Ғаламда бұрын-соңды кездеспеген 48-ші қан тобы анықталды

49



Munarmedia.kz. 25.06.2025 /Астана/-Француз зерттеушілері Гваделупа аралында тұратын әйелдің қан құрамын зерттей отырып, ғылымға беймәлім жаңа қан тобын анықтады. Бұл — қазіргі уақытқа дейін тіркелген 48-ші қан тобы. Жаңа топқа "PigZ" атауы берілген.

Ерекше қан тобы 15 жылдан аса уақытқа созылған генетикалық зерттеулердің, сондай-ақ ДНҚ талдауларының нәтижесінде белгілі болған. Бүгінде аталмыш қан тобы Жер бетінде тек бір адамнан ғана — сол Гваделупадағы әйелден табылып отыр.

Қан топтары қызыл қан жасушаларының (эритроциттер) бетінде болатын немесе болмайтын антигендерге байланысты анықталады. Бұл антигендер ағзаға «өз» және «жат» жасушаларды ажыратуға көмектеседі. Қазіргі уақытқа дейін ғылымда 360-тан астам антигендер жиынтығы бар 47 қан тобы белгілі болған еді.

Қан топтарын дұрыс анықтау – медицинада шешуші рөл атқарады. Себебі сәйкес емес қанмен құйылған жағдайда, адамның иммундық жүйесі күшті реакция беріп, өмірге қауіп төндіретін жағдай тудыруы мүмкін. Мысалы, А тобындағы адамға тек А немесе О тобы жараса, АВ тобына барлық топтағы қан құйыла береді.

Ғалымдар осы уақытқа дейін ең кең таралған топ ретінде XX ғасыр басында австриялық биолог Карл Ландштейнер ашқан ABO жүйесін (А, В, АВ және О топтары) пайдаланып келді. Ал сирек және ерекше топтар жыл өткен сайын жаңа антигендердің ашылуына қарай жіктеліп отыр.

Францияның Ұлттық Қан қызметінің (EFS) мамандары бұған дейін, 2024 жылы, 46-шы қан тобын тіркеген болатын. Екі жылдан кейін, міне, 48-ші топ ресми түрде танылды.

«Қан топтарының жаңа түрлерін анықтау — сирек топтарға ие адамдар үшін медициналық көмекті жекелендіріп, анағұрлым сапалы етуге жол ашады», — деп атап өтті зерттеушілер өз еңбектерінде.

Ғылыми жаңалық 2025 жылғы 31 мамырда Милан қаласында өткен Халықаралық Қан Құю Қоғамының (ISBT) конгресінде жария етілді.