Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Сырнайымен тербеген Сыр даласын Ақмарал Ноғайбаева

89


Өнерге берілген адамдар болады. Жалақысы аз болса да, жағдайы келмесе де өнерін ештенеге айырбастамайтын шын берілген дарындар түбінде жеңіске жетеді.

 Киелі сахнада кіндігі кесілген жандардың өмірі рухани өмірге бай болады. Солардың бірі Қызылорда облыстық филармониясының әншісі, мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаеваның есімі Сыр еліне ғана емес, өнерді кие тұтқан бар қазаққа таныс.


Өнерге деген махаббат пен қасиет әкесі елге танымал белгілі әнші Әлмырза Ноғайбаевтан дарыған.Әке жолын қуып, қазақтың қасиетті өнерін жастарға жалғастырып, ұрпаққа мұра етіп жүрген Ақмаралдың жетістіктері де аз емес.  Жақында Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында өткен «Ұлытаудан қанат қаққан ақын Тайжан» атты төртінші республикалық байқаудың әділ қазылар алқасының мүшесі ретінде арнайы шақырылды.

Аэропорттан күтіп алғаннан, қазылар алқасының қасында жүріп, өткен замандағы өнерді дамыту, мәдениетті жаңғырту саласында атқарған жұмыстарына риза болды. Ал көп ашылып, сөйлей бермейтін Ақмарал Ноғайбаеваның өмірбаяны қысқарта берсек,  1980-1990 жылдар аралығында мектеп қабырғасында жүргенде аудандық музыка мектебінде қосымша білім алып, аккардеон аспабын үйренді. Жас әншінің бойындағы тұнып жатқан талантты өнер жолындағы алғашқы ұстазы Махмуд Асқаров жазбай таныған еді.

Жанары ұшқын атқан, жаны таза, қайсар қыздың болашағынан үлкен үміт күтті. Осылайша Ақмарал әке аманатын, ұстаз үмітін, ауыл-аймақтың сенімін арқалай жүріп, өнердің өріне қанат қақты. Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыка» факультеті жанынан ашылған «Халық әні» кафедрасына оқуға түсті.

Университетте білім ала жүріп, ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Әридай», «Қымыз құйғыш», «Бегілер-ай», «Жамалым-ай», «Үкілім-ай» сияқты халық әндерін іздеп тауып, үлкен сахналарда орындап, көрермен көңілінен орын алды.

 Еңбек жолын өзі оқыған орта мектепте бастаған әнші қыз одан кейін Маңғыстау облыстық М.Өскінбаев атындағы филармонияда, Атырау облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде қызмет атқарып, тәжірибесін толықтыра түсті. Бүгінде облыстық филармонияда дәстүрлі әнші, сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер-жыр» кафедрасында ұстаздық етеді.

 Сыр сүлейі Нартай мұрасын жалғастырушы жас талапкерлерге бағыт-бағдар беріп, өнер жолына жетелеп келеді. «Педагогика-психология» мамандығының магистрі. Сондай-ақ халықаралық М.Уәлиқызы атындағы конкурстың лауреаты, Ә.Әбуов атындағы облыстық конкурстың бас жүлдегері, Хамза қажы атындағы конкурстың лауреаты, «Дала дауысы» радиофестивалінде, Н.Бекежановтың 125 жылдығында жеңімпаз атанды. Шиелі сырнай сазын мың құбылтып, шырқайтын Сыр сүлейі Нартай Бекежановтың елі.

Нартай әндерінен жасынан құмартқан Ақмарал да сырнаймен ән салуды таңдаған екен. Өзінің ашық та әсерлі дауысымен, көрермендеі баурап алатын қасиетімен талай республикалық байқауларда жеңіске жеткен бұлбұл әнші.



 Бүгінде облыстық филармонияда еңбе кететін Ақмарал әншінің шәкірттері де сырнаймен Нартай мен Тайжанның әндерін шырқатып, көрермен көзайымына айналып жүр. Сыр өңірі өнерлі мекен. Тарих қойнауында қаншама ғасырлардың сырын жасырған өлкенде өмір сүрген ұлылар мен тарихи оқиғалар қазақ тарихының алтын парағына айналғанлы қашан.

Өнер әлемінде өзіндік болмысын, стилін қалыптастырып, әке жолынан айнымай, талантты әнші Ақмарал Ноғайбаеваның жастарға берері мол, тағылымы мен тарихаты жалғасқан талантты жанның сырнайы Сырдың даласын талай оятқан шығар.

Бүгінде атадан қалған асыл сөздің қадірін біліп, қасиетін танып, насихаттап жүрген дәстүрлі өнер иесінің ізінен ерген шәкірттері де ілкі өнердің байрағын биік ұстап, Сыр мәдениетінің дамуына серпінді үлес қосуда.

Ал Ақмаралдай сырнайшы-әншінің Нартай мен Тайжандай ұлы тұлғаларды насихаттап, қазақтың хас өнерін қаз-қалпында сақтау үшін сіңірген ерең еңбегіне бас ие алғыс айта отырып, шәкірттеріңіз көп болсын, өнер әлеміндегі ғибратты ғұмырыңыз баянды болсын деп тілейміз.

Асылбек Байжұмаұлы, Астана-Жезқазқған-Сәтбаев сапарынан...