Бүгін әлемжеліде Руслан Тусупбековтың жаңа жылдан кейін автокөліктің VIP- номеріне таласқан қазақтар туралы постын оқып, түйген ойымды менде жазайын деп шештім.
Мәселе VIP нөмірде емес.Қадірін жоғалта бастаған сана туралы сөз болмақ.Қазіргі қоғамда бір құбылыс пайда болды. Адам өзін дәлелдеудің ең оңай, ең арзан жолын таңдады. Еңбекпен емес, оймен емес, мінезбен емес – сыртқы белгімен, киіммен, көлікпен, тоймен, атақ, абырой, орден, медаль, зәулім үй т.б.Соның бірі «ерекше» автонөмір.Бір сәт ойланып көрейікші.Ақшамен алынған «ерекшелік» деген не?Бұл – дарақылық һәм надандық.Өз болмысынан, өз орнынан, өз қадірінен күмәнданатын адамның соңғы панасы-дарақылық, даңғойлық, сәнқойлық пен құр мақтан.«Элиталық» номер тағып, өзгеден ерекшелену, жоғары көрінуге талпыну бәзбіреулер үшін-мәдениет пен байлықтың биік шыңы болып көрінуі мүмкін.
Елден ерекше той жасау, қазақи салттан ауытқып, тыңннан сүрең салып, жаңалық ашу қазіргі қазақ қоғамының басты ауруына айналды.Ысырапшылдық, үнем, қарапайымдылық құр сөз боп қалды.Мейлі, ақшаң тасып тұрса ала бер. Бірақ одан не өзгерді? Бүгін ондай нөмірлер жүздеп, мыңдап көбейді. Ертең көшеде олардың бәрі бір-бірін жоққа шығарады. Өйткені қолдан жасалған «айрықша белгілер» көбейген сайын, оның салмағы нөлге теңеледі.Бұл – нарық емес.Бұл – психология.Бірі – «көзге түсу үшін», бірі «жұрттан кем қалмау үшін», бірі – «әзіл үшін» алды делік. Бірақ себептерінің бәрін біріктіретін бір ғана шындық ол даңғойлық пен дарақылық. Бұл туралы Абай атамыз «Мақтаншақтық – ақылдың емес, надандықтың серігі» деген еді.
👉 Бұл нақылымен Ұлы Абай мақтаншақтық – ішкі бос кеңістікті сыртқы айқаймен толтыру әрекеті деген философиялық ой тастап отыр.
Дарақылық пен мақтан рухани ауру.Мақтан – мәдениет емес.Дарақылық – сән емес.Сатып алынған бедел – бедел емес.Қазақ қоғамының трагедиясы да осында.
Біз әлі күнге дейін қадірді белгіден, абыройды атрибуттан, мағынаны сыртқы жылтырақтан іздейміз. Сол себепті бізде форма көп, мазмұн аз. Сырт көзге бәрі «керемет», ал ішіне үңілсең – бос кеңістік.Ең қауіптісі — бұл әдеттің қалыпты жағдайға айналуы.Адам өзін көрсету үшін енді ұялмайды.Қоғам да оны тоқтатпайды.Керісінше, қошеметтейді.Ал осы әлсіздікті дәл танып, соған есеп құрып пайдаға көміліп жатқандар жеткілікті.Олар ешкімді алдаған жоқ. Олар тек қоғамдағы дарақылар мен мақтаншақтарды пайдаланды. Нәтижесінде қоғам өзін өзі әшкереледі.Бұл жерде мәселе нөмірде де емес.Мәселе — санада.Өзін нөмірмен дәлелдейтін адам ертең ойымен, ұстанымымен, азаматтық позициясымен де дәлелдей алмайды. Өйткені ол ақшамен сөйлеуге үйренген ақымақ.Бірақ егер қоғам осы жолдан қайтпаса, бүгін нөмірге жүгірген сана ертең тағы бір жылтыраққа жүгіреді. Себебі сана өзгермесе алаяқтар оларға тағы да жаңа ойыншық іздеп тауып, ақымақтың ақшасын сыпырады.Бұл — диагноз. Астамшылық, дарақылық, мақтаншақтық қазақ қоғамын құрдымға жетелейді.Нәтижесінде қарапайымдылық, адамгершілік, мейірімділік деген ұғымдар кейіңге ысырылып, дарақы қоғамның күлкісіне айналады. Құндылық құриды, руханият күйрейді.Той жасасақ та, киім кисек те, көшеде жүрсек те қарапайымдылықты ұстанған қоғамды көріп өскен ұрпақтың басты қаруы ақыл, ой, білім мен еңбек, құрмет пен мейрімділік ғана болмақ.Сынап сөкпеңіздер. Өзім деп айтқаным. Көңілдеріңізге тисе кешірерсіздер!
фото Руслан Тусупбековтың парақшасынан алынды.