Діни ағымдар, топтар көп бізде. Олар халықты имандылыққа шақырумен қатар бірін-бірі жоюға құмар. Ол тайталас Алланың қақтығын үгіттеуден бұрын билік жүргізуге құмар екендігін білдіреді. Дінде жоқ нәрсе жоқ, бәрі бар. Сол діни ағымдардың бірі аруақ жоқ десе енді бірі аруақ бар дейді. Қазақ ұғымында аруақ бар. Бабаларымыз аруақ шақырып жауға шапқан. Баяғыда біздің шалдар күрескенде "Иә, Аруақ" деп асау жанбасқа бірақ сал деп отыратын. Жігерлендіретін. Бәйгеден жирен атым озып келгенде Байжұма ағам "Аруақтап, Байтайлақтап" ұран салатыны әлі есімде. Отты дауысы да құлағымда тұр. Аруақ десең Аллаға серік қосу "ширік" дейді.Пенденің жаратушы Аллаға қалай серік қосады? Ол менің ойымша мүлдем мүмкін емес. Аллаға серік қосу үлкен күнә, оны Алла кешірмейді дейді. Онда неге екінші топтағы, ағымдағы білімділер "Аруақ" бар дейді?. Неге? Қазақ айтады "екі түйе сүйкенсе арадағы шыбын өледі"- дейді. Сол сияқты діни ағымдардың тайталасынан болып Қазақ жадысында сақталған "Аруақ" ұғымы неге зәбір көріп, өмірден шеттетіліп қуғынға ұшырауы керек? Ол кімге пайдалы? Ұлттық дүние таным, қалыптасқан қағидат, тәлімі мен тәрбиесін бұзып санасын лайлап, ұлтсыздандыру саясатын жүргізу Алланың ісі емес. Діннің ісі емес. Біріне- бірі қарсылас ағымдағы дін уағыздаушы адамдардың ісі. Біз аруақты батыр бабалардың, әулиелі әулеттің, арқалы ақындардың ұрпағымыз. Дініміз ислам. Аллаға сыйнып, Аруағын ардақтап пірі тұтып сыйлаған халықпыз. Одан айыруға ешкімнің құқығы жоқ. Аллаға құлшылық етіп жалбарынып, Аруақ шақырып ардақтап, рухтанып, ұлттық намысын жықпай ата-бабаларымыз бізге жеткізген. Ол біздің жол. Сол жолда нық тұру біздің ұлттық парызымыз. Дінге кірдік деп Ұлттық болмысты жойып, ұлтсыздан деген аят та, қадис те жоқ. Себебі ұлтты, ұлттық мүдде, болмысты Алла жаратқан. Оны жою Алланың, діннің ісі емес. Билік, байлық құмар пенденің ісі екенін түсінетін уақыт жетті. Қазақ: "Барды жоқ деген кәпір, жоқты тап деген кәпір"- дейді. Одан асқан ақиқат бар ма?