Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жеңіс Оспанов. Батырлардың тұяғы

197

Аңыз Көкшенің Алыптары сериясы 

Әбекең жайлы қалай айтсақ та жарасатын шығар? Өзі өкпелеп ренжи қоймас!.. Ел білсін, жұрт оқысын. Әділ төрелігін ел айтар. Халықтан асқан ұлы құдірет жоқ. Құдайдан кейінгі халық. Жыраулардың бір сөзі осындайда тілге оралады.

Тұлпар шауып, бәйге алмай,

Мәстек шауып, бәйге алып,

Озып жүрген заман-ай!

Жүн жібекке теңеліп, 

Асыл барқыт берендер,

Тозып жүрген заман-ай!

Заманның реңі бұл. Бұ заманға өкпе жоқ.  Қоғамды реттеуші адам. Ал қоғамды қалыптастырып жасаушы    тағы сол адам. Әр қоғамның өз Итбайы болады. Заманы түлкі болса, тазы боп шалатындар болады. Орта жолда шаң жұтып қалатындар болады.  

Итбайлардың талауына түскендердің рухы сынатыны болады.  Сынбайтыны болады. Нақақтан жала жауып, көзге шұқуға келгенде алдына жан салмайтын  «ақ азумыз» ғой.

 Иә, дәл солаймыз... Солақайға мықтымыз. Оңқайға келгенде  алып ұрамыз. Оның жазығы бар ма, жоқ па әйтеуір кеңістікте көзге түсіп қалды, құрта салу керек! Әйтпесе ел басқару жолында «сөз саптасы» дұрыс, елдің батагөйлері, абыздары мақтап жатыр екен деп сүкілейміз.

 Мына заман қай заман, қаскүнемге жай заман,

Араздық пен өсекке, өлшеуі жоқ бай заман.

 Біздің қазіргі қоғам екі түрлі мақсатпен өмір сүріп жатыр. Бірінші мақсаты тән мақсаты болса, екіншісі жан мақсаты. Екеуі де нәпсі. Өзімшіл болмай, көпті ардақтаған, ел ардақтаған азаматтардың жолы болмай жүр, болдырмай жүрміз. Аяқтан шаламыз, тобықтан тебеміз, келісіммен сылдыр-сыңғыр етеміз. 

 Құдай жалғыз. Ол Көкте!.. Ал біз пендеміз. Пенденінің харекеті не?

 Тірісінде мүмкіндігін бар болса һәм қолында билік, лауазым, бұт астында кресло болса «ұнамағанды ұр, болмаса соқ я болмаса ағаш емес-темір ноқта кигізіп тұқырт құзіреттін жетіп тұрғанда құзғынбай бол, ешкімді аяма жылат, дізе батыр, әйтеуір қаза бер, қазбалай бер, тырнағынан кір, шалбарынан қыр ізде...»

Табылады ғой. Болмаса тап! Қарала, табала, жаманда!..

Сүй-тіп барып!..

Бұл сонау патша заманынан келе жатқан «ескі тәсіл», ескі жол! Қазаққа қолданған түлкі бұлаң, қорқау азулық «миллион сөз ойлап, соның бірін қастандық қылсаң, құдай сені кешіре ме?». Жоқ кешірмейді! Менің емес ұлы Толстойдың ғибраты.

Қолыңызда билік тұрғанда  бар болса-мытып қал!.. Артынан бірақ ойланарсың «не істедім?» деп. Әй бірақ «Адамның бір аты пенде» ғой. Ойлануы екіталай! Обьективтік көзқараспен оптимистік өмір сүре берсең бәлкім сені, сенен шені жоғарылар көре алмай, заманды жаратылыс билейдімен көзіңізді құрта салу оңай!..

Дегенге көнбесең,

төртаяқты боп- үр дегенде үрмесең,

айтқанға жүрмесең, шымылдықтың артында шырылдатып тастап кет!

 Озбырлық,

 оңбағандық, сосын барып бірер ауыз «керауыздарға» географиялық шеңберді білмейтіндердің аузына «ұры сөз» сап бер, ұра бер, ұра берсең  шайтан да шаршайдының кері.

    Төртеуміз. Шәй іштік. Тіпті саясат жайлы біраз дүниені айттық. Өз басым Назарбаевты мақтамаймын да, жақтамаймын да, қараламаймын да. Өйткені, Тәңір ол кісіге   тағдыр берді. Бақ берді... Демек қандай билік жүргізсе де, өз -өзіне Ол кісі жауап береді. Ар алдында да, Алла алдында да...

 Үшеуінің әңгімесі Назарбаев болды. 

