АҚШ Қаржы министрлігі санкцияға іліккен, бірақ Қазақстанда жұмысын жалғастырып жатқан ресейлік "Банк ВТБ" еншілес ұйымы - "ВТБ Банк Қазақстан" бойынша мәселені жақын арада қарастырмақ. DALA INSIDE дереккөзінің айтуынша, АҚШ қаржыминінің бөлімшесі OFAC (Шетелдік активтерді бақылау бойынша Басқарма) ВТБ-ның Қазақстандағы МИР картасы мен шоттары арқылы жүріп жатқан транзакцияларына күдікпен қарап отыр.
Қазір "Банк ВТБ Қазақстан" акционерлік қоғамы ҚНРДА 2020 жылы берген №1.2.14/39 лицензиясы аясында жұмыс істейді. Ол санкцияға ілінсе де Қазақстанда жұмысын тоқтатпаған жалғыз банк. Тура ВТБ сияқты кезінде санкцияға тап болған Қазақстандағы екі ресейлік банк - Сбербанк пен Альфа сатылып, қожайындарын ауыстырған еді. Сбербанк Қазақстанды "Бәйтерек" холдингі қолына алып, атын "Bereke Bank" қылып, артынан Катар инвесторларына сатты. Ал "Альфа банкті" ЦентрКредит банкі сатып алып, өзіне қосты.
Қазақстанда ресейлік МИР картасын шығару бойынша монополиске айналған "ВТБ Қазақстан" дағдарыстан тез айығып, 2023 жылы 20,7 миллиард теңге таза пайда тапты. Ал активтері 226 миллиард теңгеге жетті.
ВТБ өзінің Қазақстандағы бизнесін сатқысы келмейді. Қазіргі стратегиясы алыс-жақын шетел мен Ресей арасындағы рубль транзакциялары нарығындағы ірі ойыншы атануды көздейді. Бұл маржасы жоғары, кірісі орасан бизнес екенін ВТБ тез түсінді.
https://t.me/dalainside