Munarmedia.kz.04.09.2026.ASTANA– Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысына қатысты негізгі келісімшартқа қол қойылды.
Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергетикасы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында қол қойылды.
Келісімшартқа қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қатысты.
Ведомство мәліметінше, келісімшарттың жасалуы Қазақстандағы алғашқы АЭС жобасын іске асыруды жаңа, практикалық кезеңге көшіреді.
Құжат станцияны жобалау және салу бойынша тараптардың міндеттемелерін нақтылап, жобаны жүзеге асырудың негізгі тетіктерін айқындайды.
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға және ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясын өндіру қуатын арттыруға бағытталған стратегиялық жобалардың бірі саналады.
Еске салайық, Қазақстанда алғашқы АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтті. Референдум қорытындысы бойынша дауыс берген азаматтардың басым бөлігі атом электр станциясын салуды қолдады.