Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,
Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен.
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық,
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер.
АБАЙ.
Біз кешегі Ақан
сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайды көрген жоқпыз, бірақ сол саңлақтарымызды
санамызда тірілтетін, жадымызға оралтатын осы Жақсыкелді сияқты дара болмысты,
бітімі бөлек әншілеріміз болса керек.
Жақсыкелді ағаның әндерін әлеуметтік делі деген құдіретті бейнетабақтан тыңдап, тәнті болдым. Ұлытауда өткен ақын Тайжанның төртінші дәстүрлі ән байқауына келген өнер әлімінің марқасқаларының ішінде маңғаздана жүрген Жақсыкелді ағаның өң бойынан Арқаның сағым даласын елестетер сұлу, сылқым үн, кең-байтақ далаға ғана тән көркем дауыс сезіліп тұрды.Ағаларымен қалжыңы жарасып, арасында ойлана қалатын кейпінде ән майталманының айтары көп, берері мол рухани бай әулеттен тараған тектілік сезіліп тұрды.
Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің домбырамен ән салу бөлімі ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кемалов Жақсыкелді Кемалұлы жасынан Арқаның ән дәстүрін бойына сіңіріп өсті. Ән шырқаумен ғана шектелмей, Мұқағали өлеңдеріне де ғашық бьолып, поэзия әлеміне бойлады.
Ұлы ақынның шығармаларынан әсерленген бозбала «Ғашықпын» деген алғашқы өлеңін шығарды. Орта мектепті бітірген соң Қарағанды мемлекеттік университетіне түседі де, «Студент көктемі», «Жастар дауысы», «Жігер» (қазіргі таңдағы «Шабыт») Республикалық және халықаралық фестивальдарға қатысып, лауреаты атанады. 1988 жылдан Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінің әртісі қызметін атқарды.
Осы жұмыстың нәтижесінде 1992 жылы Қазақстан Республикасы
жастар одағы сыйлығының лауреаты атағын алды.жиырма жылдан астам уақытп
тапжылмай Қарағандының Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде ұстаздық
қызметін атқарып, дәстүрлі ән өнерін жастардың бойын ұялатып, еліміздің үлкен
сахналарында Арқа әндерін шырқата салып жүрген сері Жақсыкелді Кемаловты
танымайтындар аз.
Бүгінгі таңда, Жақсыкелді Кемалов ағамыздың шәкірттері Серикова Гүлбану – Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық концерттік бірлестігінің әншісі, Республикалық және халықаралық конкурстарының лауреаты, Түсіпбеков Азамат – Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық конкурстың лауреаты, облыстық мамандандырылған музыкалық мектебінде ұстаздық қызметте, Адамбаев Әнуар – Ж.Елебеков атындағы Республикалық конкурсының бас жүлде иегері, балалар музыкалық мектебінде ұстаздық қызмет етуде, Базарбеков Жасұлан – Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық конкурстың лауреаты, республикалық «Шалқар» радиосының редакторы. Бұл аталған шәкірттері жүздің біреуі десек те болады.
Осы еңбегі еленіп 2005
жылы Президенттің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Еңбекқорлығы мен кішіпейілдігі, өз ісіне берілген маманның еліміздің рухани
саласына қосып отырған еңбегін бағалай отырып 2011 жылы «Қазақстан
Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және де сол жылы
Президенттің жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері»
атақтарына ие болды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»- деп, ұлы
Абай бабамыз айтқандай Жақсыкелді ағамыз қазақ мәдениетін бойына сіңірген,
салт-дәстүрімізді сақтап, арқаның әншілік мектебін бастап жүрген жүйріктердің
бірі әрі бірегейі. Қуанышы мен жұбанышын, мұң, қайғысын қара домбырамен
жеткізген қайран қазақтың қайталанбас өнері түсіне білгеннің жан дүниесін
қопарып әкететіндей күшке ие.
Міне осындай күшті алып жүрген Жақсыкелді Кемаловтай ағаларымыз
тұрғанда қазақтың дәстүрлі ән өнері әлі талай әлем сахналарында шырқаларына
сенімім кәміл.
Асылбек Байжұмаұлы, Жезқазған-Сәтбаев сапарынан..