Munarmedia.kz.10.09.2026.ASTANA-Жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем мерзімі қысқарады
1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылады. Соған сәйкес төлем алу мерзімі қысқарады.
Бұл төлемге тек ресми жұмыс істеп, жалақысынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдар жасаған азаматтар ғана үміткер бола алады.
Қазіргі уақытта әлеуметтік төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызы негізінде есептеледі. Оған әлеуметтік аударымдардың қорда жүргізілген мерзіміне байланысты 0,7%-дан 1,3%-ға дейінгі коэффициент қолданылады.
Қазіргі төлем мерзімі
Әлеуметтік төлем 1 айдан 6 айға дейін беріледі. Азамат МӘСҚ-ға неғұрлым ұзақ уақыт аударым жасаған болса, төлемді соғұрлым ұзақ алады.
Мәселен, соңғы 5 жыл және одан да көп уақыт ресми жұмыс істеген азаматтарға әлеуметтік төлем 6 айға дейін төленуі мүмкін.
1 қазаннан бастап не өзгереді
Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік төлем 1 айдан 3 айға дейін беріледі. Негізгі қағида өзгермейді: МӘСҚ-ға аударым жасау мерзімі неғұрлым ұзақ болса, жұмыссыз азаматқа төлем де соғұрлым ұзақ уақыт төленеді.
#Қазақстан #ӘлеуметтікТөлем #Жұмыссыздық #ЖұмысынанАйырылу #МӘСҚ #ӘлеуметтікСақтандыру #Заң #Munarmedia