Баяжума Асылбек. Орталық Азия неге Трамптың назарына ілінуге тырысады

84

Munarmedia.kz 08.10.2025 /Астана/-Қазіргі таңда Орталық Азия үшін Трамп әкімшілігімен жұмыс істеу бұрынғы кез келген америкалық үкіметке қарағанда әлдеқайда қолайлы. Вашингтонның назарын аудару үшін енді демократиялық реформалар немесе Мәскеуден алшақтаған ұстаным көрсету міндет емес – жеткіліктісі бизнес-қызығушылық пен инвестициялық әлеует.

Соңғы жылдары Орталық Азия әлемдік державалардың ерекше қызығушылығына ие болды. Ресей мен Қытайдың белсенді ықпалын бәрі үйреншікті құбылыс ретінде қабылдағанымен, АҚШ тарапынан арта түскен назардың себебі көбірек сұрақ тудырды.

Көпшілік Трамптың билікке қайта оралуы аймаққа қызығушылықты бәсеңдетеді деп болжаған. Өйткені АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетіп, жаһандық демократиялық реформаларды қолдаудан бас тартқан болатын. Бірақ олай болмады — Трамп жиі Қазақстан мен Өзбекстан туралы оң пікір білдіріп, олардың басшыларымен жеке сөйлесіп, кездесуге уәде беріп жүр.

Мұндай жылы шырайдың артында тек дипломатиялық әдеп емес, миллиардтаған долларлық келісімдер тұр.

Орталық Азия елдері Трамптың екінші президенттік мерзімінде жаңа тәсіл іздеуге мәжбүр болды. Бұрын аймақ АҚШ үшін Қытаймен бәсекенің бір бөлігі болса, қазір жағдай өзгерді.

2021 жылы Байден әкімшілігі Ауғанстаннан әскерді шығарып, 20 жылдық америкалық қатысуды аяқтады. Ал 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі АҚШ пен Орталық Азия арасындағы жаңа ынтымақтастық форматтарына жол ашты: президенттік деңгейдегі С5+1 саммиті, B5+1 бизнес-форумдары, сирек металдар бойынша серіктестік және жұмсақ үнді реформалар талқылауы.

Алайда Трамп билікке қайта келгеннен кейін бұл бағыттар біраз бәсеңдеді. Ақ үй Байден дәуірінің бастамаларын жаппай жоюға кірісті. Осы тұста аймақ елдері де риторикасын өзгертті: енді демократиялық реформалар емес, Трамптың бастамаларына қолдау көрсету – негізгі дипломатиялық құралға айналды.

Бұрын Орталық Азия елдері Вашингтон алдында реформаларды, гендерлік саясатты немесе азаматтық қоғамның дамуын көрсетуге тырысатын. Енді бұл тақырыптардың орнын экономикалық мәмілелер мен бизнес серіктестік басты.

Мәселен, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Трамптың “Радио Свобода” мен “Голос Америки” секілді медиахолдингтерді жабу шешімін ашық қолдады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та USAID қызметін сынға алып, “көп елге ондаған жылдар бойы демократиялық құндылықтар желеуімен сыртқы ұйымдар өз істеріне араласты” деп мәлімдеді.

Климат тақырыбына келсек, Трамптың жаһандық жылынуға скептикалық көзқарасы Тоқаевтың риторикасына да әсер еткен сыңайлы – енді ол бұл процесті “үлкен алдау” деп атайды.

Трамп әкімшілігіне ықпал етудің ең тиімді тетігі – ірі қаржы және инвестициялық келісімдер. Мысалы, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Трамппен қысқа кездесу өткізіп, $105 млрд инвестиция туралы айтқанда, Трамп әзіл-шыны аралас “Бес минуттық кездесуге тұрарлық сома екен” деген.

Ташкенттің бұл “бес минуты” тегін болмады: Өзбекстан Boeing компаниясынан $8 млрд-қа 22 ұшақ сатып алуға келісті. Ал Қазақстанның Wabtec компаниясымен $4,2 млрд-қа 300 локомотив алу келісімі Ақ үй үшін онша әсерлі көрінбеді.

Кейін президент Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай екі ел басшыларының қол алысқан суретін жариялады, бірақ ол делегациялар кездесуінен емес, ресми кешкі фотосессиядан болғаны анықталды. Бір қызығы, осы сапардан кейін АҚШ-тағы Қазақстан елшісі Ержан Ашықбаев пен СІМ басшысы Мұрат Нұртлеу қызметінен босатылды.

Миллиардтаған доллар деп жарияланған келісімдердің көпшілігі – формалды, символдық сипаттағы құжаттар. Мысалы, Wabtec зауыты Қазақстанда 27 жылдан бері жұмыс істеп келеді және жылына орта есеппен 25 локомотив шығарады. Жаңа келісім бұл көрсеткішті небәрі бес бірлікке арттырмақ.

Сол сияқты $8 млрд-тық Boeing келісімінің нақты бөлігі әлдеқайда аз – көп бөлігі болашақта сатып алу құқығын беретін опциондар ғана.

Алайда мұның бәрі Вашингтонның назарын аудару үшін жеткілікті. Орталық Азия үшін бастысы – нақты инвестиция емес, саяси символизм: “АҚШ бізге мән беріп отыр”.

Аймақ елдері үшін Трамптың назары – сыртқы саясаттағы көпвекторлылықтың жаңа формасы. Қытай мен Ресей арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін АҚШ қатысуы қажет. Себебі дәл Вашингтон ғана Мәскеу мен Пекинге салмақты балама бола алады.

Бүгінгі таңда Орталық Азияға Қытай мен Ресейдің ықпалы айқын. Бірақ Трамптың “бизнес арқылы геосаясат жүргізу” тәсілі аймақ елдеріне жаңа мүмкіндік беріп отыр: геосаяси ойынға белсенді қатысып, өз беделін арттыру.

Жыл соңына дейін белгілі болады — бұл дипломатиялық белсенділік өзін ақтай ма, жоқ па. Себебі 2025 жыл — С5+1 форматындағы серіктестіктің мерейтойы. Ташкент пен Астана Ақ үйді дәл осы датаға орай өздерінде саммит өткізуге шақырып отыр. Егер Трамп бұл шақыруды қабылдаса, ол тарихта Орталық Азияға келген алғашқы АҚШ президенті болмақ.

Ал егер сапар жүзеге аспаса да, аймақ өз мақсатына ішінара жетті: Ақ үйдің есігі ашылды, ал Ресей мен Қытай Трамппен жаңа парақ ашқан Орталық Азияның енді геосаяси тығырықта отырмағанын көрді.