Munarmedia.kz 08.10.2025 /Астана/-Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкім шығарды.
Сот үкіміне сәйкес, бұрынғы офицер пара алу, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру, және қызмет бабындағы әрекетсіздік баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Манат Сарбасовқа 12 жыл бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру, сондай-ақ подполковник әскери шенінен айырылу жазасы тағайындалды.
Сот шешімімен оның пәтері мен автокөлігі тәркіленді, ал өзі 70 миллион теңге көлеміндегі параны мемлекетке өтемақы ретінде қайтаруы тиіс.
Бұл іс бойынша өзге тұлғалар да сотталды: кейбірі 1 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, бірқатары жазаның жеңілдетілген шараларына немесе амнистияға іліккен.
Бұл үкім — соңғы жылдары қауіпсіздік құрылымдарындағы жемқорлық фактілеріне қарсы күрестің нақты көрінісі. ҰҚК қатарындағы шенділердің жауапқа тартылуы қоғамға бір айқын белгі беріп отыр: заң алдында ешкімнің де артықшылығы жоқ.