Munarmedia.kz-23.11.2026ж/Астана/-Қазақстанда мемлекеттік органдардың атын жамылып, азаматтарға жоғалтқан ақшасын қайтаруға немесе қылмыстық істі жауып беруге уәде ететін алаяқтар көбейген. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұрғындарға арнайы ескерту жасады.

Ведомствоның мәліметінше, оның қызметкерлері қандай да бір мәселені шешу үшін комиссия немесе қосымша ақы талап етпейді. Сондай-ақ агенттік Telegram-боттар немесе делдалдар арқылы азаматтардың ақшасын қайтарумен айналыспайды.

Агенттік қылмыстық істерді тергемейтінін де еске салды. Сондықтан қылмыстық істі тоқтатып береміз немесе қаражатыңызды қайтарып береміз деген ұсыныстарға сенбеу керек.

Мамандар азаматтарға:

  • Бейтаныс адамдардың есепшотына ақша аудармауды;
  • Банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеуді;
  • Күмәнді сілтемелерге өтпеуді;
  • Ақпаратты тек мемлекеттік органдардың ресми дереккөздерінен тексеруді ескертеді.

Қаржыңызды сақтаудың ең қарапайым жолы – бейтаныс адамдардың уәдесіне сенбей, кез келген күмәнді ұсынысты ресми мекемелер арқылы тексеру.

#Қазақстан #Алаяқтық #ҚаржылықҚауіпсіздік #ҚаржыНарығы #Киберқауіпсіздік #MunarMedia