Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жеңіс Оспанов. Хақтың баласы немесе ым...

63


  Қысқасы «қазір бәрі» керемет.  Нашары да,  осалы да, ұсағы да менмін, Мен шығармын.

 Ауылда һәм ат төбеліндей шаһарда Олардан алыс жатқандықтан, жәй сыртынан бағып үнсіз жазғандарын оқып отырам. 

 Философтар да солар,

          данышпандар да, мықтылар да әлекей мен бәлекейлер де солар!

       Бірақ жем-жемге келгенде не бітіріп, не аяқтап отырғандығын білмедім.

       -Сен неге кітап шығармайсың?-дейді бірде бір танысым. 

      -Кітап? деп сұрадым.

    -Иә... кітап.

    -Кітапты кім оқиды, алты құрлықтың ар жағында жатып том-том кітап жазған Мағауинді өлгеннен соң барып едел-жедел еске алдық. Тіпті көзіміздің жасын сығып, көңіл айтып, жүгімізден құтылған болдық, әйтеуір ҮкіметБасшысы көңілайту хатын жолдап,  Тұлғаның отбасына қайғысына ортақтасты. Мемлекет басшысы қазақ руханиятының жанашыр екендігін көрсетті.

             Ал мен кіммін?! Мағауин емеспін!.. Аудандық, ауылдық газетте жан бағып отырған жанмын. Сүйте тұра кітап шығар дейсің, қызық сұрақ. Кітап шығарғыштар жетерлік, он саусағыңызды он күн бүгіңіз, санына жете алмайсыз. Анау бар, мынау бар... Толып жатыр, сүйектісі, пілтабандысы, жондысы, жалдысы, ара-тұра билік жаққа  қарап «сынық жебесін» атып қойып, сосын танауларын шүйіріп, шүйлігіп отырып екі жеп, биге шығып жүргендер  бар.

   Олар -ұлтжанды, ұлтшыл, ұлт қамы, елдің қамы т.т. толып жатыр. Тіпті, біреуі өткенде жазғанды «Менің даңқым бұйыртса Абайға жетіп қалды, ар жағындағы  Әлемдік әдебиет шыңына шығып қалармын» деп Құдайсыз   құрық сілтеп көпірді.

   -Іһім...м деді мені тыңдап отырған адам.

   Шіркін дедім, өлең жаза алсам ғой. Микропоэма жазып   аноу  беделді көкемнің көңілімнен шығар едім. Менің жазғанымның қасында атақты жазғышбек,  Есенин, Пушкиндерді үзеңгісінен ұстатпайтын Балтекеңдер жәй әншейін әуесқой, қатардағы көп ақындардың бірі болып қалатын еді. Құдай ондай құдірет, ондай шама, ондай талант бермеген.  Ақылдың мидан қайнап шыққаны дұрыс қой, әйтпесе надандық харекетпен алыс-жұлыста, жұлқыныста жүріп, өйтіп арсыз болып, атақ алып, сосын барып халықтың мұң мен жағдайы деп ай-қойға басудың не қажеті бар? дедім сұрақ қойғыш азаматқа.

   Әлқисадан бастайыншы. Өзіңді өлтірмесең, жат жарылқамайды. Бәленше талантты десе, оның туындыларын күніне бір сүзіп, мұқият оқып шығам, ішінде не бар екен? деп.  Кең заманның зар мұңы бар. Бірақ, пенделік харекетін естігенде тілімді тістеп, «жә жарайды» дейсің де қоясың.

    Күн жоқ болса, көлеңке қайда? демекші, иықтарын көрсетіп, ірі сөйлеп, мағыналы дүниялармен елді сусындатып отырғандарына да мың да бір алғыс! Біздің қазақ сөзге келгенде мірдің оғындай, сексеуілдің шоғындай ғой. Құдай-ау, «қатынды -бастан, баланы-жастан» деп тәмсілдейміз. Содан ұзақ отырып қарадым, ізденіп.  

