Аятолла Хаменей кім еді?

47

Munarmedia.kz 02.03.2026 /Astana/ – 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің бірлескен барлау және әскери операциясы нәтижесінде Иранның жоғарғы көшбасшысы, аятолла Али Хаменеи қаза тапты. Израиль авиациясы Тегеранда елдің негізгі әскери басшылығымен өткен жиын өтіп жатқан ғимаратқа соққы жасаған. Кездесуге қатысқандардың барлығы мерт болды. Иран лидері 86 жаста еді.

Image

Али Хаменеи 1989 жылы Иран Ислам Республикасының негізін қалаушы Рухолла Хомейни қайтыс болғаннан кейін рахбар (жоғарғы діни жетекші) атанды. Ол заманауи әлемдегі ең ұзақ билік еткен авторитарлық лидерлердің бірі болды – ел тізгінін шамамен 37 жыл ұстады.

1939 жылы Мешхед қаласында діндар отбасында дүниеге келген Хаменеи жастайынан шиизм ілімін меңгерді. 1950–60 жылдары Құмдағы діни медреседе білім алып, сол жерде Хомейнидің ықпалына түсті. Ол шах Мохаммед Реза Пехлеви режиміне қарсы саяси ислам идеясын жақтаушылардың бірі болды. Бірнеше рет қамауға алынып, Ираншахрға жер аударылды.

1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Хаменеи жаңа режимнің белсенді қайраткеріне айналды. 1981 жылы Тегеранда оған қастандық жасалып, ауыр жараланды. Сол жылы кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетіп, екі мерзім (1981–1989) Иран президенті болды.

Оның президенттігі Иран-Ирак соғысы кезеңімен тұспа-тұс келді. Саддам Хусейн бастаған Ирактың шабуылына Иран үлкен шығынмен тойтарыс берді. 1988 жылы соғысты тоқтату туралы шешім қабылдауда Хаменеи маңызды рөл атқарғаны айтылады.

1989 жылы Хомейни қайтыс болған соң, Иранның Сарапшылар кеңесі ымыралы тұлға ретінде Хаменеиді рахбар етіп сайлады. Ол кезде оның жоғары діни мәртебесі жеткіліксіз саналғандықтан, Конституцияға арнайы өзгеріс енгізілді.

Көпшілік оны уақытша, әлсіз фигура деп санағанымен, Хаменеи қарсыластары мен тіпті демеушілерін де ығыстырып, билікті өз қолына шоғырландыра алды.

Image




Оның тұсында Иранда шартты түрде «консерваторлар» мен «реформаторлар» арасында саяси тепе-теңдік сақталғандай көрінді. Президенттер ауысып отырды: реформатор Мохаммед Хатами, консерватор Махмуд Ахмадинежад, кейін Хасан Рухани және Ибрагим Раиси билікке келді. Алайда түпкілікті шешім әрдайым рахбардың қолында қалды.

Бұл кезеңде Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) ықпалы күрт өсті. Ол әскери құрылымнан бөлек, экономиканың маңызды секторларын бақылауға алған қуатты саяси институтқа айналды.

2000 жылдардың басында Иранның ядролық бағдарламасы қарқын алды. Билік ресми түрде ядролық қару жасауға тыйым салатын пәтуа бар екенін мәлімдегенімен, Тегеран «шекті мемлекет» мәртебесіне жетуді көздеді – яғни қажет болса, қысқа мерзімде қару жасауға мүмкіндік беретін технологиялық әлеует қалыптастыру.

Бұл саясат Иранға қарсы халықаралық санкциялардың күшеюіне әкелді. Барак Обама кезеңінде келісім жасалып, кейін Дональд Трамп оны жойды. Санкциялар экономиканы әлсіретіп, инфляция 30–40% деңгейіне жетті.

2009 жылғы даулы сайлаудан кейінгі жаппай наразылықтар күшпен басылды. Кейінгі жылдары режим барған сайын қатаң автократиялық сипат алды.

2026 жылдың басында елде жаңа толқулар басталып, жүздеген мың адам көшеге шықты. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бірнеше күн ішінде мыңдаған адам қаза тапқан.

Ақпан айының соңында АҚШ Таяу Шығысқа ауқымды әскери күш шоғырландырды. Келіссөздер нәтиже бермеді. 28 ақпанда басталған соғыстың алғашқы күнінде-ақ Хаменеи әуе соққысының құрбанына айналды.

Оның өлімі – тек бір адамның қазасы емес, 1979 жылғы Ислам революциясынан басталған дәуірдің аяқталуы. Бірақ бұл Иран үшін жаңа кезеңнің басталуы ма, әлде терең дағдарыстың жалғасы ма – оны уақыт көрсетеді.