Украинадағы Ресейдің әскери арнайы операциясы төртінші жылына аяқ басып, екінші айға жалғасуда. Осыған байланысты ақпараттық теңгерімді сақтау мақсатында украиналық Freeдом ТВ арнасы, әскери сарапшы Роман Свитан, журналист Даша Счастливая, саясаттанушы Кирилл Сазонов және Еуропарламент депутаттарының пікірлерін ұсынамыз. Бұл материалда Munarmedia.kz сайтының ресми ұстанымы қамтылмаған.
Үш жылдан астам уақыт бойы жүргізілген соғыста Ресей «Украинаны нацизмнен тазартамыз, оның әскери күшін толық жоямыз» деген мақсаттарының 1%-ын да орындай алмады. Керісінше, ол миллионға жуық сарбазынан айырылып, кәсіби армиясының негізгі тірегін әлсіретіп алды. Соған қарамастан, Путин әдеттегі сөзін қайталаумен келеді: «Барлығы жоспар бойынша!» («Всё идёт по плану!»). Кремльдің үгіт-насихаты қағаз жүзінде әлдеқашан жеңіске жеткендей көрінгенімен, шынайы жағдай мүлде басқаша.
АҚШ-тағы Трамптың саяси шешімдері Еуропаны одақтастарының қатарынан шығарып жіберуі мүмкін. Осыған байланысты еуропалықтар жаңа стратегия әзірлеуге кірісті. Еуропарламенттің бір депутаты:
"Еуропалық Одақта 450 миллион адам өмір сүреді, біз 340 миллион америкалыққа тәуелді бола алмаймыз. Тіпті, 140 миллион ресейліктерден қорғану үшін АҚШ-қа үміт артып отыруымыз қажет емес. Украинадағы 38 миллион халық 140 миллион ресейліктерге төтеп беріп отыр. Демек, Еуропаны қорғау жауапкершілігін өзімізге алуымыз керек", – деп мәлімдеді.
Ресей өзіне жау санайтын мемлекеттерге жылдар бойы гибридтік соғыс жүргізеді. Онда нақты фронт пен оқ ату шебі жоқ. Сондықтан Германия үкіметінің жаңа басшысы бұл туралы жиі ескертіп, еуропалықтарды сақ болуға шақырады.
Ресейдің гибридтік шабуылы бірнеше кезеңнен тұрады. Украинадағы жағдайды мысалға ала отырып, украиналық әскери сайт бұл кезеңдерді төмендегідей сипаттайды:
-
Ақпараттық соғыс – БАҚ арқылы және әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату. Бұл ел ішіндегі халықты екіге бөліп, қоғамдағы тұрақсыздықты арттыруға бағытталады. Одан кейін кибершабуылдар күшейтіледі.
-
Әскери күш жинақтау – Ресей әскери бөлімдерін шекараға жақын орналастырып, қысымды күшейтеді. Сонымен қатар, кибершабуылдар, спутниктерді істен шығару, атом электр станцияларына соққы жасау сияқты әрекеттерді жүзеге асырады.
-
Әуе соққылары – қарсы елдің стратегиялық нысандарына әуеден соққы жасайды.
-
Толық масштабты басып кіру – Ресей әскері құрлықтан, әуеден және теңізден шабуыл жасайды.
Бұл сценарий 2014-2022 жылдардағы оқиғаларды толық сипаттайды. 2022 жылдың ақпанында Ресей Украина әскери инфрақұрылымына жойқын соққылар жасап, тез беріледі деп күтті. Олар украиналықтар "азат етуші әскерді" гүл шоқтарымен қарсы алады деп ойлады. Бірақ бұл есептері толығымен қате шықты.
Украина ауыр қару-жарақсыз қалғанымен, қарапайым азаматтарға қару таратылды. Біз олардың молотов коктейлі мен Калашников автоматы ғана бар күйде Ресейдің "екінші ең қуатты армиясына" қарсы тұрып, беріспегенін көрдік. Ал бүгінгі таңда украиналық армия әлемдегі ең мықты он әскердің қатарына қосылып, Ресейге тегеурінді қарсылық көрсетіп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, соғыс қару-жарақтың қуатына ғана емес, халықтың бірлігіне, табандылығына және ұлттық құндылықтарына да байланысты. Бірақ Путин мұны әлі түсінбеген сыңайлы, соның кесірінен өзі де, өзгелер де зардап шегуде.
