Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Әміржан Қосанов. Иманғали Тасмағамбетовтің эмоцияға толы сөзіне қатысты «күтпеген» ойлар

86


Біз ерекше елде өмір сүріп жатырмыз. Басқа өркениетті елдерде қоғам қайраткері (саясаткер немесе жоғары лауазымды шенеунік) өз пікірін ашық білдіріп, тіпті өзінің адал есімін қорғауға құқылы. Ал ескі-жаңа Қазақстанда жағдай басқаша. Бізде кез келген стандарттан тыс ашық мәлімдеме (әсіресе жеке тұлғасына қатысты) бірден астарлы мағына іздеуге жетелейді: «Бұл адам неге кенеттен өзгелерден бөлек пікірін білдіруге шешім қабылдады? Ол сайлаушылар мен билікке қандай белгі беріп отыр? Ол қазіргі президентке балама болуды көздеп жүрген жоқ па? Әлде өзінің сайлауалды науқанын бастап кетті ме?». Мұндай сұрақтардың тізімі жалғаса береді.

Бұл жолы да дәл солай болды: Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметінде ұлттық мүдделерге сатқындық жасады деген айыптауларға қарсы әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасай салысымен, қоғам екі қарсы лагерьге бөлінді. Бірі – Тасмағамбетовке қарсы топ (жоғары лауазымды қызметтерде отырып, күрделі шешімдер қабылдаған тұлға ретінде оның дұшпандары аз емес), екіншісі – оның адал жақтастары.

Біріншілер оны бірден сынға алып, шенеуніктік өткенін, соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысын еске түсірді (ал қазіргі «Жаңа Қазақстанның» қай қайраткері Елбасымен белгілі бір дәрежеде байланыста болмаған?!). Сонымен қатар, ҰҚШҰ-ның кейбір ұстанымдарын өзінше түсіндіріп, оны осы ұйымның саясатын насихаттағаны үшін айыптады. Ең қас дұшпандары оның Алматы әкімі болып тұрған кездегі Шаңырақ оқиғасын еске салып, кінәні соған жаппақ болды. Алайда, ақылға қонымды азаматтар түсінеді: суперпрезиденттік билік жүйесінде (тіпті бүгінгі күні де) ешбір әкім құқық қорғау органдарына бейбіт тұрғындарға қарсы қару қолдануға бұйрық бере алмайды. Бұл – тек президенттің құзырындағы мәселе.

Тасмағамбетовтің мәлімдемесіне осындай сыни көзқарастың болуы заңды, өйткені оның әрдайым қарсыластары болған, мен олардың көбін жеке танимын. Тарих көрсеткендей, кез келген жарқын тұлғаға көреалмаушылар табыла кетеді, әсіресе егер ол электоралдық әлеуетке ие болса.

Екінші жағынан, Тасмағамбетовті ашық қолдағандардың болуы да заңдылық. Өйткені, оның саясаткер ретінде беделі бар, тіпті кейбір қас жаулары да оны мойындайды. Ол Қазақстандағы барлық дерлік жоғары лауазымдарды атқарды, тек президенттік орыннан басқа. Сондықтан оның тұрақты электораты бар. Ал оған қарсы кез келген шабуыл оның жақтастары тарапынан қарсыластарының әділетсіз әрекеті ретінде қабылданады.

Нәтижесінде, Тасмағамбетовке бағытталған шабуыл кері әсерін тигізіп, оның тұлғасына қоғам назарын одан әрі аударып, оны қолдаушылар қатарын арттырады. Көпшілік үшін бұл: «Егер Тасмағамбетовке осылай шабуыл жасалып жатса, демек, билік одан қауіптенеді, яғни ол президенттікке лайықты үміткер» деген ой тудырады.

