2024 жылдың 5 қарашасында өткен сайлауда Дональд Трамп Камала Харриске жеңіс бермей, АҚШ президенті қызметін екінші рет атқаруға мүмкіндік алды. Трамп қазіргі президент Джо Байденнің орнын 2025 жылдың 20 қаңтарында басады. АҚШ-тың жаңа басшысы өзінің сайлауалды уәделерін орындауға деген нақты ұмтылысын көрсете бастады.
Трамп 2016 жылғы сайлау науқанына «Ең алдымен – Америка» ұранымен қатысып, американдық ұлтшылдық пен изоляционизм саясатына сүйенді. Осы тұжырымдама аясында Трамп экономикалық ұлтшылдықты жүзеге асыруға, халықаралық келісімдер мен институттар, оның ішінде Солтүстік Америка еркін сауда туралы келісімі (NAFTA) және НАТО-мен қарым-қатынастарды қайта қарауға, Мексикамен шекарада қабырға тұрғызуға және басым бөлігі мұсылман елдерінен келетін мигранттарды шектеуге уәде берді. Президенттік қызметінің алғашқы аптасында мұсылман елдерінен келетін мигранттарға енгізген шектеулері Трамптың екінші мерзімінде мигранттарды не күтіп тұрғанын болжауда маңызды рөл атқарады.
2017 жылдың 27 қаңтарында Трамп «АҚШ-қа шетелдік террористердің енуінен ұлтты қорғау» деп аталатын жарлыққа қол қойды. Бұл жарлық сириялық босқындардың елге кіруін белгісіз мерзімге тоқтатып, Иран, Ирак, Ливия, Сомали, Судан, Сирия және Йеменнен келетін босқындарға 90 күнге тыйым салды. Босқындарды қабылдау бағдарламасы 120 күнге тоқтатылып, АҚШ қабылдайтын босқындар саны 100 мыңнан 50 мыңға дейін азайтылды. Алайда, Джо Байден 2021 жылдың 20 қаңтарында билікке келген соң, бұл шектеулер толығымен алынып тасталды.
2019 жылы жаңа ережелер енгізіліп, үшінші елдердің азаматтарына Мексика аумағы арқылы АҚШ-қа кіру үшін баспана сұрау өтініштерін қарау кезінде сол елде қалу талап етілді.
Трамптың сыртқы саясат, экономика және миграция мәселелері бойынша бірінші мерзімдегі риторикасының бағыты 2024 жылғы сайлауалды науқаны кезінде өзгеріске ұшырады. Байден әкімшілігінің экономикалық саясаты, әсіресе инфляцияның өсуіне қатысты сын, Трамптың жаңа ұлтшылдық экономикалық үлгісінің негізі ретінде ұсынылды. Сонымен қатар АҚШ ішкі саясатының демократия, сөз бостандығы, аборт, энергетикалық саясат және отбасылық құндылықтарды қорғау секілді маңызды аспектілері алдыңғы орынға шықты.
Трамптың уәделері АҚШ-тың ішкі саясатына бағытталғандықтан, бұл мигранттарға ауыр соққы болды. Оның көші-қон саясаты енді тек шекара қауіпсіздігімен шектелмейді, сондай-ақ кез келген жолмен заңсыз мигранттарды жаппай депортациялауды көздейді.
Обама мен Байден кезеңінде американдық қоғамға интеграциялануы және заңды мәртебе алуы жоспарланған шамамен 11 миллион мигрант Трамптың екінші мерзімінде депортация қаупіне тап болып отыр. Бұл халықаралық келісімдер мен адам құқықтарын бұзу болып табылады.
Өкілдер палатасы мен Сенаттағы республикалық көпшілік бұл бағытта заңдардың қабылдануын жеңілдетуі мүмкін. Бұдан бөлек, Трамптың алғашқы әкімшілігі кезінде АҚШ-тың сот жүйесі «эрозияға» ұшырап, судьялар мен прокурорлар ауысқанын ескерсек, мигранттардың құқықтарын бұзатын заңсыз әрекеттерге қарсы құқықтық қорғау мәселесі қолданбауы ықтимал.