Отбасыңның   шырайын кіргізіп, мейірімін төгіп отырған әйеліңізді атам айтты деп «бастан сабасаңыз», не қадірі, не қасиеті қалады? Сүйтсем, «құлынды -бастан, баланы -жастан» депті жарықтық Мәшекең. Әрине сабап, ұр демеген, барынша үйрет, тәрбиеле деп  өсиет қалдырыпты әулие жарықтық.

     Біз оны өзіміздің күнделікті өмірімізге айналдырып, икемдеп алғанбыз.

     Бүгінгі күні  өсекторда ғаламат елдің  ішіндегі аса зор беделді Хақтың баласы деген біреу бар. Дауысы ғаламат зор, жазғандары да елдің жүрегінен орын алып отыр. Бірақ,  құйрығымен ін жасырған, түлкіден әрмен әккі қу.   Кезінде біраз сахнада жүрді. Айқойлап, айқайлап, көмей еті сөгілді, маңдай тері төгілді, жырлады, жырғады, айтты, айқайлады. Сосын барып   белесте беделі бар ағаларын жағалап, аузынан шыққан сөздерін мақұлдап,  азды-көпті емес, мықты бедел жинап алды. Мен ойлап жүргем бүйте берсе бұл бәлеңіз түбі -Парламентке барады-ау деп. 

Бәрі сценарий бойынша ғой. Алдын-ала жазылып, дайындалып қойған. Өткен сайлауда бақ сынады я сынамады, байқамадым. Көңіл хошы болмады ма, әйтпесе баруға тиісті еді, орын алатын еді, әлде кезегін келген жоқ, сәл -пәл күт деді тағы білмедім.

  Өткенде ютубарнадағы сұқбатқа көзім түсті. Назарбаевты әріден сыбап, жеті атасынан бермен қарай тұқыртып жамандап отыр. Мұндайға негізі мен текке уақыт шығындағым келмейді. Ара-тұра тақырбасын сипап қойып,  білекке таққан алтын сағатын көрсетіп қойып, ыңыранып отыр екен. Күңіреніп шыққан үнінде расында да еліне деген үлкен зор махаббат, риясыз сүйіспеншілікті аңдап байқайсыз. Азаматқа тән өрлік, рух бар сияқты.

    Сосын барып ютубарнаның астына жазылып жатқан елдің пікірін оқыдым.  Сөзге ұста біреу жазған екен «үлкен жиында Елбасыға арнап өлең оқып едің, ұмыттың ба!?» деп. Соңғы жағын «леп» белгісімен сұрақ қойыпты бақырайтып тұрып. Ол бұл  сұрақты я оқыды я оқымады. Оқыса да «қар жауды, із басылды» деп пысқырмады.

  Тоқ тіленші, адам сайтаны деген атам қазақ. Енді бүгінде сол тіленші Хақтың баласы өзін сахнаға алып шыққан адамдарды қаралай бастады. Құдай-ау, жер-жебіріне жетіп күнде пост салады, бұны жақтайтын біршама тобы, тобыры бар «хош көреді» мақұлдап ап тартады, таратады.

   Ал бұл болса халықшыл, елшіл, баяғы азды-көпті жинап алған беделі бар. Бірақ әу деуге к...ті шыдамайды.  Былтырғы бір жиында ақсақалдың қолындағы микрафонынды жұлып ап, кеудесінен әрі итеріп шығарып тастап жатқанда ақжағалылармен бірге алдыңғы қатарда отырды, сопақбасын қасып, тіпті менменсіген түрі, сазарыңқырап ақсақалды жақтырмағаны байқалып тұр.

 Құдай-ау, «бірлік малға сатылса-антұрғанның басы осы» деген Абай атам. 

      Елшіл, халықшыл, жұртшыл, намысшыл болса креслоға жабысқан к...ті көтеріп орнынан тұрып «әй!..» дейтін еді ғой. Жоқ, үй деуге мінезі жетпеді, отырған орнынан  тұрмады. Жылулық жоқ бойының, жылмиғаны неткені осы екен. Анықтап қарадым. Хош көріп, мақұлдап отыр. 

