Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Баяжума Асылбек. Молотов–Риббентроп келісімінен Дүниежүзілік соғыс басталған

140



Санкт-Петербургтегі Путиннің ата-анасының қабірінің маңына біреу дәптердің бетіне қолмен: «Ата-аналар, балаларыңыздың тарих сабағына көңіл бөліңіздер, сабақтан қалдырмаңыздар!» деп жазып кетіпті. Ресейдің полициясы мен Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) дереу іске кірісіп, хат қалдырған адамды анықтап, ұстапты. Белгілі болғаны – бұл адам зейнет жасындағы мектеп мұғалімі, тарих пәнінің оқытушысы екен. Тұтқындап, түрмеге қамап тастапты.

Кейбір деректерге қарағанда, ұсталған зейнеткердің есімі – Ирина Цыбанева, ол тарих пәнінің мұғалімі емес, мектептің есепшісі болған көрінеді және екі жылға бас бостандығынан айырылған. Қалай болғанда да, бұл туралы ресейлік ресми ақпарат құралдары нақты ақпарат бермей, шындықты жасырып отыр.

Тарихты бұрмалау – Ресей билігінің ғасырлар бойғы дәстүрі

Тарихты бұрмалау, оны өз ыңғайына қарай өзгертіп түсіндіру, әрі оны ресейлік халыққа шындық ретінде мойындатуға тырысу – Ресей билеушілерінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрі. Әсіресе, өздері бастаған соғыс, басқыншылық әрекеттерін ақтап алу үшін бұл әдісті үнемі қолданған. Путиннің жиі өтірік айтуы, басқыншылығын ақтауы, ойдан шығарылған қисындарды халыққа тықпалауы – Ресей тарихында жаңа құбылыс емес.

Бұған дәлел ретінде, бес жыл бұрын Жеңістің 75 жылдығына арналған салтанатты жиында Ресей президенті Владимир Путин жасаған баяндаманы келтіруге болады.

Баяндама атауы: «Ұлы Жеңістің 75 жылдығы: Тарих пен болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік»

Баяндама барысында Путин Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы жағдай мен соғыстың барысы, салдары туралы өз түсінігін ұсынып, жеке тұжырымдарын дәлелдеуге тырысқан. Баяндама басында ол Германияда нацистердің билікке келуінің басты себебін Версаль келісімінен көрген. Бұл – бұрыннан талқыланып жүрген пікір. Тіпті, сол кезеңде келісімге тікелей қатысқан экономист Мейнард Кейнс те бұл шарттар тым қатал екенін, кейін кек алуға себеп болатынын ескерткен еді.

Алайда Путин мұны не үшін сонша баса айтты?

Соғыста жеңілген Германия тұрмақ, соғыссыз-ақ күйреген Кеңес Одағына да Батыс тым ауыр талаптар қойғаны, бұл Ресей халқының ашуын тудыруда дегенді меңзеуі мүмкін. Бұрыннан айтылып келе жатқан "бейбіт жатқан аюды түртсең, ашуланады" деген Путиннің ертегіше үнемі айтып жүретін әңгімесін еске салады.

Ал Путиннің АҚШ пен Ұлыбритания Германия нацизмін қатты қолдады деген дәлелдері – жұмсақ айтқанда, күмәнді. Егер жекелеген, кездейсоқ фактілерді алып, жалпы саясатпен байланыстыра салсақ, онда АҚШ пен Ұлыбритания Кеңес большевизмін де ең күшті қолдаушылар болған деп айтуға толық негіз бар. Бірақ расында, Германия нацизмін ақсүйектер мен саяси элита ішіндегі радикалды, ұлтшыл топтар қолдағаны анық.

Бұл қазіргі кезде де қайталануда

Бүгінде де Батыстағы кейбір саяси-өнеркәсіптік топтар, радикалды, ұлтшыл қозғалыстар Кремльдің саясаты мен әрекеттерін ақтап, қолдап отырғаны соған ұқсас жағдай. Мысалы, Италия Эфиопияға, Жапония Қытайға шабуыл жасағанда, Австрияны Германия қосып алғанда Ұлттар Лигасы ештеңе істей алмағаны – рас. Бірақ кішкентай Финляндияға шабуыл жасап, жерін тартып алғаны үшін Кеңес Одағын Ұлттар Лигасынан шығарып жібергені де шындық.

