Munarmedia.kz / 20.06.2025 / Астана-Мәжілістің пленарлық отырысында 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкімет есебіне берілген Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы таныстырылды. Құжат төменгі палата депутаттарының жан-жақты талқысынан өтті, деп хабарлайды Exclusive.kz.
⚡️ Мемжоспарлау жүйесі өзгерді, бірақ нәтижесі күмәнді
2024 жылдың сәуірінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылғанымен, орталық мемлекеттік органдар өз даму жоспарларын уақытылы бейімдей алмады. Соның салдарынан 7 ұлттық және 20 ведомстволық мақсатты индикатор орындалмаған.
⚡️ Түсім азайды, салықтық бақылау әлсіз
2024 жылға арналған кіріс болжамы бастапқы жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілді, бірақ тіпті сол жоспар да 609 млрд теңгеге орындалмай қалды.
Салықтық тексерулердің саны артқанымен, олар бойынша өндірілген сомалардың үлесі екі есе азайған. 249 ірі салық төлеушіге қатысты мониторинг жүйесіз жүргізілген, нәтижесінде бар-жоғы 643 млн теңге ғана қосымша есептелген — бұл жалпы түсімнің 0,01%-ын ғана құрайды. 2023 жылмен салыстырғанда салық түсімдері 4,7%-ға азайған.
⚡️ Ұлттық қордан трансферттер артты, дефицит бақылаусыз
Көрсеткіштердің төмендеуі бюджет тапшылығын өтеу үшін қарыз алуға және Ұлттық қордан қаржы тартуға мәжбүрлейді. 2024 жылы Ұлттық қордан алынған трансферт көлемі – 5,6 трлн теңге.
Ұлттық қор активтерінің ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 7 пайыздық тармаққа төмендеген. Бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,6%-нан асырмау мақсаты орындалмаған. Мұнайлық емес тапшылық лимиті де бұзылған – абсолютті мәнде ол 10,8 трлн теңгені құрады.
⚡️ Бюджет тұрақсыз: 13 рет түзетілді
2024 жылы бюджетке 13 рет өзгеріс енгізілген, олардың 40%-ы тек IV тоқсанда орын алған. Осы түзетулер аясында 112 бюджеттік инвестициялық жоба (56 млрд теңгеге) қаржыландырудан алынып тасталды. Олардың қатарында газ, су және электрмен қамту, инженерлік инфрақұрылым нысандары бар.
Алайда бюджеттің екінші жартысында сол саладағы 96 жоба (58 млрд теңге) қайта енгізілген.
⚡️ Жекешелендіру мен активтерді басқару: баяу және тиімсіз
2021–2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалу қарқыны бәсеңдеген: 2024 жылы небәрі 14 нысан сатылған.
Позитивті өзгеріс ретінде республикалық бюджеттен квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаражат көлемі 29%-ға қысқарғаны аталды. Дегенмен, активтерді тиімсіз басқару фактілері әлі де кездесуде.
Мәселен, «Бәйтерек» холдингі жеңілдікпен берілетін қаржы ресурстарын түпкілікті алушыларға жеткізуді кешіктірген. Жобаларды іріктеу процесі ашық емес, ал кейбір жобалар бойынша міндетті қарсы міндеттемелер мүлде болмаған.
Ал «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 239 млрд теңгелік 13 кен-металлургиялық және өндірістік жобаның жүзеге асырылуын тоқтатқан немесе мүлде жойған.
⚡️ Аудит жалғасады
Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да Үкімет пен Парламентпен бірлесе отырып бюджет үдерістерін жетілдіру бағытында жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.