Боз үстіне от жағып, бұланды бұзбай пісіре алатын адамдар болады. Ондай жандардың бойында Сіз бен Біз біле бермейтін Ұлы Қасиет болады. Жарықтық ондай жандардың көкірегінен кешегі дарқан даланың ділмар шешендері, жақсы мен жайсаңдарынан қалған көңілге қонымды сөздері, солардың тәрбиелерін көруге болады.
Бурабайдың күншығысына қарай орналасқан Мәдениет деген ауыл бар. Бұл ауылдан кезінде атағы алысқа кеткен, қазақ әдебиетіне зор үлкен қосқан Е. Ысмайылов, белгілі театр майталманы Ж. Омаров тағы басқа кіл мықтылар шыққан ауыл. Торайғыр тауының етегінен төмен қарай көктем болса, шашбаулы қарағайлардан саумал иісі аңқып, Шалқар көлден аққуы ұшып, қазы қонып, үйрегі балпылдап, тырнасы қиқулап құс базары боп жатады.
Бұл ауылда елдің қадірлі қариясының бірі жарықтық Дулат ақсақал қандай еді. Шежіре еді, көкірегі тұнған тарих еді, қулық ойлауды білмейтін нағыз даңғыл жан еді.
Бір жылы көктемнің басында ақ қар, көк мұзда, жатқан жері жарық, рухы пейіште болғыр Дулат қарияны іздеп біраз сұқбат құрғам, тоқсаннан асса да қария тың еді, арғысы Алтын Орда заманынан қазақтың қалыптасу кезеңінен бастап біраз дүниені ортаға салған-ды. Абылай заманы, Ораз аталық туралы біраз дүниені һәм тарихты жіпке тізіп айтып беріп еді.
Қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы кезінде өте биік дәрежеге көтеріліп, елдің қолынан түспей оқылды. Бұл романда осы біз бен сізге мәлім Бурабай төңірегінде болған уақиғалар екендігін романнан айқын байқайсыз.
Атақты жылқышы Мәдениет ауылының тумасы Тоқсанбай Қосымбаев ақсақалдың төрінде жатып, Сәбит Мұқанов бал қымызды сіміре отырып, семіз жылқының қазысын кертіп отырып атақты романға тіл бітірген.
Иә, ел айтады. Ел айтса сірә кем айтпайды. Жаңсақтыққа және жол бермейді. Мәдениет ауылы ең алғаш колхоз болып құрылғанда Степняк шаһарына сол кездегі қымыз өндіруден алдына жан салмаған. Бұл ауылдың жастарынан бастап, ақ таяқ ұстанған қарияларына дейін еңбекті сүйеді, туған жерді, дарқан елді жақсы көреді.
Иә, өткен жылы Сатыбалды Бұланов қария дүние салды.
Жарықтық мейлінше өте мықты кісі еді. Еңбек жолында ерте есейіп, өркендеген жан болатын. Өйтпесе тағы болмайды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылы бала боп ойнамай, уақыттың ауыр тауқыметін тартып жүріп, қабырғадан қысқан заманның темір уысына шыдап жүріп, мал баққан, масақ терген, сөйтіп жүріп өмірдің ауыр жолында болаттай боп қалыптасқан ақсақал еді.
Қайран қазақтың сірә сол ХХ ғасырда көрмегені жоқ-ау!..
Төңкерісті көрді,
1921 жылғы аштықты бастан өткерді,
1931 жылғы ақсүйек, ақсөңке аштықты тағы да басынан өткеріп қынадай қырылды,
1937-38 жылғы Сталин салған зобалаң,
1941-45 жылғы соғыс. Апыр-ай ә? Мұншалықты қазақ халқы не деген төзімді еді. Бесіктегі баласынан бастап, жаулығы желбіреген анасына дейін, ақ таяқ ұстаған қариясына дейін осыншалық қиындықты көріп жұмыр жер бетінен жоғалып кетпей шыдады, сол кесір заман қазақты отқа салды, суға да салды, оққа да салды. Бірақ бәрі-бір қазақ шыдамды, аман қалды.
Сатыбалды қария көп сөйлемейтін, аз сөйлейтін жан еді.
Сәбет үкіметінің тұсында оның нағыз кер заман уағында дүние есігін ашқандықтан ба, әйтеуір бөтен сөзбен ісі болмай, тек елге деген махаббатын, жерге деген сүйіспеншілігімен ғана жүретін жан еді.
Шыншылдықпен өмір сүрді,
Ешкімнің бетін қақпады,
Ешкімге жамандық жасамады.
Ауылшаруашылығы ыдырамай тұрып, ауылшаруашылығына бір адамдай маңдай терін төкті, бригадир, басқарма болды. Қандай жұмысты қолға алса да, ұршықтай иіріп алып кететін жауапкершілігі мол жан болған.
Қазақ дербестігін алып, Әлем Қазақия даласына көзін тігіп, жас мемлекет енді қайтып күн көрер деген уақытта бұл кісі елден бұрын қимылдап «жеке шаруашылық» ашты. Хақ жолына түсіп бес уақыт намазын оқып, елді имандылыққа ұйыта білді. Бас-қасында өзі жүрді.
