Алматы әкімі Медеу ауданындағы әлеуметтік нысандар мен абаттандыру жұмысының барысын тексерді деп хабарлайды Ertenmedia.

Әкім «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан, 2 мың орындық білім ордасының құрылысына ерекше назар аударды.

Оқу маусымына дейін дайын болады деген мектептің құрылыс жұмысы баяу жүріп жатыр.

Қала басшысы осы орайда жобаға жауапты Bazis-A компаниясының басшысы, миллионер Александр Беловичтен нысанды тамыз айына дейін толық бітіруді талап етті.



"Сізге сенім артқан едік, бізді ұятқа қалдырдыңыз. Қала бойынша 9 мектептің құрылысына жауаптысыз, бәрінде бірдей мәселе. Жұмыстың қарқыны көңіл көншітпейді. Уақыт созбай, тез арада тапсырыңыз. Төзімнің де шегі бар. Бала тағдыры мен бюджеттің қаржысына жүрдім-бардым қарауға болмайды", – деді Сатыбалды.

Айта кетейік, Bazis-A компаниясы Алматыдағы бірнеше мектептің құрылысын өз мойнына алып, мерзімінде аяқтауға уәде берген.

Компания қожайыны Александр Беловичің жиған-терген дәулеті 681 млн доллар.



Наурыз айында миллионерге тиесілі Bazis-A Бектеновтің назарына ілігіп, салықтан жалтарғаны әшкере болған.