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету – әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Қазіргі жинақтар мен салымдар азаматтардың еңбек табысын толық алмастыра алмайды. Мәселен, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70%-ға дейін жетсе, Қазақстанда – 40%-тың төңірегінде ғана.
Бұл көрсеткішке әсер ететін бірнеше фактор бар: өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың зейнетақы жарналарын аударуға деген сенімсіздігі мен құлықсыздығы; 25-45 жастағы еңбекке қабілетті халық санының қысқаруы және халықтың қартаюы; сонымен қатар зейнетақы активтерін табысы төмен қаржы құралдарына инвестициялау тәжірибесі. Қазіргі уақытта қаражаттың негізгі бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарға және ұлттық компаниялардың облигацияларына салынуда. Мұндай тәсіл активтердің сақталуын қамтамасыз еткенімен, нақты кіріс алып келмейді.
Осындай жағдайда мемлекет зейнетақы жинақтарының инфляциядан қорғалуына кепілдік береді. Зейнет жасына жеткен кезде жинақ құнсызданса, айырмашылықты мемлекет өтейді.
Инвестициялық саясатты жетілдіру мақсатында бірнеше жыл бұрын азаматтарға өздерінің міндетті зейнетақы жарналарының 50%-на дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға (ЖБК) аударуға рұқсат берілген болатын. Алайда бұл мүмкіндікке сұраныс төмен – қазіргі таңда жеке басқарушылардың қолында бар болғаны 65 млрд теңге ғана. Бұған ЖБК портфельдерінің құрылымы БЖЗҚ-мен бірдей болуы себеп. Оның үстіне, басқарушы компанияларға қойылатын талаптар тым қатаң: егер олардың табыстылығы теріс болса, айырмашылықты қысқа мерзімде өтеуге міндетті. Бұл жағдай тәуекелге баруға және жоғары кіріс алуға кедергі келтіріп отыр.
Нәтижесінде үкімет тығырыққа тірелді. Зейнетақы қорына түсетін жарналар баяу өсуде, халықтың өмір сүру ұзақтығы артып келеді, ал инвестициялық кірістілік төмен деңгейде қалып отыр. Осындай жағдайда азаматтар зейнетақы жинақтарының құнсыздануынан қауіптеніп, оларды мерзімінен бұрын пайдалану жолдарын қарастыруда – кейбіреулері жылжымайтын мүлікке инвестиция салса, өзгелері рұқсат етілген медициналық қызметтерді тұтынып отыр. Бұл ретте мемлекет базалық және ынтымақты зейнетақыларға қомақты қаржы бөлуге мәжбүр. Ал жинақтаушы жүйе баяу жұмыс істейді. Инфляцияның жоғары болуы зейнетақы портфельдерінің тиімділігін төмендетіп отыр. Осы себепті үкімет жеке басқарушыларға нақты инвестициялық басқару жүргізуге рұқсат беруге шешім қабылдады.
Жаңа үлгі: үш түрлі стратегия
2026 жылдан бастап ЖБК басқаруына өз жинақтарын тапсырған азаматтар инвестициялық стратегияны жас ерекшелігіне қарай таңдай алады:
-
Агрессивті стратегия – ең жас салымшыларға арналған. Бұл портфельдің 80%-ына дейін акцияларға, 20%-ына облигациялар мен мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, активтердің 80%-ына дейін шетел валютасында болуы мүмкін. Бұл портфельдің табыстылығы 60 ай (5 жыл) көлемінде есептеледі.
-
Үйлесімді стратегия – орта жастағы азаматтарға бағытталған. Акциялар – 60%, облигациялар мен мемлекеттік бағалы қағаздар – 40%, шетел валютасындағы активтер – 60%-ға дейін. Нәтиже 36 ай ішінде бағаланады.
-
Консервативті стратегия – зейнет жасына жақындағандарға арналған. Портфельдің 80%-ы борыштық қағаздарға, 20%-ы акцияларға салынады, валюталық үлес 30%-дан аспауы тиіс. Табыстылық жыл сайын есептеледі.
Осы үш портфельдің барлығына ортақ бір көрсеткіш енгізіледі – композиттік индекс немесе бенчмарк. Бұл индекс жаһандық қор нарықтарының индекстеріне негізделген, оның ішінде Қазақстан қор биржасының (KASE) индексі де бар. Бұрын инвестициялық басқарудың жалғыз бағасы – инфляцияны жеңу болатын. Енді әр стратегия тиісті бенчмаркпен салыстырылады. Бұл — әртүрлі нарықтық секторлар мен географиялардағы құбылмалы жағдайларды ескеруге мүмкіндік береді. Индекстер тез құлдырауы мүмкін, бірақ сондай жылдамдықпен қалпына келу қабілеті де бар. Сәйкесінше, инвестициялық басқарушының міндеті – нарықтағы жағдайға уақтылы бейімделу.
Мемлекеттік реттеушілердің үміті — осындай сараланған стратегиялар мен ұзақмерзімді тиімділік бағалау жүйесі азаматтардың ЖБК-ларға сенімін арттырып, активтердің бір бөлігін БЖЗҚ-дан жеке секторға көшіруге түрткі болады.
Ұлттық банктің рөлі қандай?
Бүгінгі таңда зейнетақы активтерінің басым бөлігін – 22,8 трлн теңге – Ұлттық банк басқаруда. 2025 жылғы маусымның басында Ұлттық банк 0,69% мөлшерінде инвестициялық шығынға ұшырады. Бұған АҚШ долларына қатысты теңге бағамының өзгеруі мен қаржы құралдарының нарықтық құнының төмендеуі әсер еткен. Мәселен, ҚР Қаржы министрлігінің және АҚШ үкіметінің мемлекеттік қағаздары арзандаған.
Алайда Ұлттық банк әзірге жаңа стратегияларға қатыспайды. Бұл шешімнің мерзімі белгісіз. Себебі Ұлттық банктің қолындағы портфель көлемі өте үлкен, оны дұрыс басқармаса, ішкі қор нарығында елеулі күйзеліс туындауы мүмкін. Оның үстіне мемлекет ұзақ мерзімді және арзан зейнетақы ақшасынан өз еркімен бас тартуы екіталай.
Қорытынды: Қазақстанның зейнетақы жүйесі жаңа кезеңге аяқ басып келеді. Жаңа стратегиялар мен инвестициялық басқару тетіктері салымшылардың таңдау еркіндігін кеңейтіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы мүмкін. Алайда жүйенің негізгі бөлігі – Ұлттық банкке сеніп тапсырылған қаржы – әлі де жабық алаңда қалып отыр. Бұл фактор болашақ өзгерістердің қаншалықты нәтижелі болатынына тікелей әсер етеді.
Татьяна Лановая
Аударма: Munarmedia.kz.10.07.2025 ж. /Астана/