Атырау облысындағы отбасының қазасына күйеу баласы күдікті

41

Munarmedia.kz 10.01.2026 /Астана/ Атырау облысының Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректер белгілі болды. Төрт бірдей ересек адамның жоғалуына байланысты басты күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев танылып отыр. Бүгін ол ресми түрде іздеуге жарияланды.

Тергеу барысында күдіктінің анасы жауап берген. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ұлының қайда жүргені өзіне белгісіз. Анасының сөзінше, қараша айының басында Сұлтан келінін «емделуге апарамын» деп алып кеткен. Содан бері ол екеуін көрмеген. Күдіктінің жұбайы Ақбаян — қаза тапқандардың қызы — күйеуімен бірге кетіп, бір жасар баласын ауылда қалдырған.

Марқұмдардың туыстары күдікті туралы мынадай сипаттама береді:
«Үйленген, бес баласы бар. Тұрақты жұмысы болмаған. Мінезі тұйық, көпшіл емес, діндар. Ресми жұмыс істемесе де, үнемі ақшасы болатын. Жалпы қарым-қатынасымыз қалыпты еді».

Таныстарының айтуынша, бұл отбасы өте діндар болған, айналасындағылармен араласпай, жабық өмір салтын ұстанған. Үйден сирек шыққан.

«Отбасы ешкіммен араласпайтын, тұйық өмір сүрді. Бес баласы бар ана көзге көп түсе бермейтін, тіпті туыстары да оны сирек көретін. Бұл жағдай көпшіліктің күдігін тудырған. Ерлі-зайыптылардың ешқайсысы ресми түрде жұмыс істемеген», — дейді отбасыны танитын адам.

Расталмаған мәліметтерге сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев қазіргі уақытта Бали аралында жасырынуы мүмкін және марқұмдарға тиесілі банк карталары мен SIM-карталарды пайдаланған деген болжам бар.

Аталған дерекке қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.