Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Жыл сайын Қазақстанда жарақат алған 200 мыңға жуық бала тіркеледі

36
🔶🔶


Оның ішінде балалардың 1,2% өмір бойына мүгедек болып қалады. Жағдайлардың 70%-ы үйде орын алады, балалардың 20%-ы өмірге сәйкес келмейтін жарақаттардан қайтыс болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова осындай көңіл көншітерлік емес статистиканы келтірді.

«Мүгедек болып қалу мен түрлі себептерден болатын өлім-жітімнің алдын алуға болады. Балалар арасында байқаусызда жарақаттанудың басты себептері - жол-көлік оқиғалары, суға бату, улану, құлау, термиялық күйік алу», - деді спикер.


Бұл ретте ЖКО түрлі себептерден болатын өлімнің төрттен бір бөлігін құрайды. Балалар арасындағы өлім-жітімнің себептерінің ішінде суға бату екінші орында.

«Ата-аналар арасында жүргізілген таңдамалы зерттеу суда болған кезде балалардың жартысына жуығы жүзуге арналған қауіпсіздік құралдарын пайдаланбайтынын көрсетті: құтқару кеудешелерін, белбеулер мен жеңдерді», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.


Сонымен қатар спикер балалардың терезеден құлау жағдайларының саны өскенін атап өтті: соңғы үш жылда 1,6 есеге.

«Осы жылдың 6 айында терезеден 223 бала құлаған, оның 12-сі көз жұмды», - деді Мағрипа Ембергенова.


ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің «Балалар жарақатының алдын алу туралы» баяндамаларында балалармен болған қайғылы оқиғалардың 80%-ы ата-аналардың кінәсінен болатыны атап өтілген. Ересектер балаларын үйде, көліктерде жалғыз қалдырады, көлікпен жүрген кезде оларға қауіпсіздік белдіктерін тақпайды немесе балалар креслосын пайдаланбайды, оларды су қоймаларында және басқа да қауіпті жерлерде қараусыз қалдырады.

«Балалар жарақатының алдын алумен байланысты өзекті мәселелерді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасында 2025-2027 жылдарға арналған балалар жарақатының алдын алу жөніндегі жол картасын әзірлеу үшін халықаралық ұйымдар (ДДҰ, БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобына бастамашылық жасады», - деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.