Munarmedia.kz 18.09.2025 жыл /Астана/-Соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақстан картасынан 1400-ден астам ауыл біржола жоғалып, тағы шамамен 500 елдімекен «болашағы жоқ» деп танылды. Бұл туралы Exclusive.kz Мәжілістегі депутаттық сауалға сілтеме жасап хабарлайды.
Ауылдан қалаға жаппай көшу жалғасып жатыр: 2025 жылдың алғашқы жартысында ғана 383 мың адам қоныс аударған, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыны таңдаған.
Демографиялық дағдарыс
Елдің 15 өңірінде ауыл халқының азаюы тіркелді. Ең алаңдатарлық көрсеткіштер Абай облысында (-3,2%), Солтүстік Қазақстанда (-3%) және Қарағанды облысында (-2,9%) байқалып отыр. Депутаттардың айтуынша, бұл жай ғана статистика емес. Цифрлардың артында жабылып қалған мектептер мен медпункттер, қаңырап бос қалған үйлер мен көшелер, жалғыз қарттар мен болашағын қалада іздеуге мәжбүр жас ұрпақ тұр.
Неге ауылдар өліп барады?
Себептері бұрыннан белгілі:
-
ауылдарда қолжетімді әрі заманауи тұрғын үйдің жоқтығы;
-
әлсіз инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтердің жетіспеуі;
-
жұмыс орындарының тапшылығы;
-
әлеуметтік қолдаудың төмен деңгейі.
«Жастар болашағын ауылмен байланыстырмайды, өйткені перспектива көрмейді. Алайда басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, мемлекет жағдай жасаса – ауылды қайта жаңғыртуға болады», – делінген депутаттық сауалда.
Халықаралық тәжірибе
Ресейде 2020 жылдан бері «Сельская ипотека» бағдарламасы жұмыс істейді. Ол бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге жылдық 3% мөлшерлемемен үй сатып алуға мүмкіндік берілген. Соның арқасында 100 мыңнан астам отбасы ауылдық жерде баспаналы болды. Әзербайжанда мемлекет ауыл үйлерін 4% несие арқылы тұрғызады.
Қазақстанда «Асыл мекен» бағдарламасы жүзеге аспады. Көптеген ауылда сатып алатын үй мүлде жоқ.
Депутаттар не ұсынды?
«Ауыл» және «Аманат» фракциялары Үкіметке мынадай ұсыныстар жолдады:
-
ауыл ипотекасын жылдық 1% мөлшерлемемен іске қосу;
-
мемлекеттік бағдарламалар мен МЖӘ арқылы ауыл тұрғындарына қолжетімді тұрғын үй салу;
-
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасын кеңейтіп, жаңа қолдау шараларын енгізу;
-
әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту (мектеп, медицина, жол, интернет);
-
фермерлік шаруашылықтарды, кооперацияны және қайта өңдеуді қолдау;
-
қазір елдің ауылшаруашылық өнімдерінің 70%-дан астамын өндіретін 1,5 млн жеке қосалқы шаруашылықты экономикалық айналымға тарту;
-
салалық Агробанк құру.
Сондай-ақ депутаттар маусымдық ауыл шаруашылық жұмыстарына шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын жеңілдетуді көтерді. Квоталарды ұлғайтып, өтінім қарау мерзімін екі айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқарту, ал мемлекеттік баж салығын жеке тұлғалар деңгейіне дейін төмендету ұсынылды.
Неге бұл маңызды?
Депутаттардың пікірінше, шұғыл шаралар қабылданбаса, Қазақстан жүздеген ауылынан айырылып, сонымен бірге ауыл өмірінің өзіндік болмысын, еңбек ресурстарын және азық-түлік қауіпсіздігін жоғалтады.
«Ауыл тұрғындары күн сайын қарапайым өмір сүру жағдайы үшін күреспеуі тиіс. Мемлекет оларға лайықты жағдай жасап беруге міндетті», – делінген үндеуде.
Конституциялық заңға сәйкес, Үкімет депутаттық сауалға белгіленген мерзімде ресми жауап беруге тиіс. Енді нақты шешім қабылдау – Премьер-министрдің қолында.
Шоқан Алмас