Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстанның 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасының басты бағыттарының бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес үшін заманауи басқару құралдарын енгізуді, заңнаманы жетілдіруді, жаңа ұйымдастырушылық мәдениетті қалыптастыруды және адами капиталдың сапасын үнемі арттыруды көздейтін жүйелі тәсіл қажет.
Мемлекеттік қызметтің кәсібиленуі мен клиентке бағдарланған аппаратты қалыптастыру осы тұжырымдаманың негізгі мақсаты болып табылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға, тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз етуге және азаматтардың мүддесіне басымдық беруге бағытталған.
Ротация жүйесі және жауапкершілік
Агенттік осы міндеттерді шешу мақсатында мемлекеттік қызметшілерді басқарудың заманауи әдістерін енгізіп, тиімді шешімдерді іске асыруда. Солардың бірі – ротациялау жүйесі. Ротация мемлекеттік қызметшілер арасында заңсыз әрекеттердің алдын алуға, кәсіби күйзеліске ұшырау қаупін азайтуға және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұрын ротация тек жоғары лауазымды қызметкерлер арасында қолданылса, қазір бұл механизм кеңейтіліп, барлық деңгейдегі қызметшілерге бағытталды.
Тағы бір маңызды қадам – мемлекеттік қызметшілердің саяси жауапкершілігін енгізу. Енді бағыныштылары сыбайлас жемқорлыққа барса, саяси қызметкер отставкаға кетуге міндетті. Осы талап енгізілгеннен бері 36 саяси қызметші отставкаға кетуге өтініш білдіріп, 16-сының отставкасы қабылданды.
Мемлекеттік қызмет көрсету және цифрландыру
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында сапаны арттыру – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды элементі. Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі азаматтар үшін ашық, қолжетімді және қарапайым болуы тиіс. Артық әкімшілік кедергілер мен бюрократия сыбайлас жемқорлық қаупін тудырады. Осыған байланысты қызмет көрсету процестері максималды түрде цифрландырылуда.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 93%-ы электронды форматта қолжетімді. 2024 жылы Агенттік қызмет көрсету жүйесін қайта қарап, процестерді оңтайландыру бойынша кешенді жоспарлар қабылдады. «Жасырын» қызметтердің біразы ашылып, қолжетімді болды. Сонымен қатар, Telegram-бот «EgovKzBot2.0» арқылы азаматтар шағымдарын немесе ұсыныстарын оңай қалдыра алады.
2024 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласында 85 мыңнан астам бұзушылық анықталды. 364 лауазымды тұлға әкімшілік, 1212 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал 660 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Лудоманиямен күрес
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі ретінде лудоманиямен күресу шаралары қабылданды. 2024 жылы 20 маусымда №95 бірлескен бұйрыққа сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды. Бұл талапты бұзғандар қызметтен босатылады.
Цифрландыру және бюрократияны азайту
Мемлекеттік қызмет саласында артық процедураларды алып тастау, цифрландыру және автоматтандыру арқылы бюрократияны азайту сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. «Бюро госпитализации» порталы арқылы ауруханаға жатқызу күнін автоматты түрде белгілеу сияқты жобалар іске асырылды. Бұрын бұл процесс азаматтардың қызметкерлермен тікелей байланысын қажет ететін, нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және құқықтық мемлекетті қалыптастыруға бағытталған шаралар «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» идеясын жүзеге асыруға үлес қосуда. Агенттік бұл бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыра береді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай