Munarmedia.kz 18.09.2025 жыл /Астана/-Қазақстанда 16 қыркүйектен бастап некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасаған Exclusive.kz хабарлады.
Қылмыстық кодекстің жаңа 125-1-бабына сәйкес, некеге кіруге мәжбүрлегендер айыппұлдан бастап түзету немесе қоғамдық жұмыстарға, бас бостандығын шектеуден бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылады. Санкциялар қылмыстың жағдайына қарай белгіленеді.
Мәселен, айыппұл көлемі 2000 АЕК-ке дейін (7,8 млн теңгеден астам) жетуі мүмкін, ал бас бостандығынан айыру мерзімі екі жылға дейін белгіленген. Егер мұндай әрекеттердің салдары абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, кінәлі тұлға бес жылдан он жылға дейін түрме жазасына кесіледі.
Ішкі істер министрлігі түсіндіргендей, қатаң жаза некеге мәжбүрлеу зорлықпен жасалғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты орын алғанда, тәуелділік жағдайын пайдалану арқылы, топ болып немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану арқылы жүзеге асқанда қолданылады.
Сонымен қатар, адамды ұрлауға қатысты баптарға да өзгерістер енгізілді. Бұған дейін жәбірленушіні өз еркімен босатқан адам қылмыстық жауапкершіліктен босатыла алатын. Енді бұл мүмкіндік алынып тасталды: адамды өз еркімен босатқан күннің өзінде қылмыскер заң бойынша жауапқа тартылады.
Мәжілісте осы түзетулерді талқылау барысында депутат Мұрат Әбенов соңғы үш жылда құқық қорғау органдарына «қалыңдық ұрлау» бойынша 214 шағым түскенін, бірақ соның тек 10-ы ғана сотқа жеткенін, қалған істер қылмыс құрамы болмағандықтан жабылғанын мәлімдеді.
Фото: Depositphotos.com