28.05.2025 жыл /Астана/ — Munarmedia.kz-АҚШ пен Иран арасындағы жаңа ядролық келісімнің көкжиегі барған сайын айқындала бастағанымен, бұл үдеріс Ресей үшін қос қырлы қылышқа айналуда. Мәскеу Теһранға салынған санкциялардың алынып тасталатынын құптай қоймайды, алайда келісімнің жүзеге асуы сөзсіз болса, оған белсенді қатысуға дайын.
АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп өзінің алғашқы мерзімінде Иранмен жасалған ядролық келісімді (JCPOA) бұзғанымен, қазір ол жаңа нұсқасын жүзеге асыруға шындап кірісіп отыр. Вашингтон Теһранмен бірнеше раунд келіссөз өткізіп қана қоймай, Иранға қойған көптеген талаптарынан бас тартқан.
Бұл жағдай Ресейді қиын таңдау алдында қалдырып отыр: бір жағынан, Иранмен стратегиялық одақтастығын сақтап қалу үшін келіссөздерді тежеп, оның оқшаулануына мүдделі болу, екінші жағынан, жаңа келісімге араласып, ықпалды делдал рөлін атқаруға ұмтылу.
Баяғы жартас — сол жартас
Трамптың Теһранмен жаңа ядролық келісім жасау әрекеті біраз таңқалдырғаны рас. Себебі, дәл осы Трамп 2017 жылы алдыңғы келісімнен біржақты түрде шығып, Иранға қарсы бұрынғы және жаңа санкцияларды қайта енгізген болатын. Ол кезде Вашингтон Теһраннан ядролық байыту бағдарламасынан, зымырандық әлеуетінен және аймақтағы прокси-тобына қолдау көрсетуден бас тартуды талап еткен.
Экономикалық күйзеліске қарамастан, Иран ол кезде келіссөз үстеліне отырудан бас тартқан. Дегенмен, «максималды қысым» саясаты сәтсіз аяқталып, Трамп енді прагматикалық бағытқа бет бұрды. Бұл тәсіл Йемендегі хуситтермен келісімге келуге және Сирияның жаңа билігімен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге алып келді. Тіпті, Израильмен арадағы қарым-қатынас та салқындай түсті — Трамп Таяу Шығысқа жасаған сапарында Израильге соқпаған.
Қазіргі келіссөздерде Трамптың Иранға қойған талаптары анағұрлым жұмсақ. Негізгі мәселе тек ядролық бағдарламаға қатысты — өңірлік қауіпсіздік немесе зымырандар тақырыбы талқыланып отырған жоқ. АҚШ-тың көздегені — Иран ядролық қаруға қол жеткізе алмайтынына кепілдік алу. Ал санкциялар алынуы мүмкін, себебі Конгрестің қос палатасында республикалықтар басым.
Келіссөздегі түйткілдер
Мәселенің өзегі — тараптардың бір-біріне сенімсіздігінде. Иран уран байытудан толық бас тартқысы келмейді, бірақ байыту деңгейін төмендетіп, Халықаралық атом энергиясы агенттігіне (МАГАТЭ) бақылау жасауға мүмкіндік беруге әзір. Обаманың кезінде жасалған келісімде бұл шектеу 4% деңгейінде болған. Ал АҚШ қазір Иранның байытудан толық бас тартып, ядролық отынды сырттан импорттауын талап етуде.
Иран бұл талапты қабылдауға дайын емес, бірақ келіссөздер жалғасуда. АҚШ-Израиль қарым-қатынасының нашарлауы және Иранға әскери шабуыл қаупінің төмендеуі — Теһранның позициясын нығайтып отыр. Дегенмен, Трамп әкімшілігінің тұрақсыздығын ескерсек, келісімнің болашағы әлі де бұлдыр.
Кремльдің ұстанымы
АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісім Ресейге стратегиялық дилемма тудырады. Мәскеу үшін Иранның оқшауланған күйде қалуы тиімді — бұл жағдайда Иран Ресейге тәуелді әрі сенімді серіктес болады. Санкциялар алынған жағдайда Теһранның саяси бағыты өзгеруі мүмкін.
Бұған қоса, иран мұнайы әлемдік нарыққа қайта шықса, Ресей үшін экономикалық қауіп артады. Мәскеу Иранды өзіне бәсекелес мұнай экспорттаушы ретінде көреді.
Дегенмен, келіссөздердің толық күйреуі де Ресей үшін қауіпті — АҚШ әскери жолға жүгінсе, Иран тұрақсызданып, босқындар ағыны мен азаматтық соғыс қауіпі туады. Бұл жағдайда Ресейдің Ирандағы көпжылдық инвестициялық жобалары күйреуі мүмкін.
Сондықтан Мәскеу үшін ең қолайлы нұсқа — келіссөздердің ұзаққа созылып, бірақ нақты нәтижесіз аяқталуы. Бірақ егер келісім сөзсіз болатын болса, Ресей оған қатысушы ретінде қосылып, процеске ықпал етудің жолын іздейді.
Делдалдық миссия
Иран мен АҚШ та Ресейдің қатысуына мүдделі. Теһран келісімнің бұзылмауына кепілдік беру үшін көпжақты форматты қолдайды. Сондықтан ол МАГАТЭ-ны, Қытайды, Ресейді, тіпті Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерін тартуға тырысуда.
Техникалық мәселелер бойынша да Мәскеудің рөлі ерекше. Бұрынғы келісімде Ресей Ираннан пайдаланылған ядролық отынды қабылдауға келіскен жалғыз ел болған. Қазіргі жағдайда да сол тәжірибе қайталануы мүмкін.
Иран байытылған уран қорының артық мөлшерін жоюы керек. Бұл миссияны Ресей ғана жүзеге асыра алады. Біріншіден, Ресейде қажетті инфрақұрылым бар. Екіншіден, Иран АҚШ тағы да келісімнен шықса, уранды Ресейден қайтару оңайырақ деп есептейді.
Мәскеу не ұтады?
Кремль үшін санкциялар алынуы белгілі бір қиындықтар туғызғанымен, Ресейдің АҚШ пен Иран арасындағы басты делдалға айналуы оның халықаралық оқшауланудан шығуына мүмкіндік береді. Бұл — Мәскеуге жаңа ықпал тетіктерін береді.
Алайда Ресей үшін ең ыңғайлы сценарий — келіссөздердің ұзаққа созылып, нақты нәтиже бермеуі. Яғни, бір жағынан Иранға соққы жасалмасын, екінші жағынан оған салынған санкциялар да алынбасын. Осындай тепе-теңдік Ресейдің мүддесіне толық сай келеді.
Munarmedia.kz | 28.05.2025 жыл /Астана/