Munarmedia.kz / 20.06.2025 / Астана-Қазақстанның Бас прокуратурасы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен экс-вице-министр Олжас Әбішевтің өтінішіне ресми жауап берді. Бұл туралы Exclusive.kz хабарлады.
Шенеуніктер өз өтінішінде бұрынғы қылмыстық істі қайта қарауды талап еткен. Олардың айтуынша, қолдарында тергеу және сот барысында қаралмаған жаңа құжаттар пайда болған. Аталған материалдар бұрынғы негізгі айыптауды — Денсаулық сақтау министрлігіне арналған «жұмыс істемейтін» цифрлық платформаны жасаған деген айыпты жоққа шығарады.
⚡️ Бас прокуратура не деді?
Жауап хатта көрсетілгендей, бұл жағдайлар сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған, сондықтан олар бастапқыда сотта қарастырылмаған.
Осыған байланысты Астана қаласының прокуратурасына Қылмыстық-процестік кодекстің 499 және 502-баптарына сәйкес тексеру жүргізу тапсырылды. Егер жаңа мән-жайлар расталса, істі қайта қозғау мәселесі қаралады. Тексеру нәтижелері бойынша арыз иелеріне бөлек хабарланады.
⚡️ Контекст
Бұған дейін Exclusive.kz-ке берген сұхбатында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев өздеріне тағылған айыптарды негізсіз әрі саяси астары бар деп атаған болатын. Олардың айтуынша, өздері қатысқан цифрлық жүйе денсаулық сақтау саласындағы миллиардтаған теңгенің ұрлығын болдырмауға мүмкіндік беретін еді.
Бұл іс бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты резонанстық сот процесінің жалғасы ретінде қоғам назарында қалып отыр. Тараптардың келтіріп отырған дәлелдері мен уәждері жаңа құқықтық шешімге әкелуі мүмкін.