   Сосын барып ютубарнаға сұқбат бергенде күңіренген дауысы жер жарады «алашым!» дейді, «халқым!» дейді, «жұртым!» дейді. Дейдімен сырт формасы ғажап боп көрініп, ішіндегі көбік дүниені шер қып төккенсиді.

   Ара-тұра баяғы күшік кезінде, қыңсылап жүргенде арқасынан қағып, аламанға қосқандарды даттап алады. Өзі ақ. Өзі пәк. Өзі періште. Тіпті  Абай атамыздың аңсаған толық адамы да бір өзі!

        Дос емес, дос сыртынан жамандаған деп кім айтып еді. Тілімнің ұшында тұр, есіме түспей отыр.  Табақтас, дәмдес, сырлас, замандас болғандарды жамандап, оларға сынық жебесін бір қарата атып қойып, гүрілдеп сөйлегенде таң қалғаннан басқа амалыңыз жоқ. 

     Жалпы өсек, өтірік, мақтаншақтықтың түбі сор екендігін  Абай атамыз айтып кеткен. Бірақ түйсіксіз адамға, мың мәрте айт, жүз мәрте ескерт,  айқайла, екі қойы бір сом, солай қала береді. 

   Қазір ғой, анау кісілерді қаралап, келемеждеп, күнде пост салып отыр. Бірақ,  олар ертең биліктің ұшар басы болмаса да, бер жағына бара қалсыңшы ләббайлап бірінші жетіп, сүрет сап мақұлшы  бола қалады. Құдай-ау,  әсіре пысықтығына не дерсіз? 

   Бұл заман өзі не боп кетті!? Назарбаевтың кезінде көлеңкесінде жүріп микропоэма жазғандар, күй шығарғандар құбылып  былай шыға келді.  Енді кеп «сынық жебелерін» қайрап, сол жаққа атып жатыр.  Тіпті Құдайдан бір жас кіші халықтан ұялса етті!? Әлде арсыз болмай, атақ жоқ па!?

   Түйін: Сталиннің егізі болған біреу, ылғи Сталиннің орнына келіссөздерге барады екен, өмірін  бәске тігіп, содан Сталин өледі. Байғұс ел қатарлы «пенсия алып»  күнкөрісі кем боп әбден қиналады.  Ақыры, Сәбет үкіметінің басшысына кірмей ме, жағдайын айтып. Үкіметбасшы айтады «бәленше күні комиссиямен сені қарсы аламыз, Сталин сияқты киініп кел, егер нақты Сталиннің егізі болсаң, пенсияңды көбейтіп берейік»,-деп уәде береді-міс.

  Содан Сталинше киініп, трубкасын бұрқылдатып комиссияға кіріп келгенде, Сталиннің сұсынан қорқып қалған байғұстардың дізелері дірілдеп,  өңдері бұзылып  сөйлеуге шамалары келмей   отырған орындарынан не тұрарын, не отырарын білмей сең соққандай боп қалса керек.

  Қолында билік болғанда  -Сен тірі әулиесің, биліктен кет, көптің бірісің, к...т кірісің. Егер, Назарбаевтың билігі қайтып келсінші бұл пост жазғыштар былай құбыла салуы әбден мүмкін бе деймін. 

   Қысқасы Хақтыңұлымын деп жүрген адам, халықтың емес, құлқынның құлы екендігін  ымдап жеткізгім келгені ғой. Осы өмірім өзіме ұнайды. Кітабымды оқып, соғымымды кертіп жеп, ара-тұра елге барып  жазуымды жазып жүрмін емделіп.

 Саясат ұршығыннан аулақпын. Бүгін бар дүние, ертең ауысады, абай болғанымыз абзал ма деймін.

Бурабайдың Жеңісі