ДҮР дүние дүр сілкінді. Сілкінтіп тастады. Уа дариға арман жүрек, Тәңір берген орындалған тілек осы шығар!? Гимназия емес я болмаса байдың баласы емес, шендінің де емес, ауылдың орта мектебінде оқитын шаруа баққандардың баласы Италияға барып Робототехника бойынша БАС ЖҮЛДЕНІ жеңіп алды.
Бұл ауыл КИЕЛІ ауыл!..
Өйткені, сонау Сақ заманында осы АБЫЛАЙ-ХАН ауылының орнында алып шаһар болған деген болжам бар. Себебі, ел төңірегіндегі ескі қорымдардан сол заманда өмір сүрген ханшайымдар, патшалардың ұстанған заттары табылып жатыр. Тарихшылар солай дейді. Бәлкім сол кезден бастан аруақты ел атанып, Қыдыр әліксаламның табаны тиіп жерұйық атанған болар.
Бұл ауылдан арғы тарихты қозғайтын болсақ ҰЛЫ Абылайдың өзі құтты қоныс қылған, мәмілелі мәжіліс құрып, елдің тағдырын шешкен, талапайға елді түсірмеген, рухы басым ел болып қалыптасқан.
Атынан айналайын Бүркіттау, Апақай қыраты, Тажығұл байдың жайлауы, Ақсораң, Шәкі көл бұлардың барлығы ұлы тарихтың қойнауында халықпен жасасып жүрегінен орын алып келе жатыр. Кейбір дерек танымдарда қарайтын болсақ Русь империясының аузынан от бүріккен зеңбірегіне қарсы жалаң қылышпен шыққан Кенесары хан Бүркіттінің етегінде дүниеге келді деген ел аузында әңгіме бар. Ел қалт айтпайды, ел қата айтпайды, ел білген соң айтады. Бабасы баласының құлағына айтып құйып кетеді.
Иса Байзақов пен жыр додасына түскен Қалия ақынның Жұбандықовтың туған жері, тұрған елі, мәңгілік мекеніне жатқан жері.
Нұрмияш Көбенов, Орынтай Молдахметқызы, Азан мен Әмина ақындардың көмейінен маржандай жыр төгілген елі. Қысқасы танымды ел, тарихи ел! Аруақты ел.
Сонымен ауыл балалары Римге барып үлкен ұлы жетістікке жеңіске жетті. Римнің тарихына үңілетін болсақ, іргетасы қаланғанына үш мың жылға жуық. Рим жәдігерлерінің ұзын санын ешкім де анық айта алмас. Осы ғажайып шаһардағы Әулие Петр Соборы, Венеция сарайы, Сикст капелласы, Капитолий Консерваторлар сарайы, Рим форумы, Апий жолы, Треви субұрқағы, Әулие Каллиста Катакомбасы, Испания алаңы, Пантеон, Әулие періште қамалы сияқты ғимараттардың әрқайсысын жеке алып айтсақ, бұл көне қаланы көргенде арманда, көрмегенде арманда. Иә, Бурабайдың етегінде орналасқан Абылай –хан ауылы бар. Үш жүз үй түтін түтетіп отыр. 1109 тұрғыны бар. Он бір жылдық орта мектебі бар.
Римде ұлы жеңіске жеткен команданың атауы-«Абылайхан», «Vip QAZAQ». Команданың жалпы құрамы 3 ойыншыдан тұрады. Каппасов Дидар Серикович 17 жас, Қәдірбаев Нұрәлі Нұрлыбайұлы 17 жас, Жеңіс Дидар Жасұланұлы 17 жас. Қазіргі таңда Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері. Жетекшісі Абильжанов Нуржан Ғалиұлы Абылайхан Атындағы Қызылағаш ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, педагог-эксперт. 2019 жылдан бастап робототехника бойынша жұмыс жасауда. Жарыстың атауы: «Fibonacci Robot Olimpiad». Өтетін орны және күні: Италия-Рим, 22.11-22.11.2024 өткен сайыста Әлемнің назарын өздеріне қаратып күллі дүйім елді, қасиетті Көкшетауды оның ішінде Бурабай ауданының есімін паш етті.
Иә, қазіргі күні күллі Алаш баласы бұл жаңалыққа шын ниетімен қуанып жатыр. Бірақ сонау жылдары Абылай-хан ауылы атанғанмен күні бүгінге дейін "Қызылағаш округі" дейді. Өткенде әлеуметтік желіде біреулер мүлдем басқа ауданның «Қызылағаш ауылының балалары» деп айтып жазып жатыр.
Осындай ұлы жетістікке қол жеткізген абылайхандық балаларды Ұлы Абылайдың рухы жебеген шығар. Абылайхан атамызға қаланың атауын бермесек те, бір ауылдың атауын беруге болатын шығар!? Мысалы Қызылағаш ауылдық округі емес –Абылай-хан ауылдық округі деп атаса дейді ауыл тұрғындары.
Біздің ауылдың балалары осындай жетістікке өз күштерімен жетіп отыр. Әлі де алға қырандай көз тігеді, самғайды тынысы ашыла түседі. Шаба бер, құлагердей көсіліп елдің шамнан шырақ жаққан жастары. Тіл-көзден, көкіректілерден Алла қаға беріс қылғай!
Айтпақшы абылайхандықтар Әлемді аузына қаратқан балаларын арнайы ұлықтап ұлы салтанатпен қарсы алды.
Тәубе!
Қуанышын құтты болсын алаш баласы!..
Қазақ баласы ғылымды да, ғаламды да, ғарышты да бағындырады. Бұл сөзсіз. Өйткені тегінде ептілік пен тектілік бар.
Қуаныш құтты болсын бурабайлықтар!!!
Жасай берсін Абылай -хан ауылы!!!