Ресей армиясының әлсіреуі
2022 жылы Украинаға басып кірген Ресей армиясы 170-200 мың кәсіби жауынгерден тұрды. Олардың көбісі 5 жылдан 15 жылға дейін әскери дайындықтан өткен таңдаулы сарбаздар болатын. Бірақ 2024 жылға қарай бұл әскер түгелдей дерлік жойылды. Бүгінде Ресейдің кәсіби әскері жоқ, тек адам ресурсының көптігі мен артиллериялық атыс күшінің артықшылығы арқылы соғысты жалғастырып отыр. Бірақ бұл әдіс Украина қарулы күштерін жеңуге жеткіліксіз.
2024 жылдан бастап Ресейдің әуе қорғаныс жүйесіндегі әлсіз тұстары айқындала түсті. Украина бір уақытта 200 дронды Ресейдің "әуе қорғаныс қалқаны" арқылы өткізіп, стратегиялық нысандарына соққы жасай алатын деңгейге жетті.
Энгельс әскери базасы үлкен қауіпке тап болды. Ресейдің ауыр бомбалаушы ұшақтары, ФАБ, КАБ және қанатты зымырандарға арналған қоймалар бірнеше күн бойы өртеніп, жарылыстар болды. Тіпті, Ту-95 және Ту-160 ұшақтарына арналған Х-555 және Х-101 зымырандарының қоры да сарқылып барады.
Кубаньдағы мұнай өңдеу зауыттары, Қырымдағы әскери нысандар күн сайын шабуылға ұшырауда. Ресейдің әуе қорғаныс жүйелері, соғыс кемелері мен тікұшақтары бірінен соң бірі жойылып жатыр.
Белгород облысы өткен жылғы Курск облысының тағдырын қайталайтыны болжануда.
Соғыстың нақты нәтижелері
Украина 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Ресей әскеріне 2022 жылдың он айындағы шығыннан да көп зардап шектірген.
Ресейлік БАҚ Курск маңында украин сарбаздарын қоршауға алды деген мәлімет таратқанымен, АҚШ барлау қызметі мұны жоққа шығарды. Шын мәнінде, бұл тек пропаганда.
Купянск пен Лиман бағыттарында Ресей әскері "тактикалық жеңіс" деп мәлімдегенімен, бұл ұзақмерзімді артықшылық беретін жеңіс емес. Харьков бағыты бойынша айтарлықтай ілгерілеу байқалмады. Запорожье мен Донбаста ресейліктер айтарлықтай жетістікке жете алмады.
Донецк бағыты – Ресей үшін ең қиын учаске. Курсктен қосымша күш күтіп отырғанымен, Торецк пен Часов Ярға жасалған шабуылдар сәтсіз аяқталды.
Украина армиясы 2022 жылы жойылуы тиіс еді, егер Ресейдің болжамдары рас болса. Бірақ бүгінгі шынайы жағдай мүлде басқа. Украина берілмеді, керісінше, күшейіп келеді.
Ресей тарихында сарбаздардың өз командирлерін өлтіруі қайта басталғаны туралы мәліметтер тарады. Z-арналарындағы кейбір ақпарат көздері бұл құбылысты 1917 жылғы революцияға ұқсатып отыр.
2023 жылдың күзінен бері Кремль армияға "Тек алға!" деген бұйрық беріп келеді. Бірақ бұл стратегия көптеген сарбаздың қаза болуына әкеліп соғуда. Енді кейбір әскери бөлімдер өз командирлерін өлім жазасына кесіп жатқан көрінеді.
Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, Ресей армиясы ішінен күйреп, әскери сот жүйесі майдан даласында жұмыс істей бастау қаупі бар.
Ресей жеңбейді, ал Украинада жеңіске жетуге мүмкіндік жоқ деген пікір қате. Егер бұл рас болса, Украина әлдеқашан жеңілген болар еді. Бірақ қазіргі жағдай керісінше.