Munarmedia.kz.17.11.2026.ASTANA Қазақстанда тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қазір еліміздегі тұрғын үй қорының небәрі 3,2 пайызы ғана сақтандырылған. Ал Қазақстан аумағының шамамен 75 пайызы табиғи апаттар қаупі бар аймақтарға жатады.
Бұдан бөлек, автокөлікті сақтандыру жүйесіне де өзгерістер енгізілмек. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азаматтар сақтандыру төлемін кінәлі жүргізушінің емес, өздерінің сақтандыру компаниясы арқылы ала алады. Сондай-ақ көлік иелеріне өтемақыны ақшалай алу немесе көлікті жөндету нұсқаларының бірін таңдау құқығы беріледі.
Бұл өзгерістер 2026–2030 жылдарға арналған сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасында қарастырылған.
Жаңа заң жобасын жыл соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізу жоспарланып отыр. Егер ұсыныстар заң жүзінде бекітілсе, Қазақстанда мүлікті сақтандыру мен жол-көлік оқиғаларынан келген шығынды өтеу тәртібі өзгереді.
#Қазақстан #Сақтандыру #ТұрғынҮй #ТабиғиАпат #Автосақтандыру #ЗаңЖобасы #Munarmedia





