Зеленский Ресей, Иран және КХДР-ды "қаскөйлер коалициясы" деп атады

20



Munarmedia.kz. 25.06.2025 /Астана/-Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің бейбіт нысандарға жасаған түнгі дрондық және зымырандық шабуылын қатаң айыптап, бұл шабуылда Иран мен Солтүстік Кореяның да үлесі барын мәлімдеді, деп хабарлайды Exclusive.kz DW-ге сілтеме жасап.

«Бұл шабуыл нәтижесінде төрт облыстағы нысандарға зақым келді. Барлығы 352 дрон ұшырылған, оның ішінде 159-ы – ирандық "Шахедтер", сондай-ақ 16 зымыран қолданылған. Алдын ала дерек бойынша, олардың арасында Солтүстік Корея жасаған баллистикалық зымырандар да болған», — деді Зеленский 23 маусым күні таңертең Telegram арнасында.

Оның айтуынша, Украина әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері дрондар мен зымырандардың едәуір бөлігін жойғанымен, барлығын тоқтата алмаған.

«Өз азаматтарының өмірін қорғауға Ресеймен, Иранмен және КХДР-мен шекаралас барлық мемлекеттер ойлануы тиіс. Егер бұл қаскөйлер коалициясы өмір сүруін жалғастырып, террорды тарата берсе — бұл бүкіл өңір үшін қауіп», — деді Украина басшысы.

Зеленский бұл мәселені Ұлыбританиядағы сапары кезінде серіктестерімен талқылауға уәде берді. Оның сөзінше, Украина аспанын қорғау – бүкіл Еуропа қауіпсіздігінің тірегі болуы тиіс.

«Біз бүгін Ұлыбританияда жаңа қорғаныс шешімдері мен Ресейге қарсы ықпалды қысым шараларын талқылаймыз», — деді ол.

Киев облысындағы Белоцерков ауданына жасалған шабуыл салдарынан кемінде бір бейбіт тұрғын — 1957 жылы туған әйел көз жұмды. Бұл туралы Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Николай Калашник мәлімдеді. Сонымен қатар, аудан аумағында жеке үйлер, көпқабатты тұрғын үй және емдеу мекемесі орналасқан қонақ үй қиратылған.

Киев қаласының мэрі Виталий Кличко шабуыл салдарынан астанада 6 адам қаза тауып, 15-тен астам адам жараланғанын хабарлады. Оның ішінде екі бала мен жүкті әйелді құтқару мүмкін болды.

Украин БАҚ мәліметінше, шабуыл кештен таңға дейін жалғасқан. Ресей дрондар мен баллистикалық және қанатты зымырандарды кең көлемде қолданған. Бұл Украинаның астанасы мен бірнеше аймағына бағытталған үйлестірілген соққы болған.

Киев қалалық әскери әкімшілігі жариялаған мәлімет бойынша, "Святошин" метро стансасының инфрақұрылымы зақымданып, бір шығыс есік уақытша жабылған. Дарница ауданында екі қабатты тұрғын үйге зиян келген, ал Десна ауданында тұрғын үй ауласында үлкен шұңқыр пайда болған. Шевченко ауданында бес қабатты тұрғын үйдің бір кіреберісі түгелімен қираған. Құтқарушылар үйінді астында адамдар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Украинаның Әуе күштерінің Telegram-арнасында жариялаған дерекке сәйкес, Ресей тарапынан "Shahed" үлгісіндегі соққы дрондары мен олардың имитациялық нұсқалары, сондай-ақ 11 "Искандер-М/KN-23" баллистикалық және 5 "Искандер-К" қанатты зымырандары қолданылған. Шабуыл Курск, Шаталово, Орёл, Брянск, Миллерово, Приморско-Ахтарск және Таганрог қалаларынан басталған. Әскерилердің айтуынша, соққының басты бағыты – Киев қаласы.

Украина ПВО күштері жалпы саны 354 әуе шабуыл құралының 12 зымыранын (оның ішінде 7 "Искандер-М" және 5 "Искандер-К") жойғанын хабарлады. Бірақ Киев пен оның маңында 6 жерде әуе соққысының тура түскені және 25 жерде дрон қалдықтарының құлағаны тіркелді.