Munarmedia.kz.04.09.2026.ASTANA– Ақмола облысында Қазақстан азаматтығын әлі алмаған этникалық қазақтардың балаларын мектепке қабылдау мәселесі қайта көтерілді. Қоғам белсендісі әрі журналист Ауыт Мұқибек оқу жылы басталғанына қарамастан, өңірде ондаған қандас баланың білім беру ұйымдарына қабылданбай отырғанын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, министрдің орынбасары Шынар Ақпароваға, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа және оның орынбасары Досұлан Айтбаевқа жолдаған ашық хатында жазды.
Ауыт Мұқибектің айтуынша, бұған дейін мектепке қабылдана алмай жүрген 20-дан астам қандас бала білім беру ұйымдарына орналастырылған. Алайда 2–3 қыркүйекте Шортанды және Целиноград аудандарынан, сондай-ақ Қосшы қаласынан ата-аналар қайта хабарласып, балаларының мектепке қабылданбай жатқанын айтқан.
Қоғам белсендісі осы мәселе бойынша Ақмола облысының білім басқармасына қайта жүгінгенін жеткізді. Оның сөзінше, басқарма қызметкері мектептерге балаларды қабылдауды тоқтату туралы жоғары тұрған органдардан ауызша тапсырма берілгенін айтқан.
«Министрдің орынбасары Шынар Ақпарова Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевқа телефон соғып, қандас балаларды мектепке қабылдауды тоқтатуды тапсырған. Ал Досұлан Ерланұлы бізге телефон арқылы ауызша тапсырма беріп, қандастардың балаларын мектепке қабылдауды тоқтатқан», – деп жазады Ауыт Мұқибек ашық хатында.
Оның мәлімдеуінше, осыдан кейін өңірде 30-ға жуық бала мектепке қабылданбай қалған.
Даудың өзегі неде?
Ауыт Мұқибек мәселенің негізгі түйіні Қазақстан азаматтығын алмаған этникалық қазақтардың білім алу құқығына қатысты заңнамалық нормаларға байланысты екенін айтады.
Ол «Білім туралы» заңның 66-бабына назар аударып, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың ел аумағында білім алуға құқығы бар екенін алға тартты.
Қоғам белсендісінің пікірінше, заңда көзделген бұл құқықты мемлекеттік орган өкілдерінің телефон арқылы берген ауызша тапсырмасы негізінде шектеуге болмайды.
«Заң бұйрықтан жоғары тұрады. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алу құқығы – телефон арқылы ауызша шектейтін құқық емес», – дейді ол.
Сонымен қатар Ауыт Мұқибек мектепке қабылдау тәртібін айқындайтын 2010 жылғы №468 бұйрық пен «Білім туралы» заң нормалары арасында құқықтық сәйкессіздік бар деп санайды.
№468 бұйрыққа өзгеріс енгізу ұсынылған
Қоғам белсендісі бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігіне бұған дейін де көтергенін айтты.
Оның мәліметінше, министрлік оған мектепке қабылдау тәртібін реттейтін №468 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленіп жатқанын хабарлаған. Алайда Ауыт Мұқибек бұл жұмыстың бір жылға жуық уақыт бойы аяқталмай келе жатқанын алға тартты.
Ол министрлікке қолданыстағы қағидаларды «Білім туралы» заңға сәйкестендіруді және мәселе толық реттелгенге дейін қандас балаларды мектепке қабылдауға мүмкіндік беретін нақты түсіндіру немесе әдістемелік нұсқаулық беруді ұсынды.
Мемлекеттік органдарға үш талап қойылды
Ашық хат авторы жауапты мемлекеттік органдарға үш негізгі талап жолдады.
- Қазақстан азаматтығын алмаған этникалық қазақтардың мектеп жасындағы балаларын білім беру ұйымдарына қабылдау мәселесін дереу шешу;
- Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Қазақстан мектептерінде білім алып жатқан балалар мен олардың ата-аналарының визалық және құжаттандыру мәселелерін реттеуге ықпал ету;
- 2010 жылғы №468 бұйрықты «Білім туралы» заң талаптарына сәйкестендіру.
Ауыт Мұқибек мектепке қабылданбай отырған, өзіне белгілі балалардың тізімін Оқу-ағарту министрлігіне жолдайтынын мәлімдеді.
«Қандас мәртебесі» мәселесі
Қоғам белсендісінің пікірінше, жағдайдың күрделенуіне қандас мәртебесін алу рәсімдеріндегі өзгерістер де әсер етіп отыр.
Оның айтуынша, бұрын ата-анасының бірінде қандас мәртебесі болған жағдайда балаларды мектепке орналастыру жеңілірек болған. Қазіргі құжаттандыру талаптары ата-аналар мен балалар үшін қосымша қиындықтар туғызған.
Ауыт Мұқибек бұл мәселені тек «қандастың құқығы» тұрғысынан емес, ең алдымен баланың білім алу құқығы ретінде қарау қажет деп есептейді.
Оның пайымынша, тарихи Отанына қоныс аударған этникалық қазақтардың балаларының білім алу мүмкіндігі мемлекеттік органдардың ішкі нұсқаулықтары немесе ауызша тапсырмаларына тәуелді болмауы керек.
Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің аталған мәселеге қатысты ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.
Munarmedia.kz тараптардың ресми жауабы түскен жағдайда оны қосымша жариялайды.