Жастарды имандылыққа баулыды,
Өзі жеті балаға әке атанып, ол балалардан немере көрді, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды.
Бақыттың базарында жүрді.
Мәдениет ауылының асы Сәтекеңсіз һәм Сатыбалды қариясыз өтпейтін,
Мәдениет ауылының тойы Сәтекеңсіз һәм Сатыбалды ақсақалсыз басталмайтын.
Елдің үлкен-кішісі Сатекең деп сыйлайтын. Бөтен мінезі жоқ, біреуді қаралау, жата кеп жамандау деген жаны сүймейтін сонысымен еліне елеулі болды қария атанды.
Шіркін дүние-ай!..
Арман ұзақ, ғұмыр қысқа демекші Сәтекең де дүр дүниені артқа тастап, бабалар жолымен келместің кемесіне мініп кете барды.
Е, айтпақшы осыдан үш-төрт жылдың көлемі болып қалды. Ауданнан екі кеште Сәтекең үйіне бардық. Жаз еді. Күн аптап ыстық еді. Ауласының алдында көйлекшең отыр екен. Біздің іздеп барғанымыз бір тарихи атау туралы болатын.
Ұзақ ойланды.
Сосын барып, қысқа қайырды.
-Айналайындар ел ішінде не көп тарих көп, соларды заман ағымымен құлақ іліп, көкірегімізге барлығын жинай бермеппіз. Бұл төңірек тарихи жер, тектілер жүрген, салдар мен серілер жүрген, баяғыда жарықтық кең даланың мектебін бітірген көмбе көкірек қариялар айтып отыратын өткен жайды, болған уақиғаны, қайсы бірі есте қалды дейсің. Бірақ сендердің іздеп, із кесіп келген тарихи жерлерін бұл төңіректе болмаған. Иә, бұл өлкеде өзіндік атауы бар, байырғы қазақпен бірге жасасып келе жатқан таулар, дөң, қыраттар бар.
Бұлардың бәрі сонау заманнан бері келе жатқан киелі жерлер ғой. Қазіргі күні тарихшылар ат терлетіп алыстан келеді. Зерттейді, білгенімізді айтамыз, білмегенімізді айтып у ішер жайымыз және жоқ. Сәбет Үкіметінің уығы сықырлап, шаңырағы шайқала бастаған тұста, біраз аталарымызды, би-бағландарымызды түгендеп, әйтеуір тарих сахнасына шығардық қой. Әлі де шығары сөзсіз!.. Өйткені, мына Бурабай төңірегінің өзінде қаншама зерттелмеген аңыз, айтылмаған әңгіме, жазылмаған жайттар көп.
Солардың барлығын зерттеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру әрбір адамның яғни бүгінгі аға ұрпақтың міндеті. Біз білгенімізді айтамыз, тыңдайтын құлақ, ұғатын сана болса,-деп біраз дүниені айтып еді жарықтық. Сол күні Торайғыр тауының үстіне бір шөкім ұлпа бұлт келіп, ақ жаңбыр сіркірей жауған еді. Сол күні біз Сәтекеңмен сөйлесіп, қалаға кеш бата бірақ жеттік. Біраз дүниені Сатыбалды қарияда айтып еді.
Қос ғасырдың бел ортасында жүріп, қиындықты еңсеріп, оны жеңіп, жеңіске жетіп, не көрсе де, оған мойымай, сынбай қайта рухтанып алға көңіл дүрбісін салып діттеген мақсатына жеткен қария да дүр дүниені, жалған өмірді артқа тастап кете барды.
Міне жылжып бара жатқан уақыт -ай!.. Сатыбалды Бұланов ақсақал дүниеден өткеніне де жыл болып қалыпты.
Иманды болсын қадірлі қария.
Ол кісі бірбеткей, мінезді еді,
Ірі еді. Ол кісі дүниеден өткенімен, артында ізі қалды, ісі қалды. Өлді деуге, дүниеде жоқ деуге аузымызда бармайды екен. Ол кісі бар. Ол балаларының, немерелерінің және ауылдастарының жүрегінде қалды.
Р.S Ажал шіркіннен кім қашып құтылған. Ажалсыз пенде болмас. Жарықтық Қорқыт бабамыз ажалдан қырық жыл қашыпты, бой тасалапты. Бірақ түсінде алдынан қазулы көр шыға берген. Кім білсін, аңыз солай дейді. Ажалға ұстатпаймын деп жүрген Қорқыт бабаны жылан шағып өлтірген деген ел аузында аңыз бар деп, Сатыбалды қария сол жолы барғанда осы әңгімені айтып еді. Неге айтты екен деп осы күні ойланам. Бәлкім ізгілердің ісі игі демекші, жарықтық есінде болсын, жастар ғой, айтып жүрсін деді ме екен.
Иманды болсын ел ол кісіні «Сатекең» дейтін. Елі қадірлеген басбілгі қария еді жарықтық.
Елі қадірлеген жанның жаны да пейіште болатындығы сөзсіз!..
Алланың нұрына бөленіп, амал дәптері оңынан болғай!.
Бурабайдың Жеңісі