Munarmedia.kz. 18.09.2025 жыл /Астана/-Ақмола облысының Ерейментау қаласында өткен қазақша күрестен халықаралық турнир жас балуанның өмірін қиды. Ақтөбелік 15 жастағы спортшы белдесу кезінде ауыр жарақат алып, бірнеше күндік өмір үшін күрестен кейін бақилық болды. Бұл оқиға тек спорттағы қайғылы жағдай ғана емес, қоғамдағы жауапкершілік пен ұйымдастырушылық мәдениеттің қаншалықты әлсіз екенін айқын көрсетіп берді.
Ресми деректерге сүйенсек, турнир Перуаш Қаримұлының бастамасымен жүзеге асырылған.. Ұйымдастырушы тарап – «Ақжол» партиясы, ал іс-шара Ерейментау ауданы әкімдігінің бақылауында өтті. Бірақ ең бастысы – жарыс кезінде қауіпсіздік стандарттары толық сақталмағаны қоғам назарынан тыс қалмады. Арнайы медициналық қызметкерлер мен заманауи жабдықтар дер кезінде қарастырылмағаны, күрес төсеніштерінің талапқа сай болмағаны жөнінде сын айтылуда.
Осы орайда орынды сұрақ туындайды: неге аудан әкімдігі жауапкершілікті толық мойнына алмады? Неге ұйымдастырушылар спортшылардың өмірін қорғау үшін барынша шара қолданбады?
Тағы бір даулы жайт – жас балуанның өмірін қиған белдесудің алаш арыстарының есімімен байланысты турнирде өтуі. Қоғам тарапынан «бір баланың тағдырын қатерге тігетін жарысты алаш тұлғаларының рухымен байланыстырудың қаншалықты қажеті бар?» деген сұрақтар қойылуда. Бұл – тарихи мұраны саяси-ұйымдастырушылық деңгейде қалай пайдаланып жүргеніміздің көрінісі іспетті.
Бұл оқиға кездейсоқ апат емес, Қазақстандағы спорт саласындағы жүйелік кемшіліктерді ашып отыр. Біріншіден, жергілікті деңгейде өткізілетін жарыстардың қауіпсіздік нормаларына бақылау әлсіз. Екіншіден, жауапты тұлғалардың әрекетінде «қасіретке жол берілмес» деген сана мен алдын алу тетігі жеткіліксіз. Үшіншіден, мұндай жағдайлар орын алғанда нақты жауапкершілік жүктелмей, кінәлілер тасада қалып жатады.
Қазір қоғам Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтан суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан мырзаға қатаң шара қолдануды талап етуде. Ал «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтен түсініктеме күтуде. Қоғамдық санада «баланың қазасына кім жауапты?» деген сауалға нақты жауап болмайынша, мұндай қасіретті жағдайлар қайталануы мүмкін деген алаң бар.
Бұл оқиға – қазақстандық спорттағы қауіпсіздік мәселесіне салмақты сабақ болуы тиіс. Қайғылы жағдайлар жеке бір отбасын ғана емес, тұтас ұлттың ар-намысын жаралайды. Сондықтан қоғам әділеттілікті талап етуде: кінәлілер жауапқа тартылсын, ал спорттағы қауіпсіздік ережелері қағазда емес, нақты өмірде жұмыс істесін.