Кезінде «ол кісі ертерек билікті бергенде» деген сияқты.

Ал бұлар кезінде біраз қызмет  атқарған лауазымды жігіттер. Ләмі «біздің Елбасы» еді. Қазір реңдері өзгерген, сөз ритмдері мүлдем -180 градусқа бұрылған.

 -Жігіттер дедім... Тіл бұлбұл, сөз бұлақ. Қылт еткеннің кешуі жоқ деген атам қазақ. Иә, мына үшеуіңіз кезінде назарбаевты заманында қолдағанды қорғап бағып, сол кісінің командасы болдыңыздар. Енді кеп «ескірген үміт, қураған жапырақ» деп отырсыздар.Қонаев жарықтықтың өзі «Өтті ғой дәурен осылай» деп кітап жазған.

Алдамшы бақ,

тұрлаусыз уақыт,

қасиетсіз тақ кімдерден қалмай жатыр? Ит үрер жаманға да, жақсыға деген. Мысалы мен өз басым ол кісіні жамандап жазған емеспін және мақтаған да емеспін. Өйткені, мен жазғанмен кім оқиды!? Сендер менен онда аулақ қашар едіңіздер. Ал енді кеп «жата кеп жазғырасыңдар» дедім.

 Сөз түсінетін жігіттер ғой. Біреуі бозарды, екіншісі қызарды, үшіншісі есіне бірдеңе түсті  ме «мырс етіп» күлді. 

 Иә, алдамшы бақ кімді адастырмай жатыр?  Әр кәлләда-бір сауал деген біздің халқымыз.  

 -Иә,-деді бозарған жігіт. Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ Сіз осы кейбір ақжағалы жігіттерді мысқылдап жазғанда,  алдыңызға жорға да, жүйрік те салмайсыз. Ал біреулерді мақтайсыз, себебін білуге бола ма?-деп қасындағылар сықи көзін қысып, мұртынан күліп сұрақ қойды.

-Адамда жалғыз ақ адрес бар, ол -жүрек дедім. Иә, жүрек. Мен ол азаматтардың бойынан мін іздейтіндей, соншалықты данышпан, мықты емеспін. «Ең берік Ат, Ең биік Ат, Ең баянды Ат-Азамат» деген жарықтық Әбіш ағам Кекілбаев.

Мен заманға емес, адамға таң қалам. Сіздер ойлап отырған шығарсыздар (тіпті біреулер мені сыртымнан «қызыл көз бәле» саясатқа қарсы дейтін көрінеді) Құдай сақтасын! Маған алдымен Отан қымбат! Отан анам! Отан құдіретім! Отан бақытым! Елімнің осылай тәуелсіз болып тұрғандығы, бейбіт аспан астында  өмір сүріп жатқандығы зор бақыт емес пе?

  Төрім шырақсыз, ерім тұяқсыз емес. Бәрі бар. Мейлі қара нан жеп, қара су ұрттап отырсам да, бастысы  тәуелсіз елмін! Ал енді бәрімізде бір уақыттың адамымыз. Бүгін бармыз. Ертең кім білсін, құдайдың қолындамыз,, ғайып болуымыз да мүмкін ғой. 

Өмірдің эскизін Тәңір жасайды. Адамға бақ пен ырыс, байлық несібе, уақытша ғұмыр беретін Құдай құдіретті.

  Құдайға шын сенетін адам бар,

 сенбейтін адам бар, 

ал жүрегінде «құдайы жоқ» адамнан барлығын күтуге болады. Ол уақытша биліктің құлы, сол үшін ол барлығына барады. Тіпті Отан-ды сата салады, ал біздің жарықтық имандары шат, жатқан жерлері нұрлы болғыр  жыраулар не дейді;

Құдайға құлшылық қыл, Аллаға жақ,

Қабірге бірге түспес мал мен бақ.

Тәңірі алдында барғанда бәрі бірдей,

Патша болып мінсең де алтыннан тақ

,-деп кеткен. 

-Іһімм,-деді екі беті қызарған жігіт. Былтырғы жылы ма, жоқ әлде... я әйтеуір Абайды мақтадыңыз. Танымайсыз да ғой Абайды, әлде?..

-Қай Абайды?

-Әлжанов Абайды ма?

-Иә, жұмбақтарыңызды түсіндім. Жарықтық Абылайдың сенімді серігі, кеңесшісі болған Бұқар жырау «өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін,қылмаңдар жанжал ерегіс» деген. Оптимист болған жақсы, реалист болған одан да жақсы деген екен, кім айтқаны есімде жоқ.