Путиннің "соғысты Польша бастады" дегені – шын мәнінде күлкілі уәж

Польшаның Тешин аймағы бастапқыда Австро-Венгрия империясының құрамында болған, польшалықтар мен чехтардың аралас қоныстанған өңір еді. Версаль келісімі арқылы Чехословакия мен Польша мемлекеттері пайда болған соң, Тешин екіге бөлініп, екі елдің арасында даулы аймаққа айналған. Тіпті, 1919 жылы 23 қаңтарда шекаралық қақтығыс та болған.

Бұл қақтығыстың халықаралық сипат алып, Антанта елдері шекараны жаңа сызық бойынша қайта белгілегенімен, польшалықтар бұл шешімді мойындамаған. Осы жағдайды кейін Гитлер өз пайдасына пайдаланды. Бірақ екі кішкентай ел арасындағы шекаралық дау – әлемді отқа ораған соғысқа себеп болды деу – тым асырып айтқандық болар еді.

Көп ұлтты, көп тарихты өңірлердегі күрделі жағдай

Мысалы, қазіргі Словакияға тиесілі Кошице қаласы да XIII ғасырдан бері Еуропаның ең даулы аймақтарының бірі болған. Австро-Венгрия, Словакия, Чехия, Венгрия, Польша арасындағы даулар тоғысқан жер. Мұнда еврейлер де көп болған, тіпті неміс ықпалы да зор еді. 1941 жылы 26 маусымда Кошицені белгісіз ұшақтар бомбалады. Көптеген тарихшылар бұл шабуылды Кеңес Одағы ұйымдастырған деп санайды. Дәл осы оқиға Венгрияны соғысқа итермелеп, Кеңес Одағына соғыс жариялауға себеп болды.

Поляк халқы Германия мен Ресейдің ортасында ғасырлар бойы жаншылып келген. Олар екі алып көршінің ара-қатынасын реттеп, бейтарап қалуға тырысқан. Германиямен шабуыл жасаспау жөнінде келісімге келгені рас. Бірақ дәл сондай келісімді 1934 жылы Кеңес Одағымен де жасаған. Польша сыртқы істер министрі Юзеф Бек «Біз немістермен соғыссақ, жерімізден айырыламыз, ал орыстармен соғыссақ, жанымыздан айырыламыз» деген екен. Оның үстіне Чехословакиямен Тешин үшін ара-қатынасы бұзылған-ды. Бұл жағдайды Гитлер шебер пайдаланып, Чехословакияны жаулап алған соң Тешинді Польшаның қолына оңай ұстатқан.

Сонда Польшаның соғысты бастағаны рас па?

Олай болса, Сталин де Гитлер берген "сыйлық" – жарты Еуропаны қуана қабылдамады ма? Путин айтқандай, Мюнхен келісімі арқылы Англия мен Франция Германиямен ауыз жаласып, соғысты әдейі бастағаны шындыққа жанаса ма? Бұл келісім – батыс елдерінің диктаторлық режимге мойынсұнған масқара келісімі болатын. Чехословакияның Судет аймағын Германияға бергені – Гитлерді тыныштандырып, бейбітшілік орнатамыз деген аңғал саясат еді. Олар үшеулеп бірігіп, Чехияны бөліскен жоқ.

Гитлер Судет аймағын қосып алған кезде, ірі державалардан рұқсат сұраған түр көрсеткен. Ал Путин Қырымды аннексиялаған кезде кіммен келісім жасады? Ол Қырым бұрын біздің жеріміз еді дейді. Бірақ Қырымда бұрын гректер, скифтер, римдіктер, византиялықтар, түріктер, моңғолдар, орыстар – бәрі болған. Путин Украинада төңкеріс болды, сондықтан Қырымды өзімізге қостық дейді. Мұны орыстар «нахальство» деп атайды.

Мюнхен келісімінен соң Англияның премьер-министрі Чемберлен қатты қуанып, «бейбітшілік орнайды» деп жар салған еді. Бұл – аңғалдық. Ал оның орнын басқан Черчилль: «Гитлер тозаққа қашып кірсе де, артынан барып, шайтандармен одақтасып болса да, оны құртамын» деген екен. Мұндағы «шайтан» – бәлкім, Сталин болар...

Путиннің айтқанындай, Батыс тек екіжүзді болды ма?

Путин Батыс елдері (Англия, Франция) Гитлерге қарсы одақ құрудан жалтарып, екіжүзділік танытты, ал тек КСРО ғана қарсы тұруға тырысты дейді. Бірақ сол кездегі Мәскеудегі келіссөздерде кеңестік делегацияны басқарған Ворошилов екіжүзділік танытып, Польшаның қызыл армияны өз жері арқылы өткізуден бас тартуын сылтау етіп, Молотов–Риббентроп пактісін жасасуға уақыт ұтып жүрген.