Мен Тасмағамбетовтің адвокаты емеспін, бірақ ҰҚШҰ сияқты ұйым өз Жарғысы аясында жұмыс істейтінін білу маңызды. Барлық қатысушы мемлекеттер қол қойған бұл құжат бойынша, ұйымдағы негізгі шешімдерді тек президенттер қабылдайды (оның ішінде Қазақстан президенті де бар). Бас хатшы – тек техникалық орындаушы ғана, оның шешуші өкілеттіктері жоқ.

Сондықтан, Тасмағамбетовтің бұл қызметтегі рөлін асыра көрсету және оны ұлттық мүдделерге сатқындық жасады деп айыптау – аудиторияның белгілі бір бөлігінің бұл лауазымның нақты мүмкіндіктері мен өкілеттіктерінен хабарсыздығына үміт арту немесе «қаралай салайық, кейін ақталып көрсін» деген пиғылға негізделген әрекет.

Тасмағамбетовтің «қазіргі заманда сөз зымырандар алдында дәрменсіз» деген пікірімен келіспеу қиын. Шынында да, бұрынғы халықаралық келісімдер мен кепілдіктердің құны жоққа тең. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Трамптың прагматикалық, бизнес-үлгісіндегі геосаяси тәсілдері бұған айқын дәлел.

ҰҚШҰ Бас хатшысының «бүгінгі әлем бұрын-соңды болмаған әскери қақтығыс қаупі алдында тұр. Бұл соғыста жеңімпаз болмайды – бәрі ұтылады. Мұндай жағдайда бір тарапты соқыр түрде қолдау – ақымақтық, ал өз халқына соғыс тілеу – нағыз қылмыс» деген сөзімен де келісуге болады. Қазіргі таңда кейбір саясаткерлердің жауапсыз мәлімдемелері Қазақстан мен басқа халықтар арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Дипломатия мен популистік ұрандарды араластыру – қауіпті үрдіс.

Алайда, Тасмағамбетов өзінің қарсыластары тек «тамыры жоқ, жел ұшырған бос қауыз секілді бақытсыз жандар» деп қателеседі. Біз оның ішкі жаулары да аз еместігін білеміз. Менің сөзім – биліктегі белгілі бір топтар мен саяси транзитке қатысты жоспарлары бар ықпалды тұлғаларға қатысты. 2029 жылғы президенттік сайлау қарсаңында (немесе одан да ертерек) олар қарсыластарын әлсіретіп, өз ықпалдарын күшейтуге тырысады.

Қазақта «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Ал Тасмағамбетовті жұрт «Тас» деп атайды. Ол қаласа да, қаламаса да, өз мәлімдемесімен 2029 жылғы сайлау мәселесін күн тәртібіне шығарып қойды. Әзірге Тоқаев президенттікке қайта түспейтінін мәлімдеді, алайда кім біледі, ол шешімін өзгертуі мүмкін.

2019 жылғы билік транзиті қазақстандықтарға көп нәрсені үйретті. Назарбаевтан кейінгі кезеңнің алғашқы эйфориясы басылды. Жаңа биліктің жетістіктері де, шешілмеген мәселелері де бар. Халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі – басты проблема.

Сайлауда шынайы бәсеке бола ма? Әлде Тоқаев Назарбаевтың жолын қайталап, сайлау заңнамасын өзіне ыңғайлап, ықтимал қарсыластарын алаңнан шеттете ме?

Мемлекеттік кадрлық саясатта бұрынғы олқылықтар әлі де бар: біліксіздік, протекционизм, жерлестік, рушылдық. Соңғы уақытта билікке дипломаттар мен президентке жақын адамдардың көптеп тартылуы байқалады. Алайда, «Мономахтың тәжі» олардың әлсіз иығына ауыр соқпай ма? Қазір Тоқаевтың айналасында электоратқа тартымды, саяси салмағы бар тұлғалар аз. Егер дағдарыс орын алса, жағдайды тұрақтандыратын мықты саяси қайраткерлер керек-ақ.


ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ, ҚР Мәжілісінің Қоғамдық палатасының мүшесі, арнайы «Жаңа Қазақстан» басылымы жаряланған мақаласынан аударған Баяжума Асылбек