Иә, Абайды һәм Әлжановты танымаймын. Бетпе-бет отырып сөйлесіп, мәжіліс құрған жоқпын. Ол кісі әкім боп тұрғанда «аға-лап» кабинетін күзеткем жоқ. Жалпы, мен  «ағалап» жүргендерді жаным жек көреді «дәруге -зәру» деген. Иә, ол азаматты қорғап пост жаздым. Бірер ауыз ләм білдірдім. Себебін айтайын. Егер, ол жігіт ресми тілді болса, одан да «қарыны ашса, қазанға сап қуырып жей берсін, шөлдесе шалап қып ішсе де» еркі дер едім. Ал ол- қазақы азамат...

Ауыл әкімінен ауданға замәкім болған, одан кейін ауданға әкім болды.

Өзіне таныс аудан. Туып -өскен ауданы.  Ол ауданның күні қалай шығады,  кеші қалай батады, кімнің кім екендігін біледі. Туған босағасына ол азамат, балта жұмсамайды. Сондықтан да оны жаздым.  Шын айтайын Ол кісіні жүзбе-жүз көріп я болмаса «көке-леп» кабинетіне барған емеспін, қайталап айтайын. Қазір ол азамат қайта бір қызметке келсінші, сыртынан жәй тілеуқор болам. Бірақ кабинетіне бармаймын, уақытын алмаймын.

Ал ол жігіт біреуге ұнамай қалды.

Алып тастады қызметінен. Қазір әлеуметтік желіден көріп отырам тіпті нөмері де жоқ, хабарласқан емеспін я болмаса ол кісі маған хабарласқан да жоқ. Сәлемнің де сәті  түсер. Бірақ, ұзынқұлақтан естимін. Ары таза, абыройы бүтін, қызметке және ұмтылып жүрген жоқ. Бабалар қорымын аралап, тарихи орындарды зерттеп, жастарға танытып, еліне бір адамдай қызмет атқарып жүр екен. 

Әрбір атаулы мерекеде елдің жігіттерінің басын қосып басбілгі боп жүр, бөтен елде емес, өзінің еліңде. Демек, ел басқаратындай, басқара алатындай қабілеті бар.

 Бүгін емес, бәлкім ертең...

 Абайдың да күні туар, таңы атар! Бетіне «опа-далап» жағып жүргендердің әдістігі әлсіздікке алмасар.   Бірақ сабыр сауап. Қызмет қолдың кірі. Абай Әлжанов біліксіз болса, білімсіз болса ту талақай боп шулар еді, айтар еді, мыңқ еткен жоқ. 

 Қайта қанатын қомдаған қырандай алысқа көз тікті. Абайды бабалар аруағы қорғайды. Абайды елі қолдайды. Ол өйткені, Саққұлақтай бидің, Бөгенбайдай батырдың үрімі. Тектілік бар бойында.  Күншілдік жоқ жадында.  Абай күншіл болса, лауазымшыл болса мұңшыл боп, езіліп қалар еді. Жоқ, езілген де, үгілген де, бүгілген де жоқ. Сол АБАЙ ӘЛЖАНОВ боп қалды, қалады да...

 Үшеуі ішіп отырған шырындарын қойып, бетіме бақырайып қарады. Түсінді я түсінбеді...

-Сонда, шынымен-ақ танымайсыз ба?-деді мұртынан күлген жігіт.

-Жоқ, танымаймын!.. Ол кісі мені танитын шығар, ал мен мәслихаттас, сұқбаттас болған емеспін дедім. Я сенді  я сенбеді. Өйткені, тағы қайталап бір сұрақты, екі  қойды.

 Іңір түсіп кетіпті. Аспаннан жапалақтап қар жауып тұр. Биылғы жылы мен тұратын шаһардың жарығы сүттей боп төгіліп тұр. Қаншама жылдан бері бұл шаһардың шамы «өлік шыққан» үйдің жарығындай еді. Биыл жергілікті басшылар мықтап қолға алды. Ақырындап шаһар гүлденіп келе жатыр. Тоғыз жолдың торабы Ұлы Абылайдың Ордасы дедім.

Есіме Абай Альжанов түсті...

«Төрден орын тимейді, патша болса да-адалға» деп, жапалақтап қар жауып тұрған аспанға қарадым. Алыстан жалғыз жұлдыз жарқырайды. Шығыстан шыққан жұлдыз.   Абайдың һәм Әлжановтың жұлдызы жоғары болғай дедім. Атан түйе мініп, аққұйрық атанып жүргедердің де ертең кім болары бір Құдай-ға аян!..

                                             Бурабайдың Жеңісі