«Сырымбет» кен орнына апаратын жол құрылысына бөлінген қаржыға қатысты тергеу басталды

60

Munarmedia.kz.04.09.2026.ASTANA  Солтүстік Қазақстан облысындағы Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орындарының бірі «Сырымбетке» апаратын теміржол тұйығы 2018 жылы аяқталуы тиіс болған. Жобаға 1,4 млрд теңге бөлінгенімен, нысан әлі күнге дейін толық пайдалануға берілмеген. Қазір бюджет қаражатының жұмсалуына байланысты істі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеп жатыр.

2017 жылы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Akcent KZ» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Мердігер Айыртау ауданындағы «Сырымбет» кен орнына дейін ішкі алаңдық теміржол желісі мен инженерлік инфрақұрылымды қамтитын кірме жол салуы тиіс болған.

«Сырымбет» кен орны өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ол — Қазақстандағы жалғыз және Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны. Кен орны 1985 жылы ашылған.

Қазіргі бағалауға сәйкес, «Сырымбетте» шамамен 492,4 мың тонна қалайы және 91,4 мың тонна мыс ресурсы бар. Қазақстандағы қалайы қорының 70 пайыздан астамы осы кен орнына тиесілі.

Кен орнын ашық әдіспен игеру жоспарланған. Жоба тау-кен байыту кешенін құруды және қалайы мен мыс концентраттарын өндіруді көздейді. Болашақ өндіріс орны үшін қажетті инфрақұрылымның, соның ішінде теміржол кірме жолының құрылысы да осы жоба аясында қарастырылған.

Құрылыс жұмыстарын бастапқыда 2018 жылы аяқтау жоспарланған. Алайда жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет ұзартылып, нысанның құрылысы әлі аяқталмаған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңгені құраған.

Қылмыстық іс бойынша мердігер ұйымның басшысы және облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылды.

Сот санкциясымен үш пәтер мен бір автотұрақ орнына тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

#Сырымбет #СолтүстікҚазақстан #ҚаржылықМониторинг #ҚМА #Тергеу #Қалайы #Мыс #КенОрны #Теміржол #БюджетҚаражаты #Қазақстан