Дональд Трамптың «соғысты тоқтату» уәдесі Украина аумақтарының бөлінуіне негізделуі мүмкін деген пікір соңғы уақытта жиі талқылануда. Оның екінші президенттік мерзімге оралу ықтималдығы жаңа геосаяси шиеленістерді тудырады . Тарихқа жүгінсек, аумақтарды күштеп немесе «бейбіт түрде» бөлу көпке созылатын зорлық-зомбылықтар мен геосаяси тұрақсыздыққа әкелген жағдайлар көптеп кездеседі.
Тарихи прецеденттер: аумақтық бөліністердің сабақтары
XVIII ғасырда Польшаның үшке бөлінуі – осындай оқиғалардың айқын мысалы. Ресей, Австрия және Пруссия Польшаны бөліп алып, оны Еуропаның саяси картасынан жойды. Бұл поляктардың қарулы қарсылығын туғызып, жүздеген жылдарға созылған ұлттық өшпенділікке негіз қалады.
Франция мен Германия арасындағы Эльзас пен Лотарингия үшін текетірес те сол кезеңде басталды. Франция-Пруссия соғысынан кейін бұл аймақ Германия құрамына өтті, ал француз халқының ашу-ызасы бірнеше ұрпаққа созылды. Қақтығыс тек Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін ғана шешіліп, экономикалық интеграция арқылы бейбітшілік орнады.
XX ғасырдағы Үндістанның бөлінуі – бұдан да ауыр мысал. 1947 жылы Британдық Үндістан индуистер көп Үндістан және мұсылмандар көп Пәкістан болып екіге бөлінді. Бұл тарихи шешім 18 миллион адамның жаппай көшуіне, діни негіздегі зорлық-зомбылыққа және миллиондаған адамның қаза болуына алып келді. Қазіргі таңда Үндістан мен Пәкістан арасында өткен төрт соғыс пен шекаралық шиеленістер – бөлінудің әлі аяқталмаған зардабы.
Бұл оқиғалар көрсеткендей, аумақтық бөлініс ешқашан ұзақмерзімді бейбітшілікке әкелмеген. Керісінше, ол қарулы қарсылық пен әлеуметтік хаосты күшейтеді.
Украинаның контексті және Ресей факторы
Украина жағдайында да осы тарихи модель қайталануы мүмкін. 2022 жылдан бері украин халқы өз жерінің тұтастығын қорғауда табандылық пен батылдық танытып келеді. Украинаның қарсылығы саяси немесе аумақтық мәміле арқылы аяқталады дегенге сену қиын. Керісінше, қандай да бір «бөліну келісімі» қарулы партизандық соғыс пен ұзақмерзімді тұрақсыздыққа алып келеді.
Мұны Ресейдің ішкі жағдайымен де салыстыруға болады. 2000 жылдардың басында Шешенстандағы соғыс Ресей үшін қаншалықты қымбатқа түскенін еске алайық. Шешен сепаратистерінің Мәскеуде және басқа қалаларда жасаған терактілері Кремльдің әлсіздігін көрсетті. Украина сияқты үлкен және әскери әлеуеті жоғары мемлекетпен мұндай қақтығыстың ауқымы әлдеқайда ауқымды болмақ.
Путиннің Украинаға қатысты тарихи риторикасы бұл шиеленісті одан сайын ушықтырады. Ол Украинаны «жасанды мемлекет» деп сипаттайды және оны Ресейдің ықпалында болғанын көздейді. Бұл көзқарас тек украин халқының қарсылығын күшейтіп қана қоймай, болашақ келіссөздердің кез келген форматына кедергі келтіреді.
Халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерінің рөлі
Егер Трамптың жоспары аумақтық бөлініске негізделсе, бұл тек Украина үшін ғана емес, Еуропаның қауіпсіздігі үшін де үлкен тәуекел тудырады. Украина халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерінсіз немесе НАТО-ға жедел кірмей, Ресейдің ықпалынан қорғала алмайтынын түсінеді. Трамптың қазіргі АҚШ міндеттемелеріне деген күмәні НАТО-ның беделін түсіріп, Мәскеудің агрессиялық саясатқа баруына жол ашуы мүмкін.
Сонымен қатар, мұндай келісім Ресейдің өзіне де зиян келтіруі ықтимал. Украинадағы тұрақсыздық, партизандық қозғалыстар немесе тіпті терактілер Ресейдің ішкі қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Бұл Шешенстандағы тәжірибеден де ауыр сценарийлерді қалыптастыруы ғажап емес.
Трамптың «соғысты тоқтату» жоспары Украинаны бөлуді қарастырса, оның салдары ұзақмерзімді тұрақсыздық, қарулы қарсылық және халықаралық шиеленістерге әкелуі ықтимал. Тарих көрсеткендей, аумақтық бөліністер бейбітшілікті қамтамасыз етпейді, керісінше, жаңа қақтығыстардың бастауына айналады. Сондықтан Трамптың Кремльді әділ және тұрақты келіссөздерге көндіруі ғана мәселені шешудің жалғыз жолы болып қала береді. Әйтпесе, бұл шешім тек Украина мен Ресей үшін ғана емес, бүкіл әлемдік тәртіп үшін де қайғылы зардаптарға әкелуі мүмкін.
Мұндай жағдайда Қазақстанға да сақ болу қажет. Сирияны талқандаған соң АҚШ пен НАТО Иранға Израиль арқылы бас салары сөзсіз. Кеше ғана Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, экс-президент Дмитрий Медведевтің бізге жаңа жерлер керек деген сөзі тегін айтылмаса керек. Ресей мен Қытай қазақ шекарасын қорғайды деп, асты-үстіне түсіп әлек болмай, шекараны бекемдеп, қоғаныс қаруларын молырақ алу қажет. Себебі Ауғандағы іштері пысқан тәліптердің діни алауыздық қоздыру мақсатында Орта Азия елдеріне шабуыл жасағысы келіп отырғанын бәріміз білеміз. Ал оның артында Ресей мен Қытайды әлісреті мақсатындағы АҚШ-тың Орта азия елдерін екінші Сирияға айналдыруды көздеген сасық саясаты тұр. "Сақтықта қорлық жоқ" деп қазақ атам бекер айтпаған. АҚШ Ресей газын Еуропаға сатуға жол ашқан Сирияны тас-талқан етті. Енді Қазақстан Ресейгазын өз аумағы арқылы Қытайға сатуды көздеп отыр. Айта кетсек, бұған дейін ресей газын өз аумақтарынан өткізуден Монғолия бас тартты. Ертең Қазақстан Ресей газын Қытайға тасымалдағаны үшін екінші Сирияға айналып кетпесіне кім кепіл? Екі державаның ортасында ойын ойнап жүріп, отқа түсіп кетпесек болғаны.