АҢЫЗ КӨКШЕНІҢ АЛЫПТАРЫ
(ЭССЕ)
Атынан айналайын Бурабай!..
Хан Ордасы. Мына жақта сүмбіл шашбаулы қарағайға көмкерілген Көкшенің құзы. Шың басына қарасаң, ала –жаздай, алты ай қыс өзіндік реңінен ажырамай со қалпы тұрады. Бұл киелі Бурабайдың қасиетті тауы. Бала кезімізде шың басына өрмелеп шықсақ қой деп қиялдаушы едік.
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының,
Атақты Ақан мен Біржан салдың,
Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың, Шөже ақынның жүрген жерлері, кемеңгер Абылайдың Хан Ордасы. Бұқар жыраудың толғап-толғап жыр төккен жері, Атығай –Қарауыл елі!
Бурабай ауданы. Тоғыз жолдың торабы. Дешті Қыпшақтың даласы. Сұлу жер. Сұңғат жер. Саумал желді, көлді дала. Аққуы ұшып, қазы қонған, үйрегі былқылдап ұшқан, ауасы дертке дауа, көкірекке шипа.
Ол кезде Шортан қаласының мешітінің мұнарасы мұңға батып тұрғанды. Ие көп, ел жабылып мешіт құрылысы аяқталсын деп қаражат жинады. Әне салынады, міне аяқталады деп үміттенген иісі мұсылман баласы, жиырма жылдан асып кетті. Құрылысы қаңырап тұр. Әйтеуір бетке шіркеу еді. Ақанов Болат Аубайұлы деген азамат келді, ауданға әкім боп.
Алдымен мешітті көрді. Бірден іске кірісті. Ұят екен!.. Тұтас бір ауданның ақ мешіті аяқсыз қалса, дүйім елге күлкі, басқа қарайтындарға да, аяққа қарайтындарға да түрпі екен, мына тірлік деп ренжіпті.
Өзім көргенім жоқ, өзімнің жеке таныстығым және жоқ, бірақ аузы ашылса жүрегі көрінетін, аңқылдаған ақкөңіл азамат екен. Ел айтады. Тіпті анау-мынауды жақтырмайтындардың өзі айтады. Қолы ашық, іскер, кеңпейілді азамат еді деп.
Қазаққа жаны ашыған.
Алашым деген, қазағым деген азамат.
Қазақтың тілі деп алдымен тілден бастаған. Иә, қазақтың сонау егемендігін алған күннен бастап келе жатқан басты мәселесі тілі еді ғой. Қазақ газетіне барынша қолдау көрсеткен. Ешкімді бөліп-жармаған. Мешітті аяқтатып, құрылысын жүргізіп жан бітірді.
Құдай-ау, құдайдан қорықпайтындар «мешіт саламыз» деп, қаншама елден жылу жинады. Бірақ аяқсыз қалдырды. Ылғи ығай мен сығайлар, сыпалар мен жақсылар. Бәрі өткінші. Өтті де. Кетті. Өткенге топырақ шашып, өкпе айтпаспыз. Айтуға да болмас! Бірақ іштей ренжисің де қоясың!..
Ақанов Болат Аубайұлы мешітті аяқтап, салдырып берді. Өткенде жиын үстінде біреу «бұл мешітті заты орыс болса да, Ақановтан кейінгі әкім аяқтап берген...»,-деп қалмасы бар ма?
Иә, ашылу салтанатында аудан әкімі ретінде «лентасын қиған» екен. Бірер ауыз уәлі сөз, жарым лепес айтқан екен ОЛ әкім.
-Әй!-деді әлгіге елуден асқан азамат.
Құдайшылығымызды айтайық, Ақанов болмағанда бұл жарықтық мешіт әлі тұратын еді. Сол кісіге рахмет!.. Сен неге үндемей отырсың, әншейінде жазып, елді бір уыс қылушы едің ғой!? деп маған қабағын түйіп қарады.
Мен ол кезде елде едім. Бірақ, ел Ақановтың қандай әкім болғандығын жиі айтады. Азамат дейді. Ақкөңіл дейді.
Әйтеуір ол кісінің адресіне, жеке басына бәлендей сөз жуыған емес. Жақсының жақсылығын айт, нұры шалқысың деген атам қазақ.
Оғлан азамат. Алғыр азамат лауазымдық қызметте һәм құт дарыған Хан Ордасында көп отырмады.
Бірақ елдің жүрегінде іскерлігімен, қазақтығымен қалды. Қазір қай салада жүргендігін білмедім. Әйтеуір көптің батасын алған Болат Ақанов ағамызға жұлдызыңыз жоғары болсын дегеннен басқа тілегіміз жоқ.
Елдің батасына бөленген азаматтың әрқашан жолы ашық болатындығына өз басым сенем.
Жортқанда жолы болғай, бұл менің емес, бурабайлықтардың хұсни тілегі, нәзира сөзі. Соны жеткізіп отырмын. Өзі оқыр, оқымаса ел жеткізер. Аман болсын қазағым деп жүрген толағайдай тау мінезді, қазақтың бір шоң азаматы ғой, еңбегінің рақатын көрсін!
Бурабайдың Жеңісі