Munarmedia.kz 18.09.2025 жыл /Астана/-Қазақстан тарихында елдің экономикалық тағдырына тікелей қауіп төндірген үкімет кабинеттері санаулы ғана болды. Солардың ішінде ерекше айшықталған екеуі бар: үшінші премьер Нұрлан Балғымбаевтың және он үшінші премьер Олжас Бектеновтің үкіметтері. Екеуінің арасында ширек ғасырдан астам уақыт, мүлде бөлек дәуірлер, тіпті елді дамытудағы түбегейлі қарама-қарсы көзқарастар жатыр.
Алайда алдарына келген сын-қатерлер үндес болып шықты. Балғымбаев үкіметі 1998–1999 жылдардағы әлемдік дағдарыстың ауыр салмағын көтерді: мұнай бағасы барреліне небәрі 9 долларға дейін құлдырап, бюджет кірістері күрт азайып, әлеуметтік теңсіздік ушығып, айлық пен зейнетақы уақытылы берілмейтін ахуал қалыптасты. Бүгінгі күні мұнай баррелінің құны он есе қымбаттап, 82 доллар шамасында болғанымен, әлемдік дағдарыс қайтадан Қазақстанды «шыңыраудың жиегіне» әкеліп тұр. Бұл жолы соғыс пен «геосаяси турбуленттіліктің» әсерінен, бірақ тек содан ғана емес.
Екі үкіметтің миссиясы да бір-біріне ұқсас. Балғымбаев кезеңінде Назарбаев әулеті ел экономикасы мен саясатына толыққанды кіріксе, Бектенов үкіметіне – сол әулеттің орбитасынан шығарып, жаңа элитаға орын босату міндеті жүктелгендей. Бүгін «Ескі Қазақстан» деп аталатын топ сол кездері өзін «Жаңа Қазақстан» ретінде танытқан. Дәл сол кезде елге Chevron, Agip, ExxonMobil секілді алпауыттар енді кіріп, ортаңғы күйеу бала Тимур Құлыбаев «ҚазТрансОйл» мен «ҚазМұнайГазды» иемденіп жатқан болатын.
Назарбаевқа сол тұста тәжірибелі, қатаң, бірақ саяси амбициясы жоқ мемлекеттік менеджер қажет еді. Сол міндетті Балғымбаев атқарды. Оның үкіметінде түрлі топтар бар болатын: «тимуровшылар», «Қазкоммерцбанк тобы», металлургиялық лобби, сондай-ақ Ресейге бейіл энергетикалық топ. Соның ішінде энергетика министрі Владимир Школьник «мирный атом» мен алғашқы қазақстандық АЭС тақырыбын белсенді көтерді.
Балғымбаевтың тұлғасына көзқарас әртүрлі. КСРО Мұнай-газ министрлігінде шыңдалған, Chevron-да тәжірибе жинаған, «Теңізшевройлдың» америкалық серіктестерімен тең сөйлескен ол біреулер үшін «шетелшіл» болып көрінсе де, елдің экономикасын тұрақтандырып, кейіннен өсу траекториясына шығарды. Оның командасында Ахметжан Есімов, Жанибек Кәрібжанов, Балташ Тұрсымбаев, Александр Павлов, Зейнолла Қакимжанов, Асқат Жабагин, Қайырбек Сүлейменов, Қасымжомарт Токаев секілді кәсіби менеджерлер мен саясаткерлер болды. Әрқайсысы мемлекет басқарудың үлкен мектебінен өткен.
Ал бүгінгі он үшінші премьердің командасына қарасақ, жағдай мүлде бөлек. Үкіметтің іс-қимылы халыққа айқын көрінбейді: жаңа өндірістік саясат, жұмыс орындарын ашу, бизнесті қолдау – бәрі қағазда ғана. Шын өмірде өсіп отырғаны тек тарифтер мен бағалар. Экономикалық өсім ресми есептерде ғана тіркеліп отыр. Кадрлық ауыс-түйістер де жағдайды жақсартқан жоқ: көлік министрінің орнына келген Нұрлан Сауранбаев теміржол тарифін өсіретінін мәлімдеді, ал өнеркәсіп министрінің жаңаруы Қытай мен Ресей тауарларына «made in Qazakstan» жапсырмасын жапсырумен шектелді.
Қаржы саласында да үйлесім жоқ. Президент Тоқаевтың өзі үкімет пен Ұлттық банкке «келісе әрекет етіңдер» деп мәжбүрлі түрде ескерту жасады. Ал Балғымбаев кезеңінде Ораз Жандосов пен Қадыржан Дамитов секілді «қаржы тарландары» экономика саясатын үкіметпен үйлестіріп отыратын. Бүгінгі жағдайда мұндай кәсібилік жетіспейді.
Ширек ғасыр бұрын Балғымбаев үкіметі халықты әлеуметтік күйзелістен аман алып шықты. Ал бүгінгі Бектенов кабинеті өзінің басты миссиясын орындай алмай отыр. Салыстырудың өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Егер бүгінде үкіметтің бір бағыты ілгері жүріп жатса, ол тек сыртқы саясатта ғана.
1999 жылы Балғымбаевтың орнына Қасым-Жомарт Тоқаев премьер болды. Ресейлік «Коммерсант» сол кезде: «Президент үкіметтің экономикалық сәтсіздіктеріне жауапкершілікті көрсетіп отыр. Бірақ Балғымбаевқа «жұмсақ жаза» қолданылды» деп жазған. Ақыры экс-премьер «Қазахойлдың» басшысы болып қайта оралды.
Қазіргі жағдай да сол сценарийді қайталауы мүмкін. Генерал шеніндегі премьердің екі жылға жетпейтін мерзімдегі қателіктері оны басқа қызметке жіберуге негіз бола алады. Ел ішінде оны Бас прокуратураға ауыстыру туралы сыбыстар жүр. Егер бұл шын болса, шешім тек президенттің қол қоюына ғана байланысты.
Ендігі ең өзекті сұрақ: «Жаңа премьер кім болады?» Өйткені 25 жылдық теріс кадрлық іріктеу бүгінгі таңда тіпті өткір мәселеге айналды.
Мақсат Нұрпейісов