Бангладештегі революция,
армия халық жағына шықты, Үкіметбасы елден қашты. Әйелдің киімін киіп қашудың
қажеті жоқ. Себебі өзі әйел затынан еді.
Бангладеш проблемасы
автократиялық режимдегі елдер сияқты. Бір отбасының жылдан-жалға басқаруы,
кедейленген халық, халық санының ерекше өсімі, әлемдік тігін фабрикасығ
өзгермейтін әлеуметтік, экономикалық өзгермейтін модель, әлеуметтік желілердің
бұғатталуы мен Ресейдегі сияқты қарапайым адамдар еңбек істесін, әлемжеліде
аузына келгенді көкімесін деген саясатты ұстанды.
Нәтижесінде жылдар бойы
халықтың ішінде жиналған ашу, ыза, кек ақыры жарылды. Иа, халықтың жиналуы мен
шерулерін бірдеңе ғып басар еді ау, егерде армия қосылып кетіп, «45 минуттық
ультиматум» жарияламағанда. Бар жоғы 45 минут ішінде билікке кетуге коридор
ашылды. Одан кейін әскер халыққа қосылып революция жасайтынын ашық білдірді.
Бірақ халық аңсағандай өзгеріс бола қоймас. Бір клан кеткенімен екіншісі
келеді. Бәрі баз-баяғыдай қалады. Басында біршама жеңілдіктер болғанымен, билік
кейін айылын қаттырақ тартары сөзсіз. Бұл Қазақстанда өткен қаңтар оқиғасынан
аумайды. Әрине, әскер халыққа қосылмағанымен 30 жыл билік құрған Назарбаевтар
дәуірі аяқталып, Тоқаев келді. Алайда режим сол қалпында қалды. Атауларын
өзгерткен «Жаңа Қазақстан» құратындар түгелімен кеткен жоқ. Басында аздаған
жеңілдіктер жасап, халыққа уәдені үйіп, төккенімен жылдар өте сол халықтың өзін
қылбұраумен қылқындыра бастады. Нәтижесі не боларын алда уақытта көрерміз.
Бірақ еш нәрсе мәңгілік емес екенін билік сезінсе, түсінсе екен дейміз.